Қарызы барларға банктер мен микроқаржы ұйымдары жаңа шектеулер енгізбек

6279

Бүгінде банктер мен МҚҰ-лар 700 мыңнан астам адамның борышын реттеп, кешірді. 

Қарызы барларға банктер мен микроқаржы ұйымдары жаңа шектеулер енгізбек Фото: gov.kz

Бірқатар сарапшы "қазақстандықтардың шектен тыс қарызға батқанын" аңызға теңейді. Осы ұстанымдағы Desht ITG мониторинг тобының сарапшылары тіпті осы мәселелерді қаузаған әріптестерін "дүрбелеңшіл истерик" деп атады.

"Біз соңғы 7 бойы сарапшылардың ұдайы истериясына куә болып келеміз, олар қарыз алғандардың көпшілігі күнін күнге әзер жалғайтын ауыр күйге түскенін алға тартады. Осыны сылтау етіп, кедейшілікпен, жұмыссыздықпен күреске бағытталған қаптаған мемлекеттік бастама іске қосылды. Олардың ақырғы бенефициарлары — делдалдар, бағдарламаларды әзірлеушілер мен жүзеге асырушылар. Осыны сылтау етіп, мемлекеттік реттеу де бой бермей кетті: меморгандар бизнеске қысым жасап, бәсекелестерді жоюға арналған жаңа құралдарға қол жеткізді. Осы мәселені көтеріп, қаншама адам медиалық танымалдылыққа ие болды, халықтың махаббатына шомылуда. Мысалы, таяуда, Астанада болған банкті басып алу оқиғасы қазақстандықтардың жаппай борышқа батқанын мәселе етіп көтеруге кезекті рет тамыздық болды. Банктерден сыйақы ставкасын төмендету талабы естілді", – деді Desht ITG тобының сарапшылары.

Олардың байламынша, проблема ауқымы негізсіз ұлғайтылып, көпіртіп көрсетілген. Дәлелі қандай? 

"1,5 трлн теңге кредиттің өтеу мерзімі өтіп кеткен, бұл қорқынышты естіледі. Бірақ халықтың табатын ақшалай табысы — жылына 40 триллион теңге. Соның 3,8%-ы — көп пе, әлде басқарылатын тәуекел ме? 1,4 млн адам өз кредиті бойынша төлем енгізуді тоқтатқан. Бұл да үрей туғызады. Бірақ Қазақстанда ересек тұрғындардың саны 13 миллион. Әрбір 10 адамның біреуі — бұл көп пе, әлде басқарылатын тәуекел ме? Жеке тұлғаның банкроттығына жүгінгендер өтінішінің қанағаттандырылмау себептеріне терең бойламаймыз. Алайда бүгінге дейін небары 57 мың өтініш түскен. Бұл мерзімі өтіп кеткен кредиттері барлардың 4%. Елдегі ересек адамдардың 0,4%", – деген жазбаша түсініктеме берді топ экономистері.

Өз тарапымыздан қосарымыз: әрине, біріншіден, олардың осы мәселенің саяси астарын ескермей отырғаны байқалады. Екіншіден, саясаттануда "үнсіз көпшілік" (silent majority) деген ұғым бар. Олар "сен тимесең мен тимен" деп бәріне үнсіз көнеді. 20 миллионға жуықтаған халқымыздың басым көпшілігін де солар құрайды. Сонымен бірге оған қарама-қарсы "зор дауысты азшылық" (vocal minority) бар. Әлеуметтік желілерді немесе арыз қалдыруға болатын алаңдарды да солар толтырады. 

Оның үстіне саны жөнінен көп әрі сомасы жөнінен бірнеше триллиондық қарызға батқан, тығырықтан шығар жол таппай, өмірден түңілген адамдар бәріне дайын болуы мүмкін. 2021 жылы алматылық Игорь Дужнов бес адамды атып тастағаны ел есінде. Жалпы санға шаққанда өз кредитін төлеуді тоқтатқан 1,4 млн адам көп те емес шығар. Бірақ 2022 жылғы қанды қаңтар кезінде небары 20 мың адам Алматының астаң-кестеңін шығарды емес пе?

Қалай болғанда, Үкімет халықтың шектен тыс кредиттелуі құбылысымен күресті тыймады, керісінше оны алда қарқынды түрде жалғастырмақ. 

Осы орайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заңын әзірлеп жатыр. 

Мәдина Әбілқасымова басқаратын агенттіктің түсіндіруінше, жаңа заң "халықтың шамадан тыс кредит алуын шектеуге және микроқаржыландыру нарығының субъектілеріне қатысты уәкілетті органның мемлекеттік бақылауы мен қадағалауын күшейтуге" бағытталады. Қаржылық реттеуші байламынша, алда бұл проблема басылу орнына өршігелі тұр. Неге?

"Қазіргі уақытта Қазақстанда кредит беру қарқыны төмендеп барады. Дегенмен, соның аясында халықтың бөлшек кредит алуы керісінше, жоғары қарқынмен өсуде. Мұның бірнеше себебі бар: біріншіден, елдегі экономикалық өсудің қалпына келуі аясында тұтынушылық сұраныс та артты. Екіншіден, банктердің скорингтік моделдері жетілдірілді және олар тәуекелдерді барынша дәл болжау мүмкіндігін иеленді. Үшіншіден, бұл банктердің экожүйелерінің және онлайн-сервистердің белсенді дамуымен байланысты. Нәтижесінде халыққа қарыз беру және қарызды қарызбен өтеу тәртібі жеңілдеді", – деп мәлім етті Қаржылық реттеу агенттігінің мамандары.

"Мемлекеттік кредиттік бюро" АҚ-ның дерегінше, 2023 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша коммерциялық банктердегі, микроқаржы ұйымдарындағы және коллекторлық агенттіктердегі кепілсіз тұтынушылық кредиттер мен микрокредиттерінің көлемі 8,3 трлн теңгеге жетті. Яғни, 2023 жылғы 1-тоқсанмен салыстырғанда, небары 1 тоқсан ішінде, 0,3 трлн теңгеге артып шыға келді. 

"2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банктердегі жеке тұлғалардың проблемалық кепілсіз тұтынушылық кредиттері бойынша жиынтық берешек 853 миллиард теңгені құрады. Проблемалы берешек көлемі 2023 жылғы 1 тоқсанда 6,1%-ға немесе 48 миллиард теңгеге көбейді. Бұл ретте бірегей қарыз алушылар саны көрсетілген кезеңде 0,6%-ға (+5,7 мың адам) ұлғайып, 949 мың қарыз алушы адамды құрады", – деп хабарлады Мемлекеттік кредиттік бюро.

Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда банктік кредиттер мен микронесиелер бойынша проблемалы берешектің өсуіне ықпал етіп отырған факторлар көп. Оның негізгілері мыналар: 

Біріншіден, жоғары сыйақы ставкалары. Банктердің тұтынушылық кредиттер бойынша жылдық тиімді ставкалары мемлекет бекіткен шекті мән деңгейінде – 56% көлемінде тұр. Ал кепілсіз микрокредиттер бойынша ставкалар бұдан бірнеше есе асып түседі. 700 пайызға дейін барады. Жоғары сыйақы ставкалары банктер мен микроқаржы ұйымдарына қарыз алушылар дефолтқа ұшыраған жағдайда ықтимал шығындарды өтеуге мүмкіндік береді және оларды жауапты кредиттеу саясатына ынталандырмайды.

Екіншіден, елде қысқа мерзімді кепілсіз микрокредиттерді реттеудің режимі тым либералды. 2020 жылдан бастап, заңнамалық деңгейде 45 күнге 50 АЕК-ке дейін кепілсіз микрокредиттер беру мүмкіндігі енгізілді. МҚҰ-лар олар бойынша ең жоғарғы ставка белгілейді. Осы тетік арқылы көбірек табыс табу үшін микроқаржы ұйымдары тіпті өз борышкерлерінің төлем қабілеттілігін бағалауды қойған. Бұл осы сегменттің және проблемалық қарыз алушылар санының агрессивті өсуіне әкелді. Бұдан басқа, қарыз алушыларды тиісті сәйкестендіру, идентификациялау шаралары жүргізілмеген. Яғни, қарыз алып тұрған адамның тұлғасын нақты анықтау жолға қойылмаған. Бұл алаяқтарға өзге адамдардың үстінен қаптатып несие рәсімдеу зұлматын туындатты. Алаяқтық схемалардың көбі әлі күнге халықты қан қақсатуда. 

Үшіншіден, проблеманың ушығуына банктер мен микроқаржы ұйымдарының жеке тұлғалардың проблемалық кредиттерін, микрокредиттерін коллекторларға белсенді сатуы да түрткі болды. Коллекторлық агенттіктер атқарушылық іс жүргізу рәсімдері аясында проблемалық берешекті қайтаруды жүзеге асырады. Сол себепті олар қарызды реттеуге немесе қайта құрылымдауға мүдделі емес. Соған қажетті маманды штатына алып, жүйелі жұмыс жүргізгісі келмейді. Оның орнына борышкерді қудалауды, мүлкін тартып алуды жөн көреді. 

Қаржылық реттеушінің мәлімдеуінше, бұл 2021 жылғы 1 қазаннан бері заңнамалық деңгейде енгізілген, банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін міндетті саналатын "борышты сотқа дейінгі реттеу тетіктерін толық пайдалануға мүмкіндік бермей тұр". Салдарынан, заңдағы "қарыз алушының қарызды қайта құрылымдау-реструктуризациялау туралы өтінішін кредитордың міндетті қарауы рәсімі" жайына қалды. Оны айналып өтудің түрлі соқпақ, схемалары қолданылады. 

Жаңа заң жобасында осы олқылықтардың барлығы ескеріліп, оларды жоятын тың шешімдер қарастырылуы керек.

Әділін айтқанда, тұтынушыларды қорғау бағытында шаруалар да қабылдануда. Азаматтардың борыш жүктемесін азайту үшін агенттік банктер мен МҚҰ-лардан проблемалық кредиттер мен жеке тұлғалардың микрокредиттерін азайту жөніндегі жеке жоспарларды сұратты. Жеке жоспарлар аясында осы қаржы ұйымдары өз қаражаты есебінен проблемалық қарыздарды қайта құрылымдауға, сыйақы ставкаларын төмендетуге, төлемдер кестесін қайта қарауға, проблемалық берешекті толық не ішінара есептен шығарып, кредитті кешіруге тиіс.

Агенттік дерегінше, бүгінде банктер 153 миллиард теңгеге 323 мың азаматтың кредитін реттеді. 

Ал микроқаржы ұйымдары 72 миллиард теңгеге 388 мың азаматтың микрокредитін реттеді. Қазіргі кезде екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарының жеке жоспарлары жаңартылып жатыр және 2025 жылға дейін ұзартылатын болады.

Бұған қоса, тұтынушылық кепілсіз микрокредиттердің шамадан тыс өсуіне жол бермеу, сондай-ақ қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін агенттік келесі шараларды ұсынып отыр:

90 күннен астам төлем мерзімін кешіктірген жеке тұлғаларға банктердің және микроқаржы ұйымдарының кредиттер мен микрокредиттерді беруіне мүлдем тыйым салу; 

Егер банктер мен МҚҰ-лар мерзімі өткен берешек туындаған кезден бастап 18 ай ішінде проблемалық берешекті реттеуді жүргізбесе, онда жеке тұлғалардың сол кредиттерін коллекторларға сатуына тыйым салу;
коллекторлық агенттіктердің өздері сатып алған жеке тұлғалардың кредиттері бойынша проблемалық берешекті реттеу рәсімдерін жүзеге асыру міндетін белгілеу;

коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру: қарыз алушылармен және олардың өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау кезінде олар қолдана алмайтын жосықсыз әрекеттер тізімі бекітіледі. 

Сонымен қатар, ұйымдардың қызметін бақылауды күшейту және жедел ықпал ету үшін МҚҰ-лар қызметін қашықтан қадағалау нысанын жүргізу және микроқаржы нарығының субъектілеріне қатысты қосымша пруденциялдық нормативтерді белгілеу жөніндегі агенттік құзыретін басқа қаржы ұйымдарын реттеуге ұқсас етіп толықтыру ұсынылады.

Жалпы, халықтың борышқа батқаны не батпағаны туралы сарапшылар ары қарай өзара дауласа берер. Әйтсе де, мемлекет бірде бір адамды қиындықпен жалғыз қалдырмауға міндетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу