Карлссон "Барыста" қалғысы келеді

1664

"Барыс" хоккей клубының және хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Хенрик Карлссон Hockeynews.se сайтына берген сұхбатында спорттық мансабын Нұр-Сұлтан қаласында одан әрі жалғастырғысы келетінін айтты.   

Карлссон "Барыста" қалғысы келеді

Швед қақпасшысы қазақстандық клубқа 2016-жылы келді. Содан бері "Барыста" нөмірі бірінші ойыншы десек те болады. Ал, 2018-жылы Карлссон Қазақстан азаматтығын алған және сол уақыттан бері ұлттық құрамада өнер көрсетіп жүр. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында қақпашы екі Әлем чемпионатының бірінші дивизионында және Олимпиада ойындарына іріктеу турнирінде ойнаған. Карлссон "Барыс" сапында жүріп барлығы 21 кездесу өткізіп, қақпаға 37 шайба жіберіп алды. Өткен маусымда легионердің жағдайы өзгерді. Өйткені клубқа канадалық қақпашы Эдвард Паскуале жаңадан келіп қосылған еді.

Сәуір айында Паскуаленің елордалық хоккей клубын тастап, "Барыстың" бұрынғы бапкері Андрей Скабелкамен ярославтық "Локоматив" хоккей клубына ауысатыны белгілі болды. Канадалық қақпашы командадан кеткен соң Карлссон өзіне жаңа келісім-шарт ұсынады деп күтті. Оған Құрлықтық Хоккей Лигасында ойнап жүрген "Барыс" қана емес, Қазақстан ұлттық құрамасы да ұсыныс білдіреді деп ойлады.  

"Командадан қақпашы кетеді дегенде маған тағы бір маусымға келісім-шарт ұсынатын шығар деп ойладым. Себебі келесі жылы Әлем чемпионаты. Ал ұлттық құрамада қақпашы жоқ. Бірақ, әзірге тыныш. Мүмкін әлі белгілі бір шешімге келмеген шығар. Біраз күте тұрайық. Жақын арада жаңа ақпараттар болады", - деді Карлссон Hockeynews.se сайтына берген сұхбатында.

Сонымен бірге швед қақпашысы егер де қазақстандық клубтан кетуге тура келсе, Қазақстан ұлттық құрамасында ойнайсыз ба деген сұраққа жауап беру қиынға соғатыны жайлы айтты. "Қазір мен ұлттық құрамада ойнаймын және бұл клуб үшін пайдалы. Егер сіз "Барыс" сапында ойнайтын болсаңыз, онда ұлттық құрамаға да көмектесуіңіз керек. Шетел хоккейшілері құрама үшін ойнаудан шаршады деп айта алмаймын. Бірақ, мен ешқашан бұл тақырыпта қарсы пікір білдірген емеспін", - деп атап өтті қақпашы. – Біз элита дивизионына қайта оралдық. Щвейцарияда өтетін Әлем чемпионатында ойнасақ тамаша болар еді. Турнирдің кейінге шегерілгені өкінішті. Маған "Барыс" командасы да, Нұр-Сұлтан қаласы да ұнайды. Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткеніме қуаныштымын. Мен онда төрт жыл уақытымды керемет өткіздім, - деп қоса кетті ол.

Карлссонның айтуынша ол агентімен клуб ауыстыру мәселесін әзірге талқыламапты.

"Ұсыныс жасалса, нақты шешім қабылдағаннан кейін айтамын. Соңғы екі маусымды жақсы өткіздім. Алайда, 36-жасар спортшыға қарағанда 26-жастағы спортшының мүмкіндігі әлдеқайда жоғары екенін білемін. Швецияға оралу дейсіз бе? Мен соңғы төрт маусымды "Барыста" өткіздім. Сол себепті бұдан кейін де сонда қалғаным жақсы болар еді. Маған және жұбайыма Нұр-Сұлтан қаласы ұнайды. Бірақ, егер де келісім-шарт жасалмаса, әрі қарай жылжуға тура келеді. Көре жатармыз. Бәлкім алдағы уақытта бізді бұдан да қызықты нәрселер күтіп тұрған шығар", - деп қорытындылады Карлссон.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу