Кәрістер өкшелеп келеді

2005

Универсиаданың соңы жақындаған сайын кәрістер жалпы командалық есепте ұлттық құрамамызға таяп келеді.

Кәрістер өкшелеп келеді

Өткен тәулікте Қазақстан спортшылары қоржынымызға төрт медаль салды. Алдымен шаңғышы Сергей Малышев, Виталий Пухкало, Ринат Мухин және Олжас Климин "Алатау" биатлон-шаңғы спорты кешенінде өткен 7,5 шақырымдық эстафетада күміс медаль иеленді. Алтын тағы да Ресейге жол тартты.

Бұл эстафетада айтарлықтай ұмтылыс көрмедік, әйтеуір орыстардан қалмай, ілесіп отырсақ болды дегендей әсер қалдырды. Тек көрермендер көп жиналған меже алаңына жақындағанда ғана тырысып, таласқандай күй танытты. Сірә, екінші келу маңдайға жазылған болар. Әйтеуір күміс алды деп жар салып жатамыз, жарысты көрмей, ести салған құлаққа жағымдырақ естіледі.

Анна Шевченко, Ольга Мандрика және Ирина Быкова да 3×5 шақырымдық эстафетада күміс медаль иеленді. Бұл жерде ресейлік қыздарға шамалары жетпейтіні анық көрініп тұрды. Өйткені командамызда ең үздік саналатын Анна Шевченконың өзі жекелей сайыста 3-орыннан аса алмай келе жатқанын көріп жүрміз. Сол үшін де қыздар күміспен күптелді деп мақтанышпен айта аламыз.

Шорт-тректен біздің бапкерлер көп медаль күткен болатын. Медальдер түсіп жатыр, алайда алтын бұйырмай тұр. 500 метрлік бәсекеде қазақ жігіттері жарады. Абзал Әжғалиев небір жапон-кәріс шеберлерінің алдын орады. Финалда алтынға бір қадам жетпей қалды. Дегенмен күміс медаль мұндай бәсекеде алтынмен тең десек, осы жарысты көрген жанкүйерлер келісетін шығар. Абзалдың жеңіске деген құштарлығы оттай жанған көзінен-ақ көрініп тұрды.

Дмитрий Никишаның да осы күні бағы жанды. Тамаша өнер көрсетті. Ол тартысты бәсекеде 3-орынды иеленді. Жарыстан кейін Дмитрий Никиша өз ойын былай жеткізді: "Бүгін мен құлап қалдым. Жарыс басталысымен қытайлық жігіт алдыма шығып алды да, мен тоқтап қалдым. Осы сәтте кәріс конькишісі мені артымнан итеріп жіберді. Ал мен қытай спортшысына соқтығыстым. Сөйтіп кәріс екеуміз құладық. Қытай жігітіне жаным ашыды, оның кінәсі жоқ бұл жерде, не үшін оны жарыстан шеттеткенін түсінбедім. Ереже бойынша бұрылысқа дейін спортшылар арасында қақтығыс болмауы керек. Егер үшінші фишка аумағында құлаған болса, онда спортшылар жарысты қайта бастауы керек. Ал төрешілер өкінішке қарай басқаша шешім шығарды", – деп күрсінді Никиша.

Қалай десек те, енді еш нәрсені өзгерте алмаймыз. Бастысы, біздің жігіттер бір күміс, бір қола жүлдені жеңіп алды. Айта кету керек, біздің осы шорт-трекшілеріміз Универсиада аяқталмай жатып, әлем кубогына қатысу үшін Минскіге жолға шығады.

Жаңа ғана Галина Вишневская алтын медаль жеңіп алды. Масс-стартта алдына жан салмай, украиналық Яна Бондарьді артқа тастады. Орыс қызы Куклина үшінші келді. Елизавета Бельченко мен Дарья Усанова 4-5 орындарды бөлісті. Сөйтіп Галина Вишневская екі дүркін Универсиада чемпионы атанды.

Сонымен Қазақстан медаль көрсеткіші жөнінен әзірге екінші орнын сақтап тұр. Спортшыларымызға қалған екі күнде сәттілік тілейміз.

Сейсенбі күні "Алматы Арена" стадионында кёрлингтен әйелдер мен ерлер алтын жүлдені сарапқа салады.

"Шымбұлақ" спорт кешенінде слаломнан бәсекелер өтеді. Ер және әйел фристайлшылар ски-кросс жарысынан ақтық сынға түседі. "Табаған" спорт кешенінде сноубордшылар биг-эйрден финалдық жарыста бақ сынайды.

Сонымен қатар бүгін "Алатау" спорт кешенінде биатлоншылар масс-стартқа шығып, ерлер және әйелдер алтын жүлдеге таласады. "Халық аренада" шайбалы хоккейден жартылай финалдық матчтар өтеді.

Жарыстарды ұйымдастырушылардың хабарлауынша, ауа-райының қолайсыздығына байланысты, кей жарыстар кейінге шегерілуі мүмкін.

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу