Әлем футболының аңыз тұлғаларының бірі Карло Анчелотти жақын арада Бразилия ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне кіріседі. Бұл туралы бірнеше беделді БАҚ ресми түрде хабарлады.
Қазіргі таңда мадридтік "Реалдың" тізгінін ұстап отырған Анчелотти 2024-2025 маусымының соңында корольдік клубтан кетіп, ресми түрде Бразилия құрамасының жаттықтырушысы қызметіне тағайындалмақ.
Бразилия футбол конфедерациясы (CBF) италиялық маманмен келіссөздер ұзақ уақыт бойы жүргізілгенін және екі тараптың да өзара келісімге келгенін растады.
65 жастағы Анчелотти – әлемнің ең титулды бапкерлерінің бірі. Оның басшылығымен "Милан", "Реал", "Челси" және "Бавария" сияқты алып клубтар ұлттық және халықаралық аренада сан мәрте жеңіске жеткен. Анчелотти 5 рет Чемпиондар лигасын бапкер ретінде жеңіп алған жалғыз бапкер.
Бразилия құрамасы соңғы жылдары халықаралық аренада күткен нәтижелерге жете алмай келеді. 2022 жылғы әлем чемпионатында ширек финалда Хорватиядан жеңіліп, тағы да кубоктан құр қалды. Сондықтан Анчелоттидің келуімен бразилиялық жанкүйерлер жаңа дәуірдің басталуына үлкен үміт артып отыр.
Карло Анчелотти Бразилия құрамасын 2026 жылғы әлем чемпионатына дайындайтын болады. Бұл турнир АҚШ, Канада және Мексика елдерінде өтеді.