Қарыз құрылымын қайта қарауға әкелген жағдай

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
5348

Жойқын желдің салдарынан Жамбыл облысы "ҚазАгро" алдындағы қарызы құрылымын қайта қарауды қажет етеді.

Қарыз құрылымын қайта қарауға әкелген жағдай

3 қарашада болған жойқын жел Жамбыл облысы мен оның аумағындағы елді мекендердің электр желісін үзіп, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың шатырын ұшырып әкеткен.

Дүлей дауыл салдарынан 10 жылыжайға да зиян келген. Жамбыл облысы әкімі Кәрім Көкірекбаевтың айтуынша,  жылыжайдың жалпы шығыны 175 млн теңгені құрайды. Осыған байланысты аграрийлердің несиесін төлеу мерзімін ұзарту мен қарыздарының құрылымын қайта қарау қажет.

"Жылыжай құрылысы несие есебінен іске асатынын, сондай-ақ жылыжай жұмыстарының  ерекшелігі мен маусымдығын есепке ала отырып, "ҚазАгро" АҚ-пен несиені төлеу мерзімін ұзартуға алдыны-ала келісім жасадық. "Оңтүстік финанс" несиелік ұйымның лизингімен іске асып жатқан 5 га қарқынды бау-бақшасының 2,5 га-на зиян келген шаруа қожалықтарының да несиесін төлеу мерзімін ұзартуға ауызша келісім бар.  Қарыздың құрылымын қайта қарастыру қажет", – деді Кәрім Көкірекбаев 8 қараша күні өткен үкімет отырысында.  

Осыған қатысты премьер-министр Бақытжан Сағынтаев орынбасарлары –  ауыл шаруашылық министрі Асқар Мырзахметов пен Асқар Маминге осы мәселені шешуге тапсырма берді. "Асқар мырза (Мырзахметов. - Автор еск.), Жамбыл облысына қатысты шаруаны өз қолыңызға алыңыз. Егер, шынымен, "ҚазАгро" АҚ-тан көмек керек болса, онда қарыз құрылымын қайта қарастырыңыздар. Асқар мырза (вице-премьер Мамин. - Автор еск.), көмек көрсетіп, жағдайды бақылауға алыңыз", – дегенді қосты премьер-министр.

Табиғат апаты Тараз қаласының әр түрлі нысандарына, сонымен қатар Жамбыл облысының бес ауданына үлкен шығын әкелген. Бас-аяғы 1754 нысан бүлінген, оның ішінде 454 нысанның шатыры (ауданның  70%-на дейін) қираған. 53 мың тұрғын жарықсыз, бес елді мекен  газсыз қалған.

"Төтенше жағдай салдарын жоюға шұғыл шаралар қабылданды. Осының нәтижесінде сол күні-ақ, яғни 3 қараша күні,  газ беру жұмысы реттелді. Ал 4 қараша күні жылу беру, 6 қараша күні ауылдық елді мекендерге жарық беру қалыпқа келтірілді. Бүгінгі күні Тараз қаласының жеке-меншік тұрғын үй секторындағы 351 тұрғынға электр жарығын беру жұмысы жалғасып жатыр", – деді облыс әкімі. 

Дүлей апат салдарынан 36 азаматқа дәрігерлік көмек көрсетіліп, оның төртеуі ауруханаға жатқызылған.

Тараз қаласында және Байзақ, Мойынқұм, Шу аудандарында жергілікті төтенше жағдай тәртібі енгізілген. Арнайы құрылған комиссия келтірілген шығынды есептеп, ақау сметасын дайындау үстінде. Жойқын желдің салдарын қалыпқа келтіруге әскерилер де көмектеседі.

"Алдын ала есепке сәйкес, шығын 470 млн теңгені құрайды. Кеше жағдаймен танысу үшін Таразға Қорғаныс министрі келді. "Оңтүстік"  өңірлік қолбасшылықтың әскери нысандары ведомствоның күшімен қалыпқа келтірілетін болып шешілді. Сонымен қатар екі жоғары оқу орны ҚР Білім және ғылым министрлігінің күшімен жөнделетін болды. Шығын – 129 млн теңге. Сондай-ақ, жартылай зиян келген 1300-ден артық нысан бизнес-құрылымдарды жұмылдыра отырып, өз күштерімен жөнделеді. Бүгінгі күні нысандардың 75%-ы қалыпқа келтірілді", – деді Кәрім Көкірекбаев.

Жөндеу жұмыстары үшін мердігерлік бригадалар жұмылдырылған, орталық өкілетті органдарға мемлекеттік материалдық қордан  шатыр үшін 3,3 мың куб метр кесілген ағаш пен 1,5 мың шаршы метр әйнек бөлуге көмектесу туралы хат жолданды. Жамбыл облысының жергілікті атқарушы органдарының қорында төтенше жағдай салдарын қалыпқа келтіру қаражатының көлемі 240 млн теңгені құрайды. "Коммуналдық меншіктің барлық нысаны жергілікті бюджет есебінен жөнделеді. Қазіргі уақытта жұртшылық аумақты тазалауға жұмылдырылған. Жағдай өзімнің тікелей бақылауымда", – деп мәлімдеді  Кәрім Көкіребаев.

Сонымен бірге жойқын желден Оңтүстік Қазақстан облысының елді мекендері де зардап шегіпті. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың мәлімдеуінше, облыстың жеті нысанына зиян келген. "Бұл бір мектеп, бір сауықтыру лагері, екі колледж және үш тұрғын үй. Бұл нысандардың шатыры қирады. Қазір үш нысанның шатыры жөнделіп болды. Ал қалған нысандардың жөндеу жұмыстары ертең аяқталады. Барлық мәселе шешілді",– деді Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі.

Жанболат  Мамышев 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу