Қарны аш, көңілі жалаңаш

3549

"Арселор  Миттал Теміртау "компаниясының басшылары кеншілермен келісе алмай отыр.

Қарны аш,  көңілі  жалаңаш

Наразылық шарасын ұйымдастырған Қарағандылық кеншілердің жер астында отырғанына бір тәуліктен асты. Сусыз, ассыз отырған  кеншілерге туыс-туғандары тамақ тасып  жүр.

"Кеншілердің туыстары шахтаға кіріп-шығып жүрген мамандардан тамақ беріп жіберіп жатыр. Қазақстан шахтасында жөндеу жұмысына байланысты асхана уақытша жабық, бұл жерде буфет қана бар. Мәселені ушықтырмау үшін Ленин шахтасының  асханасы өздерінің және Қазақстан шахтасының кеншілеріне ыстық тамақ жеткізуде. Тамақ жетпей қалып жатқан кеншілер туыстары жіберген ас-ауқатпен қоректенуде", – деді кенші Петр Зюлинин.

Оқиғаның мән-жайына қатысты Қарағанды облысы әкімдігінің порталына: "Кеншілердің өкілдері "АрселорМиттал Теміртау" АҚ компаниясының басшылығымен кездесу үшін жер бетіне көтерілді. Кездесу "Қорғау" көмір кеншілер кәсіподағының және облыс әкімдігі басшылығының қатысуымен өтті. Келіссөз жалғасуда. Осыған дейін 11 желтоқсан 19.30-дан 21.30 - ға дейін Шахтинскіде кеншілердің отбасы мүшелері облыс әкімінің орынбасары және "АрселорМиттал Теміртау" АҚ өкілдерімен кездескен болатын. Кеншілердің туған-туыстарына қалыптасқан жағдай туралы, сонымен қатар қойылған барлық сауалдар бойынша түсініктеме берілді", – деген жазба жарияланды.

Кеншілермен келіссөз жүргізу үшін "Тентек" шахтасына "Арселор Миттал Теміртау" АҚ атқарушы директоры Вадим Басин түскен. Алайда ол нақты нәтижеге қол жеткізе алмаған. Кеншілер айтқандарынан қайтпай, жалақыларын 100%-ға көтеруді талап етулерінен танбаған.

Айта кетейік, кеншілердің наразылық шарасын ешкім басқармаған. Бұл жағдайдан "Қорғау" көміршілер кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязов та хабарсыз болған.  Атап көрсетерлігі, әр шахтаның кеншілері әртүрлі талап қойған.

Аты жөнін толық атаудан қорыққан Сарқыт есімді ана abctv.kz  тілшісіне баласына кешеден бері екі рет ыстық тамақ апарып бергенін айтты.

"Жұмыстан сұранып кеттім, қатты алаңдап жүрмін. Балама екі рет ыстық тамақт пісіріп әкелдім. Балам осымен екінші күн шахтаның астынан шықпай отыр. Тыныштық болса екен, оң шешім шықса екен деп тілеймін", – деді ол.

Кеншілер шахтадан шықпаған, келіссөз жүргізу үшін шахта директорларымен "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының өкілдері  жер астына өздері түскен. Наразылық шарасын ұйымдастырған "Тентек", "Қазақстан", Шахтинск, Ленин шахталарының кеншілеріне бүгін Костенко атындағы шахтаның  кеншілері қосылған.

11 желтоқсанда кешкі сағат 19:00 шамасында Шахтинск қаласының мәдениет сарайының алдына кеншілердің аналары мен жұбайлары жиналған. Шахтинск қаласының тұрғыны Нағима Нұрғалиеваның айтуынша, облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа әйелдерді сабырға шақырған. Сонымен қатар әкімнің орынбасары  жалақыны көтеруге болмайтынын жеткізген. Мұндай жауап көңілдеріне қонбаған кеншілердің туыстары шу шығарып, түннің бір уағында әрең тарқаған.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу