Ресей қару бизнесі рейтингінде екінші орынға шықты

2859

Стокгольмдегі бейбітшілік проблемаларын зерттейтін халықаралық институт (SIPRI) дүниежүзінің әскери компанияларының рейтингін жариялады.

Ресей қару бизнесі рейтингінде екінші орынға шықты

Стокгольмдегі бейбітшілік проблемаларын зерттейтін халықаралық институттың мәліметінше, 2017 жылы әлемнің ең ірі әскери-өнеркәсіптік компаниялары 398,2 миллиард доллардың қару-жарағын сатып, әскери қызметін көрсеткен екен. Бұл – 2016 жылдың деңгейінен 2,5 пайызға жоғары. SIPRI рейтингінің көш басында әдеттегідей Америка Құрама Штаттары тұр: топ-100-ге АҚШ-тың 42 компаниясы еніпті. Ал, ресейлік кәсіпорындар осы сауданың 9,5 пайызын жасап, Ұлыбританияны ығыстырып, екінші орынға табан тіреді.  

"Ресей қару саудасын 2011 жылдан бері айтарлықтай арттырып отыр. Бұл Кремльдің армияны модернизациялау ұстанымымен сәйкес келеді", деп жазылған SIPRI ұйымының жетекші ғалымы Петер Веземан таратқан баспасөз баянында.

Оның сөзінше, ресейлік компаниялар үшін жергілікті нарықта бәсеке жоқ және де оларға президент Владимир Путиннің қарулы күштерді жаңарту жолында қорғаныс бюджетін арттыруы сөз жоқ оңтайлы әсер еткен. Дегенмен, 2017 жылы Мәскеу бұл салаға 3,9 триллион рубль немесе 61 миллиард доллар ғана жұмсаған. Яғни, РФ-ның әскери бюджеті былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда 17 пайызға кеміп отыр.  SIPRI-нің есебінше, Ресей өзінің қорғанысқа бөлінетін қаржысын өткен жылы 1998 жылдан бері алғаш рет қысқартты. Алайда, бұдан Ресейдің қару-жарақ экспорты төмендей қойған жоқ.

Америкалық фирмаларға оралсақ, олар былтыр 226,6 миллиард долларға қару сатып, дүниежүзілік рейтингте бірінші орынды сақтап қалды. АҚШ компанияларының арсенал саудасындағы үлесі 57 пайызға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға көтерілген.

"Америкалық кәсіпорындар Пентагон тарапынан сұраныс жалғасып жатқанда, тікелей пайдаға кенеліп отыр", – дейді SIPRI-нің қару-жарақ пен әскери шығындар бағдарламасының директоры Од Флеран шетел басылымдарына берген сұқбатында.

АҚШ-та қару өндіруден алғашқы орында Lockheed Martin компаниясы тұр. Ол 2017 жылы әлем бойынша 44.9 миллиард доллардың қаруын сатқан. Екінші сатыда – Boeing. Оның қару-жарақ  саудасы Lockheed Martin компаниясымен салыстырғанда былтыр 18 миллиард долларға төмен болды.

Президент Дональд Трамп желтоқсанның 3-дегі твитінде қорғаныс бюджетін 716 миллиард долларға жеткізу "есалаңдық" деп мәлімдеген-ді. Бірақ, көп кешікпей Ақ үй басшысының пікірі күрт өзгерді. Өйткені, ол Пентагон басшысы Джеймс Мэттистің келесі жылы Американың қорғаныс бюджетін 750 миллиард долларға жеткізу туралы ұсынысын қабылдап отыр. 

Осы бизнесте өркендеп келе жатқан елдердің бірі – Түркия. Оның компаниялары 2017 жылы қару сатылымын 24 пайызға өсірген. Веземанның пікірінше, "бұл жағдай Түркияның қару-жараққа сұранысты қанағаттандыру,  шетелге тәуелділіктен құтылу үшін өз әскери индустриясын дамыту амбициясын білдіреді".

SIPRI-дің ақпаратына жүгінсек, түріктің электроника мен радар жасайтын Aselsan компаниясы өткен жылы 1,4 миллиард долларға қару сатқан. Айта кету керек, бүгінде табыстың көбі тек танкі тәрізді ауыр техника жасаушыларда емес – технологияда да. Өйткені, радарлар мен  авиациялық радиоэлектроника және әуе қорғанысы зауыттарға үлкен кіріс әкеледі. Мысалы, Patriot сияқты зымырандық батареяның бағасы 1 миллиард доллар, Ресейдің С-400 зымыран кешені 500 миллион доллар, Американың THAAD әуе қорғаныс жүйесі 3 миллиард доллар тұрады.

Батыс Еуропада ең ірі қару өндіруші – Ұлыбритания. Одан кейінгі орында Франция тұр. 83 мыңнан астам жұмысшысы бар BAE Systems мега-тобы – арсенал жасап, оны сатудан Еуропада әлемдік бестікке кірген жалғыз ғана зауыт. Және де, бұл кәсіпорын Сауд Арабиясы тәрізді елдерге сатылған Typhoon әскери ұшақтарын шығаруға да атсалысқан.

"Жалпы алғанда, британдық компаниялар 2016 жылмен салыстырғанда қару саудасын былтыр 2,3 пайызға өсірді", – дейді SIPRI.

Әлемнің жүздігіне Германияның төрт зауыты ілікті. Олар – Rheinmetall, Thyssenkrupp,  Krauss-Maffei Wegmann және Hensoldt. Бұл компаниялар суасты қайықтарын, кемелер, танкілер, БТР-лар, радарлар, электрондық соғысқа арналған сенсорлар өндіреді. Дегенмен, Германияның сыртқы саудасында қару саудасының үлесі зор деуге келмейді. Ол неміс экспортының небары 1 пайызын құрайды.

Жалпы алғанда, батысеуропалық компаниялар 2017 жылы қару сатылымын алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,8 пайызға арттырып, 94,9 миллиард долларға жеткізген.

SIPRI-дің рейтингіне Қытай енген жоқ. Өйткені, "оның 2002 жылдан бері сатқан қаруы туралы қолжетімды ақпарат" болмаған.  Ал, Үндістанның төрт ірі компаниясы өткен жылы қару-жарақ саудасын 7,5 миллиард долларға жеткізген.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу