Қарыз кыркүйекте қайтарылады

11471

150 млрд теңге борыш жүктемесін жеңілдетуге жұмсалады.   

Қарыз кыркүйекте қайтарылады

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков үкіметтің баспасөз орталығында өткен жиында қазақстандықтардың екінші деңгейлі банктердегі қарызы 5 қыркүйекке дейін қайтарылатынын мәлімдеді.

Оның сөзінше, 20 тамызда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қаржы реттеушісіне борышы өтелуге тиісті азаматтардың тізімін берген. Олардың саны 507 мың адамды құраған.  

"Қаржы институттарына 150 млрд теңге аударылды. Бұл ақша несие алған адамдардың екінші деңгейлі банктердегі борыш жүктемесін жеңілдетуге жұмсалады. Банктер 5 қыркүйекке дейін қарыз алушылардың шотына тиісті соманы жолдайды. Ал 9 қыркүйекте үкіметке және осы бағдарламаның операторларына қаражаттың шоттарға аударылғаны туралы ақпарат береді", –  деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 26 маусымда "Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы" жарлыққа қол қойды. Соған сәйкес, 2019 жылдың 1 маусымына дейін екінші деңгейлі банктерден 3 млн теңгеге жетпейтін қарыз алған тұрмысы төмен, көпбалалы, асыраушысынан айрылған, мүгедек баласы бар отбасылардың; бала кезінен мүгедектердің; мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың; 29 жасқа толмаған жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, кәмелет жасқа дейін ата-анасынан айырылғандардың 300 мың теңгесі қайтарылатын болды. Бұдан бөлек мерзімі кешіктірілген тұтынушылық несиенің айыппұлы мен өсімпұлын кешіру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Нәтижесінде 1 миллионнан астам адамның айыппұлы мен өсімпұлы есептен шығарылды. 

Айыппұл мен өсімпұлдың жалпы сомасы 30 млрд теңгені құрады. 

Іс барысында қарызы қайтарылмайтын топ анықталды. Бұл топқа қарызы 90 күннен астам уақыт өтелмеген және коллекторларға тапсырылған азаматтар енді. Үкімет оларға көмектеспейтін болды. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу