Қарызды кешіруден "алаяқтар" да үміттеніп отыр

5901

Бүгінде миллиондаған қазақстандықтар жаңа жылды зарыға күтуде.

Қарызды кешіруден "алаяқтар" да үміттеніп отыр

Бірақ мұның думанқұмарлыққа еш қатысы жоқ. 1 қаңтарда борыш батпағына батқан адамдарға құрдымнан шығуға мүмкіндік беретін тетік іске қосылуға тиіс.

Қарызы көтере алмас ауыртпалыққа айналған азаматтардың саны қарқынды өсіп бара жатқанын таяуда, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының өзімәселе етіп көтерген болатын. 

Бүгінде миллиондаған қазақстандықтар жаңа жылды зарыға күтуде.

Бұл тетікке өмірдің қиын жағдайына тап болған адамдар бірнеше жылдан бері қол жеткізе алмай келеді: жеке адамдардың банкроттығы заңын қабылдау бастамасы бұрынғы Президент тұсында жарияланған еді. Бірақ банкирлердің қарсылығы салдарынан өмірге жолдама ала алмады. Салдарынан талай қазақстандық тағдыр тәлкегіне түсті. 

Алаяқтардың үгіттеуіне еріп, жаза басқан Игорь Климов ұзақ жылдардан бері жеке тұлғалардың банкроттығы заңының қабылдануынан үміттеніп, өмір сүргенін әңгімеледі.

"2012 жылы мен "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылдым. Алдымен куәгер мәртебесінде болдым, соңынан айыптыға айналып шыға келдім. Мен банк қызметкері емеспін. Бар айыбым – банк қызметкерінің сұрауымен кредит алушының өтінішін толтырғаным. Құжатта өтініш иесінің қолы күнібұрын қойылып қойылған еді. Мұны қолжазу сараптамасы да растады. Бірақ бейнежазбада оны толтырып отырғаным бейнеленген. Сол жалған құжат негізінде, банк өмірде жоқ кепілзатты қабылдап, қомақты жалған несие берген. Банкте қауіпсіздік қызметі, заң бөлімі, кредит комитеті бар, солардың бәрі осы жалған құжат пен кепілзатты неге тексермеген, қалайқабылдаған? Неге кредитті мақұлдаған? Бұл сұрақтардың жауабын әлі күнге таба алмадым", – дейді Игорь.

Ол өзі сияқты 4 адамның ұқсас тұзаққа түсіп қалғанын айтады.

"Тергеу объективті жүргізілмеді. Мұндай 4 эпизод тіркеліпті. Олардың бәрінде банк қызметкерлері несиенің 50%-дан астамын өздері төлеген. Ал мені 3 жылға соттады. ЦенрКредит банкінің талап арызы бойынша шығарылған үкімге сәйкес, 21 миллион теңге мойныма жабылды. Содан бері осы қарызды шамама қарай төлеп келемін. 2015 жылы түрмеден босап шыққаннан кейін жұмысқа тұра алмай жүрдім. Жұмыс берушілер сотталмағаны жөнінде анықтама сұратады. Содан таксилетіп табыс табуға тырыстым, тапқаным отбасын асырауға әзер жетеді. 2020 жылы әйелім ажырасып кетті, ол психологиялық қысымға, жан күйзелісіне төзе алмады, өйткені жеке сот орындаушылары жан-жақтан жабылып, оны да үнемі мазалайтын", – деді Игорь.

Ол берешегін өтеуге мүмкіндік беретін жұмысты таба алмағанын, оның орнына шетелде еңбекақысы жақсы жұмыс ұсынылғанын жеткізді. Оның не жұмыс екенін нақтыламады. Оның шетелге шығуына тосқауыл қойылған.

Жалпы жеке тұлғалардың банкроттығын пайдаланып, өзін банкрот жариялағандарға біраз уақыттан соң шетелге шығуына мүмкіндік ұсынылады.

"Банкпен келісуге тырысып жатырмын, банкке медиация арқылы бітімге келіп, шетелге табыс табуға шығуыма рұқсат етуін сұрап, өтініш жаздым. Онсыз тыйым салынған. 8 желтоқсанда жеке сот орындаушысы хабарласып, банк одан сот үкімін орындауға шара қабылдауды талап еткенін мәлімдеді. Сондықтан ЖСО менің жүргізуші куәлігімнің күшін тоқтатуға ниетті. Одан олай жасамауды өтінсем, бұл жайында банкпен келіс деді. Егер көлік жүргізе алмай қалсам, қайда істейтінімді де білмеймін. Барлық мүлкімді ЖСО-лар тартып алып, сатып жіберді. Бүгінде меншігімде ешқандай мүлік қалмады. Зейнеткер ата-анам бар, көмектесу үшін олар да дүние-мүлкін сатып бітті. Бәріміз саяжай-дачаны жалдап тұрамыз", – деп қапаланады шағымданушы.

Оның кәмелетке толмаған ұлын дұрыс асырай алмағандықтан, анасы алып кетіпті. Теледидардан жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның күшіне енетіні туралы мәлімдемелерді үмітпен тыңдайды екен.

Бірақ ол тетіктен Игорь сияқты алаяқтығы үшін сотталғандар қағылуы мүмкін. Өйткені аталған заң қылмыстық істер бойынша келтірілген шығындарға таралмайды.

"Мұны әділетсіздік деп санаймын. Жасаған-жасамаған қылмысы үшін айыпталып, сотталғандар жазасын өтеп шықты. Бір қылмыс үшін екі рет жазалауға тыйым салынған. Неге онда олар өзін банкрот деп жариялай алмайды? Қаншама алаяқ жазадан құтылып кетіп, бостандықта тайраңдап жүр, жұртты ары қарай алдап, кіріске кенелуде. Олар банкрот болмасы анық. Ал отырып шыққандарды жұмыс берушілер жұмысқа ала бермейді, тауқымет тартады. Оларға өмірдіжаңа парақтан бастауға ең құрыса бір рет мүмкіндік берген абзал. Мен мына жағдайда не істеуім керек? Жеке сот орындаушысы жүргізу құқығымнан айырса, қайда барамын, осы арқылы неге итермелеуде? Егер борышымды төлемеген күйі өліп қалсам, одан кім ұтады? Мемлекет өмірдің қиын жағдайына тап болғандарды бөле-жармай, көмек қолын созса деймін", – деді Игорь.

Жалпы дамыған елдермен салыстырғанда, қазақстандық жеке тұлғалардың банкроттығы институты тым қатаң екеніне сарапшылар назар аудартады. Мысалы, АҚШ-та экс-Президент Дональд Трамптың өзі банкроттық тетігін бірнеше рет қолданған. Ал Қазақстанда ұқсас тетіктің игілігін көреалатындар қатары күрт шектелді.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятовтың түсіндіруінше, жеке тұлғалардың банкроттығы тетігін қарызын 12 ай бойы төлемегендер пайдалана алады. Негізгі бастапқы критерийі – осы. Бұған қоса, қарыздың мөлшері 1,6 мың АЕК-тен (2023 жылы 5 520 000 теңгеден) аспауға тиіс.

Сонымен қатар отбасы мүшелеріне шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс шегінен (2023 жылы 40 567 теңгеден) аспайтын борышкерлер де банкроттықтың соттан тыс процедурасына жүгіне алады.

"Осы процедуралардың бәрінде, өзін банкрот жариялаған тұлғаға 5 жыл бойы кредит алуына тыйым салынады. Ол адам тек жеті жыл өткеннен кейін қайтадан өзін банкрот деп жариялай алады. Бұдан басқа да салдарлары болады", – деді Қайрат Миятов.

Банкрот атанып, борышынан арылған, амнистияланған азамат болашақта осындай жағдайға қайта түспеуі үшін қаржылық сауаттылық курсынан өтуге міндетті.

Сонымен қатар Үкімет кепілсіз онлайн-микрокредит тарату нарығын қатаң реттеуге кіріседі. Соның аясында өзін банкрот жариялаған адамдарға микроқаржы, онлайн несие алуына толықтай тыйым салынуы мүмкін. Президенттің тапсырмасымен, тиісті тәжірибе зерделенеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу