Картада Алтай қаласы мен ауданы пайда болады

Асты кенге, үсті дәнге бай Зырян ауданы Алтай атанды.

Картада Алтай қаласы мен ауданы пайда болады

Аудан орталығы саналатын Зырян шаһары да ұлы таудың атын алмақ. Шаһардағы "Горняк" мәдениет сарайына жиналған көпшілік осындай тоқтамға келіп тарқасты.

Өлке атауына қатысты қоғамдық тыңдау өтетіні туралы жергілікті тұрғындар бұдан біраз бұрын хабардар етілген. Сондықтан болар, қалалық мәдениет сарайына халық лық толды. Әуелі Зырян ауданын Алтай деп атау мәселесі қаралды. Аудандық мәслихат депутаттары жаңа атауды бір ауыздан қолдап, дауыс берді. Ал шаһар атын қайта атау мәселесін жергілікті қоғамдық кеңес мүшелері талқылаған болатын. Бас аяғы бір сағатқа созылған жиында қоғамдық кеңес өкілдері де бір тоқтамға келіп, Алтай деген атау жөн деп шешті. Бұл оң шешімге  ауданның зиялы қауым өкілдері риза көңілмен тарқасты.

"Қаламызға да, ауданға да тың серпін керек. Сол серпіннің рухани жаңғырудан басталғаны қуантады. Алтай дейтін әлемдік брендті экономикамыздың дамуына пайдаланбау күнә дер едім. Осы қаланың өркендеуіне үлес қосып, өндіріс қазанында құрыштай қайнаған аға буын бұл өзгерісті құптайтынын мәлімдегім келеді", – деді Зырян аудандық қоғамдық және ардагерлер кеңесінің төрайымы Элла Гейгер. 

"Алтай - қазақ даласына тағдыр айдап әкелген сан түрлі ұлт пен ұлысты құшағына сыйғызған киелі өлке. XVIII ғасырда келген ескі наным өкілдері де, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жер аударылған адамдар да Алтайдан  пана тапты. Сондықтан ауданымыздың осы ұлы атауды алуы заңдылық. Бұл өлкенің Алтай атануы тарихымызды қайта қарауға бастама деген үміт бар. Тарихшы ретінде мұнда да түркі өркениетінен қалған мұралар көп екенін айта алам. Соның бәрі жарыққа шықса, біз өз бастауымызға оралған болар едік", – деді өлкетанушы Денис Никитин.

Алтай атауы құжатқа түсіп, мөрмен бекуі үшін енді облыстық онамастикалық комиссия шешім шығаруға тиіс.

"Бұл шешім облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімі бойынша республикалық ономастикалық комиссияға жолданады. Республикалық комиссиядан өткеннен кейін үкіметтің шешімі шығады. Ең соңында мемлекет басшысының жарлығымен Алтай атауы бекуге тиіс", –  деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдын Шаймарданов.

Оның айтуынша жыл басынан бері облыстық ономастикалық комиссияның қарауына 400-ден астам ұсыныс түскен. Комиссияның үш отырысында 179 көшенің, 10 елді мекеннің, 10 мектеп әлеуметтік-мәдени нысанның атауы өзгертілген.  

"Бүгін атауы өзгерген Алтай ауданына келер болсақ, бір ай бұрын аудан әкімінің атына өтініш түскен болатын. Сол уақыттан бері ауыл-ауылды, көше-көшені аралап, халыққа Алтай атауының Қазақстан қоғамы үшін қаншалықты қажет ұғым екенін нақты түсіндірдік. Бүгін ұсыныс дауысқа салынғанда бірауыздан қолдау табуы сол жұмыстардың нәтижесі", – деді Айдын Шаймарданов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу