"Қарызсыз қоғам" жобасы: Halyk Bank пен AMANAT партиясы меморандум жасады

12860

Алғашқы кезеңде "Қарызсыз қоғам" бірлескен жобасы еліміздің сегіз аймағын қамтымақ. 

"Қарызсыз қоғам" жобасы: Halyk Bank пен AMANAT партиясы меморандум жасады Фото: Halyk Bank

Биылғы сәуір айының аяғында AMANAT партиясы Halyk Bank-пен бірлесіп жариялаған "Қарызсыз қоғам" жобасы іске қосылады, деп жазады inbusiness.kz.

Осыған байланысты партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев пен банктің Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова тиісті меморандумға қол қойды. Аталмыш жобаның басты мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық қарыз алушыларды қаржылық ағарту.

"Бізге елімізде халықтың қаржылық сауатының артқаны өте маңызды. Интернет-ресурстарға қол жеткізе алмайтын ауыл, аудан тұрғындары онлайн курстардан өте алмайды. Олар онлайн оқыту форматына сенімсіздікпен қарайды. Сол себепті біз олар үшін офлайн курстар өткізгіміз келеді. Бір жыл ішінде ауылдар мен аудандардың 80 мыңнан астам тұрғынын оқытуды жоспарлап отырмыз",– деді Елнұр Бейсенбаев тілшілерге.

Оның сөзінше, қарызы бар және несиелерін уақытында өтемейтін қазақстандықтар осы курстарда оқитын болады. Қаржылық сауатты оқытуға арналған курстардан барлық қалаған адам өте алады. Бұл мақсатта 200-ден астам жаттықтырушыны дайындау жоспарланып отыр. Оның ішінде жүзге жуығы өңірлерге барып, халықтың қаржылық сауатын арттыру аясында курстар өткізбек.

"Қарызсыз қоғам" жобасын іске асыру үшін 8 облыс: Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау  айқындалды. Оқу курсы 5 жұмыс күнінен тұрады. Әр топта 50 адамнан болады. Тек облыс орталықтары ғана емес, аудандық басқармалар да қамтылмақ. 

"Бірінші кезекте біз несие алған және осы кезеңде оны төлей алмай жүрген адамдарға көмек қолын созғымыз келеді. Қарызға батқан және берешек сомасының мерзімі үш айдан асқан, банкроттық туралы ойлап жүрген адамдар да бар. Олардың несиелерін өтеуге мүмкіндігі жоқ", - деді AMANAT партиясының атқарушы хатшысы.

Халықтың қаржылық сауатсыздығына байланысты жиі кездесетін проблемалар қатарына алаяқтықтың өсуі жатады. Алаяқтар қаржы мәселелерінен хабары жоқ азаматтарды түрлі тәсілдермен алдауға тырысады. Борышкерлердің қатарында алаяқтарға пин-код, карта нөмірін және басқа деректерін беріп, сан соғып қалатындары да бар.  

Спикерлердің сөзінше, "Қарызсыз қоғам" жобасы өте ауқымды және уақытылы қызмет, оларға жүктелген халықтың қаржылық қиындықтарын жеңілдететін әлеуметтік миссияның бір түрі.

"Halyk Bank-тің AMANAT партиясымен халықтың қаржылық сауатын арттыруға арналған бірлескен ауқымды жобаны бастауға мүмкіндігінің болуына қуаныштымын. Күнделікті жұмысымызда қарыз алушылардың түрлі проблемаларын көруімізге тура келеді. Өкінішке қарай, несиені төлеу мөлшерлемелерін, мерзімдері мен тәсілдерін, сондай-ақ егер кенеттен мәселе туындаса не істеу керектігін және өзінің борыштық ауыртпалығын қалай жеңілдету керектігін білмейтін несиесі бар адамдарды жиі кездестіреміз", - деп атап өтті Halyk Bank Басқарма Төрағасы Үміт Шаяхметова.

Банк басшысының айтуынша, несие берілген адамдар банкпен немесе микроқаржы ұйымымен мөлшерлемені төмендету, кестені ауыстыру туралы қалай келісуге болатынын білмейді. 

"Осындай қарапайым сұрақтар бола тұра, адамдардың тиісті ақпаратты әрдайым біле бермейтінін байқаймыз. Әсіресе ауылдық жерлерде тұратын адамдар. Біз адамдарға несие беру шарттары туралы айтуға, өз жағдайларын жеңілдету және жақсарту мәселелері бойынша кредиторлармен қалай дұрыс сөйлесу керектігін үйретуге және көмектесуге дайынбыз", - деді Үміт Шаяхметова.

Бұдан бөлек Halyk Bank өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді бизнесті несиелендіруге үйретуге ниетті. Соның ішінде оны қалай бастау керек, қандай қызметке бағыттаған жөн, бизнес жоспарды қалай әзірлеу керек деген сұрақтар бар. Спикердің сөзінше, мұндай жағдайлар қарыз алушылардың күнделікті өмірінде жиі кездеседі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу