Қару тағып жүретін шенеуніктер қатары азайтылады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3144

Қазақстанда қару-жарақ қолдануға және әскери техниканы пайдалануға құқылы органдар қатары кеміді.

Қару тағып жүретін шенеуніктер қатары азайтылады

Билік осындай шешімге келді.

Осы мақсатта Үкімет қаулысымен бекітілгелі отырған "Қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалануға құқылы субъектілер тізбесіне" енді ұлттық армияны қоса алғанда, небәрі 8 құрылым ғана кірмек.

Олардың арасында Қазақстанның Қарулы күштері, ішкі істер органдары, Ұлттық қауіпсіздік органдары, мемлекеттік күзет қызметі, экономикалық тергеу қызметі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, прокуратура органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қана бар.

Жаңа тізімнен "Сырбар" сыртқы барлау қызметі шығарып тасталмақ. Бірақ бұл қазақстандық "Агент 007"-лер қарусыз қалады дегенді білдірмейді. Бұл қызмет 2009 жылы Елбасының жарлығымен құрылған болатын. Алайда осы органның жеке отау тігуінің онжылдығында, 2019 жылғы 17 маусымда еліміздің жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Ұлттық қауіпсіздікті нығайту және барлау қызметін одан әpi жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" жарлық қабылдап, оны "тәуелсіздіктен" айырды. 

Құжатқа сәйкес, "Сырбар" сыртқы барлау қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрамына қосылу арқылы қайта ұйымдастырылды. Бұл ретте ол "сыр бар" атауын жоғалтып, тек "ҰҚК сыртқы барлау қызметі" болып құрылды. Бұл қадам "ұлттық қауіпсіздікті нығайту және арнаулы мемлекеттік органдардың құрылымын оңтайландыру мақсатында" жасалғаны мәлімделді.

Бақыт Көмекбайұлы    

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу