"Қарызсыз қоғам": Жоба аясында 65 мың отандасымыз қаржылық сауатын арттырды

480

"AMANAT" партиясының "Қарызсыз қоғам" жобасы аясында биыл атқарылған жұмыс қорытындыланып, халықтың қаржылық сауатын арттыруға атсалысқан сарапшылар Алғыс хатпен марапатталды. 

"Қарызсыз қоғам": Жоба аясында 65 мың отандасымыз қаржылық сауатын арттырды Фото: AMANAT

Іс-шарада "AMANAT" партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек аталған жобаның мән-маңызына тоқталып, халықтың қаржылық сауатын арттыруға атсалысқан сарапшыларға алғысын білдірді.

"Сіздердің табанды еңбектеріңіз халықтың көңіліндегі көп сұраққа жауап берді деп сеніммен айта аламыз. Нотариустардың атқарушы жазбалары мен жеке сот орындаушылары салған 14 мыңнан астам тыйымның күші жойылды. Уақтылы берілген кеңестің арқасында 1,5 мыңға жуық алаяқтық әрекеттің жолы кесілді. Бұл – сіздердің нәтижелі жұмыстарыңыздың бір парасы ғана. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бұл жобаға оң баға беріп, Үкіметке партиямен бірлесіп оның ауқымын кеңейтуді тапсырғанын білесіздер. Келесі жылдан бастап "Қарызсыз қоғам" жобасы барлық өңірді қамтып, 750 мың адам қаржылық сауаттылықты үйренеді деп жоспарлануда. Азаматтарға қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша кеңес беру және сүйемелдеу үшін бүкіл ел көлемінде жобалық кеңселер ашылады. Қазірдің өзінде жұмысымыздың нәтижесі мыңдаған азаматтың өміріне оң септігін тигізуде. Біз осы игі үрдістің арқауын үзбей, барынша жақсарта түсеміз", - деді Дәулет Кәрібек.

Жиын барысында жобаға атсалысқандарға партия Төрағасының Алғыс хаты тапсырылды. Олардың арасында өңірлерде азаматтарға қаржылық сауат бойынша арнайы оқу курсын өткізген қаржы сарапшылары мен жобаны жүзеге асыруға белсенді қатысқан партия филиалдарының қызметкерлері бар.

"Қарызсыз қоғам" жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева жобаға қатысушылардың әлеуметтік бейнесіне тоқталды. Олардың арасында көпбалалы аналардың саны басым.

"Қатысушылардың орташа жасы 43-те. Олардың 65%-да несие бар. Қарызын төлеу мерзімі 90 күннен де асып кеткендердің үлесі – 18%. Әрбір екінші қатысушының жиынтық отбасылық табысы 100 мың теңгеге де жетпейді. Сондай-ақ, кеңес алушылардың үштен бірінің екіден де көп несиесі бар. Қатысушылардың арасында өздерінің зейнетақысымен балаларының несиесін төлеуге мәжбүр болған қариялар да кездесті. Осы санаттағы адамдар үшін біздің сарапшылар жеке тұлғалардың банкроттық рәсіміне қажетті құжаттарды жинап, дайындауға көмектесіп жатыр. Біз бұл адамдарға қаржылық қиындықтардан арылуға және қарызсыз жаңа өмір бастауға көмектесуге тырысамыз", - деді ол.

Еске сала кетейік, биыл сәуір айында "AMANAT" партиясы мен Halyk Bank бірлесіп "Қарызсыз қоғам" жобасының басталғанын жариялап, тиісті меморандумға қол қойған болатын. Алғашқы оқыту курсы 2 мамырда басталып, жоба еліміздің 8 өңірінде жүзеге асырылды. Атап айтқанда, осы уақыт ішінде Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарының 65 мың тұрғыны жоба аясында қаржылық сауатын арттыру бойынша оқу курсынан өтті.

Оқу процесіне қатысушылардың 90%-дан астамы өз табысын арттырғысы келеді. Оларға сарапшылар гранттық қаржыландыруға және жеңілдікпен несие алуға арналған бизнес-жоспарларды жазуға көмек көрсетті. Сонымен қатар, нарықты, бәсекелестерді зерттеуге, бірегей сауда ұсынысын жасауға қол ұшын беріп, өнімнің өзіндік құнын есептеуді және шығынсыз жұмыс істеуді үйретті. Қаржы институттарына және гранттық конкурстарға өтініш беру үшін соңына дейін сүйемелдеді.

Айта кетейік, келер жылы қаржылық сауаттылық негіздерін мектеп қабырғасынан бастап оқыту көзделіп отыр. Ол үшін Үкіметпен бірлесіп, мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған курстармен мен оқу құралдары әзірленеді.

Осылайша, "Қарызсыз қоғам" жобасы аясында әрбір қатысушының өзі және жақындары үшін жеке қаржылық жауапкершілігі, қаражат жинау және жоспарлау мәдениеті қалыптастырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу