Қарттардың құқығын қорғайтын заң қажет

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3451

Егде жастағы адамдарды көлік, мүлік және жер салығынан босатуды ұсынды.  

Қарттардың құқығын қорғайтын заң қажет

Қазақстанда егде жастағы адамдарға бірдей жағдай жасалмаған. Себебі қарттарға тең мүмкіндік беретін құқықтық нормативтік құжат жоқ.Статистика комитетінің мәліметінше, елімізде 65 жастан асқан 2 миллионнан астам адам бар. Болжам бойынша олардың саны 2030 жылға қарай 11,5%-ға артады.

Бір қызығы, қарттардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалу деңгейі еліміздің әр аймағында әртүрлі. Бұл туралы депутат Жамбыл Ахметбеков: "Қазақстанда қарт адамдарды санаторий-курорттық емдеумен, дәрі-дәрмекпен және басқа да жеңілдіктермен қамту деңгейі біркелкі емес. Қарияларға қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы да дұрыс берілмеген. Нұр-Сұлтан қаласында жасы мен еңбек өтілі бойынша зейнеткерлер қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Ал Қызылордада 70 жастан асқан зейнеткерлерге ғана қоғамдық көлікте 50% жеңілдік қарастырылған", – деді.

Оның сөзінше, егде жастағы адамдардың қай өңірде тұратынына қарамастан барлығына қоғамдық көлікте тегін жүру құқығын беру қажет. Бұл ретте теміржол мен әуе көлігін пайдалануға да жеңілдік жасалуы тиіс.

Халық қалаулысының айтуынша, өңірлерде қарттарды санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету мәселесі де реттелмеген.

"Қалалық және ауылдық жерлердегі қариялар да санаторийлерге бару керек. Оларға да жолдама берілуі тиіс, – деді депутат.

Мәжілісменнің мәлімдеуінше, қарттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ісі де тиісінше ұйымдастырылмаған.

"Жылдың басында қаржыландырылмағандықтан, қариялар үнемі дәрі-дәрмек тапшылығын сезінеді. Мәселені шешу үшін дәрі-дәрмекті төмен бағамен сатып алатын әлеуметтік дәріханаларды дамыту керек. Сонымен қатар қарт адамдарға дәрі-дәрмекті үйге жеткізіп беру мүмкіндігін қарастыру қажет", – деді ол.

Халық қалаулысының сөзінше, қарттар әлеуметтік теңсіздікпен бетпе-бет келіп отыр.

"Бізге қарт адамдардың құқығын қорғайтын заң қажет. Бұдан бөлек "Белсенді ұзақ өмір сүру" мемлекеттік бағдарламасын қабылдау керек. Аталмыш бағдарлама қарттарға жағдай жасауды мақсат тұтуы тиіс", – деді депутат.

Оның ойынша, егде жастағы азаматтарды көлік, мүлік және жер салығынан босату керек.

"Жеке тұлғалардың жекелеген санаттары мүлік, көлік және жер салығынан босатылған. Қазір бұл жеңілдікке жалғыз тұратын зейнеткерлер ғана ие болып отыр. Біз егде жастағы азаматтарды көлік, мүлік және жер салығынан босатуды ұсынамыз", – деді халық қалаулысы.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу