Қарашығанақ дауынан Қазақстан 4 миллиард доллар өтемақы алуы мүмкін

Лондондағы халықаралық төрелік сот Қарашығанақ мұнай-газ кен орнын игеріп отырған акционерлер мен Қазақстан Үкіметі арасындағы дауға қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қарашығанақ дауынан Қазақстан 4 миллиард доллар өтемақы алуы мүмкін Фото: kmg.kz

Бұл туралы Bloomberg агенттігінің жазуы бойынша, сот шешіміне сай, акционерлер Қазақстан тарапына 2-4 миллиард доллар көлемінде өтемақы төлеуі ықтимал. 

Өйткені, төрелік сот Қазақстан үкіметінің ұстанымын негізді деп таныған. Бұған дейін Астана "Қарашығанақ жобасындағы серіктестерді өнімді бөлу туралы келісім аясында өтелмеуі тиіс шығындардың бір бөлігін заңсыз түрде өтеген" деп айыптаған болатын.

Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, өтемақының нақты сомасы әзірге белгісіз. Десе де, тәуелсіз заңгерлер оның көлемі 4 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сонымен қатар, акционерлердің сот шешіміне шағым түсіруге құқығы бар. Сондықтан, бұл процесс әлі ұзақ уақытқа созылуы да ықтимал. 

Бұл шешімді Қазақстанның жартылай ғана жеңісі деуге болады. Себебі, Үкімет бастапқыда акционерлерден 6 млрд доллар көлемінде өтемақы талап еткен. Аталған іс бойынша сотқа арыз 2023 жылы берілген еді. 

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан үкіметі Қашаған кен орнына қатысты акционерлермен дәл осыған ұқсас тағы бір дауды қаратып жатыр. Бұл жолы талап етіліп отырған сома 160 миллиард долларды құрайды.

Бұған дейін энергетика министрі Ерлан Аққенженов Қарашығанақ ісі бойынша шыққан сот шешімі Үкімет пен акционерлер арасындағы келіссөздерге "қосымша тұздық" болатынын мәлімдеген еді.

Қарашығанақ кен орнын игерумен айналысатын "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" консорциумының акционерлері қатарында Eni (29,25%), Shell (29,25%), Chevron (18%), "Лукойл" (13,5%) және "ҚазМұнайГаз" (10%) бар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу