Карло Анчелотти – Бразилия құрамасының бас бапкері

189

Футбол державасы жаңа дәуірге аяқ басты.

Карло Анчелотти – Бразилия құрамасының бас бапкері

Әлем футболының алыптарының бірі – Бразилия құрамасы өзінің болашағын тәжірибелі еуропалық маманға сеніп тапсырды. Бразилия футбол конфедерациясы (CBF) ресми түрде Карло Анчелоттидің ұлттық құраманың бас бапкері болғанын жариялады. Италиялық маман 2026 жылғы әлем чемпионатына дейін команданы жаттықтыратын болады.

CBF президенті Эдналдо Родригес бұл тағайындауды жай ғана стратегиялық шешім емес, бүкіл әлемге жасалған үлкен мәлімдеме деп атады:

"Анчелоттиді ұлттық құраманың тізгінін ұстауға шақыру бұл біздің ең биік шыңдарды қайта бағындыруға деген ниетіміздің айғағы. Ол футбол тарихындағы ең ұлы бапкер, енді ол әлемнің ең ұлы командасын басқарады. Біз бірге бразилиялық футболдың жаңа парақтарын жазамыз", Эдналдо Родригес.

65 жастағы Карло Анчелотти қазіргі уақытта мадридтік "Реал" клубының бас бапкері қызметін атқарып келеді. Ол бұл лауазымға 2021 жылы қайта оралған еді. Бұған дейін де, 2013-2015 жылдар аралығында осы клубты жаттықтырған.

Бразилия құрамасы соңғы жылдары әлемдік аренада бұрынғы үстемдігін қайтара алмай келеді. Анчелоттидің келуімен ұлттық команда жаңа стиль мен жаңа тәртіпке көшеді деп күтілуде. Жанкүйерлер де, сарапшылар да бұл қадамды оң бағалап отыр.

Бразилия бес дүркін әлем чемпионы. Енді олардың алдағы мақсаты 2026 жылғы мундиальда алтыннан алқа тағу. Бұл жолда Анчелоттидің тәжірибесі мен тактикалық шеберлігі шешуші рөл атқарары сөзсіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу