Қарсыласымыз Украина, жартылай финалға өте аламыз ба?

3211

Нидерланды елінде өтіп жатқан футзалдан Еуропа чемпионаты ең қызған шағына жетті. Онда "тұран жолбарыстары" атанып кеткен Қазақстан құрамасы да бақ сынауда.

Қарсыласымыз Украина, жартылай финалға өте аламыз ба?

Украина құрамасының бізге қарсылас атануы қызықты оқиғаға баланып отыр. Бұл командамен біз қаңтар айында 2 жолдастық матч өткізуіміз керек болатын. Алайда Қазақстандағы саяси жағдайдың салдары мен команда ойыншыларының коронавируске шалдығуына байланысты Киевтегі матч ойналмады. Енді міне, дәл сол Украина құрамасымен түбі кездесетін болдық. Олардың ширек финалға шығуы да математикалық есеппен өрілді. Еуропа чемпионатына келген кезде алаң иелеріне 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Ал екінші турда Украина Сербия қақпасына аямай гол салды. 6:1 нәтижесін тіркеп, осы матчта топырлата салған голдарының арқасында ширек финалға шықты. Себебі үшінші турда ширек финалға шығып қойған Португалия аса қатты терлей қоймады. Зики Те салған жалғыз гол португал футзалшыларына жеңіс сыйлады. Олар бірінші орынды иемденсе, көп гол салып, аз гол жіберген Украина ширек финалға шығып кетті. Әйтпесе, Нидерланды құрамасының да 3 ұпайы болған. Осылайша Украина ширек финалда Қазақстанға қарсылас атанды.

Украина құрамасы жалпы екінші болуды ұнататын секілді. Өйткені іріктеу турнирінде олар тобында екінші орын иемденді. Хорватия құрамасы 18 ұпай жинап, 6 ойынды да жеңді. Украина Хорватияға 2 рет жеңіліп, өз орнына жайғасты. Құрлықтық додаға баратынын білген соң украиналықтар 3 жолдастық матч өткізді. Алдымен 2 мәрте Испанияға жеңілді. Екі ойынның да нәтижесі 3:0, "қызыл фурияның" пайдасына. Одан кейін Украина Әзербайжан ұлттық құрамасымен ойнап, оларды 4:0 есебімен жеңіп тастады. Жалпы нәтижелеріне көз жүгіртіп, Украина құрамасының Қазақстанға қарағанда осал екенін байқауға болады. Бұл әрине, қағаз жүзінде.

Италияға қарсы матчта сары қағаз алған Тайнан мен Эдсон ширек финалдық матчқа қатыспайды. Ал топтық кезеңнің бірінші матчында тікелей қызыл қағаз алған Альберт Ақбалықов 2 ойын бойы алаңға шықпаған еді. Енді міне, Альберт ширек финалдан бастап алаңға шықса болады. Айта кетуіміз керек, топтық кезеңде жинаған сары қағаздардың барлығы ширек финалдан кейін жойылады. Яғни жартылай финалға жазасы болған ойыншылардың барлығы да қатыса алады. Егер, Украина құрамасын жеңіп өтсек, ары қарай толықтай күшті құраммен алаңға шығамыз. Ал жарақаты бар Шыңғыс Есенамановтың алаңға қашан оралатыны әлі белгісіз.

1 ақпан күні Амстердамда болатын бұл кездесу өте қызықты болары анық. Қазақстандық жанкүйерлер бұл ойынды тікелей эфирде тамашалай алады. Алдын ала болжам бойынша матч фавориті – Қазақстан.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу