Парижге барғандар "француздардың емес, құдды африкалықтардың бір елі іспетті" деуі бекер емес, шамасы еуропалықтар қайтадан ұлттық тұтастық жайына көңіл бөле бастаған секілді. Енді еуропалық елдер өз аумағынан тыс жерде миграциялық орталықтар салмақ.
Таяуда кәрі құрлық елдері миграцияны бақылауға және заңсыз мигранттарды депортациялауды жеңілдетуге қатысты бірқатар заң жобаларын мақұлдады. Атап айтқанда, одақ мемлекеттері Еуропадан тыс жерде миграциялық орталықтар салып, екіжақты келісімдер негізінде мигранттарды үшінші елдерге қайтара алады. Брюссельде мигранттарды жедел тәртіппен депортациялауға болатын "қауіпсіз елдер" тізімі де бекітіліп қойған.
Данияның иммиграция және интеграция істері жөніндегі министрі Расмус Стоклунд айтуынша, бұл бастаманың құқықтық негіздері жасалып үлгерген.
– Енді ЕО мемлекеттеріне үшінші елдермен бірлесіп қабылдау орталықтарын және басқа да осындай шешімдерді құруға мүмкіндік беретін құқықтық негіз бар. Бұл қазіргі баспана беру жүйесінің кемшіліктерін өзгерту үшін аса маңызды. Біз бұл жүйенің жұмыс істемейтіні, көмекті дұрыс адамдарға көрсетпейтіні, ал шын мәнінде мұқтаж жандарға қолдау жетпейтіні, Еуропадағы миграцияны бақылай алмай жүргеніміз туралы көп жылдар бойы айтып келеміз. Сондықтан біз маңызды қадам жасадық, – деген ол.
Сондай-ақ Еуроодақ елдері 2026 жылға арналған "миграциялық ынтымақтастық пулы" жөнінде де келісімге келді. Демек, миграциялық блоктар қайта бөлінеді. Жағдайы ауыр саналатын Грекия, Испания, Италия және Кипрден 21 мың мигрантты басқа елдерге қоныстандыруға болады, оған 420 млн еуро бөлінбек.
Негізі бұл бастапқы жоспардан аз. Еурокомиссия жыл сайын кемінде 30 мың мигрантты қоныстандырып, 600 млн еуро қажет деп есептеген болатын. Оның аясында қоныстандыру, қаржылай жарна төлеу, қызметкерлерін жіберіп, қабылдау орталықтарын салуға жәрдемдесу шаралары бар. Әр елге халқының саны мен жалпы ішкі өнімінің көлеміне байланысты мигранттар бөлінеді.
Әзірге 4 ел – Аустрия, Польша, Хорватия және Чехия "ауыр миграциялық жағдайға тап болды" деп танылып, қоныстандыруға арналған жарналардан және қаржылық үлес қосудан толық босатылды.
Бірақ қазір әр мемлекеттің нақты міндеттемелері жарияланған жоқ, 16 желтоқсанда болатын соңғы бекітілуден соң анықталады. Дегенмен Еуроодақтағы көп ел қаржылай жарна енгізу жоспарын құптағанға ұқсайды.
Кәрі құрлық елдерінің осындай сақтыққа әрі игілікке құрылған амал-әрекетіне қарамастан, таяуда арада мигранттар толқынынан толық арыла алмауы мүмкін. Бұған ресейлік позицияны жақтаушы елдердің бірі әсер етіп отыр.
Беларусь те Еуропа елдеріне миграция жағынан қысым көрсетіп отырған мемлекет саналады. Еуроодақ елдері, әсіресе Польша, Литва және Латвия "Беларусь мигранттарды ЕО шекарасына бағыттап, сол арқылы одаққа саяси қысым жасап отыр" деп айыптайды. Яғни, "гибридтік шабуыл", "миграцияны саяси құрал ретінде пайдалану" ретінде сипатталады.
Бұл айыптауларды негізсіз деп те айта алмаймыз. Мәселен, 2021 жылдан бері Беларусь арқылы көптеген мигранттар Польша, Литва және Латвия шекарасына жетуге тырысып, ұсталып жатыр.
Еуроодақ осылай әуреге түсіп, сақтық пен гуманитарлық қолдау жүйесін тең атқаруға тырысып жатқанда санкция шырмауында отырған Ресейге еңбек күші жетіспей, Үндістаннан 5 млн мигрант кіргізу мәселесін ойластыруға көшті.