Қарызын уақытылы төлей алмаған несие алушы өтініш арқылы жеңілдіктер алуға құқылы

13163

Егер қарыз алушы кредитін мерзімінде төлей алмаса, бірінші кезекте несие алған банкке немесе МҚҰ-ға өтінішпен жүгінуі қажет. 

Қарызын уақытылы төлей алмаған несие алушы өтініш арқылы жеңілдіктер алуға құқылы Фото: google.com

2021 жылғы 1 қазаннан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін енгізілген міндетті тәртіпке сәйкес, мұндай жағдайда дұрыс шешім қабылдауға  қарыз алушы ғана емес, кредит беруші ұйым да мүдделі болуы тиіс, деп жазады inbusiness.kz  fingramota.kz сайтына сілтеме жасап. 

Заңнама талаптарына сәйкес кредитор қарыз алушыға төлем мерзімін кешіктірген 20 күн ішінде хабарлауға міндетті. Хабарламада кредиттік ұйымдар азаматтарға:

  • Мерзімі өтіп кеткен несиенің төленуі тиіс нақты мөлшерін көрсете отырып, төлем жасау қажет екенін;
  • қарыз алушы-жеке тұлғаның кредиторға жүгіну құқығын;
  • кредиттер мен микрокредиттер уақыты төленбеген жағдайда салдары қандай болатынын хабарлайды.

Төлем мерзімін кешіктірген жағдайда несие алушы не істеуі керек? 

Төлем мерзімін кешіктірген күннен бастап 30 күн ішінде кредиттік ұйымға өтініш жасап, несиені уақтылы төлемеу себебін көрсетуге тиіс. Қаржылай қиындықтарға тап болғанын растайтын құжат болуы маңызды және болашақта кредитті өзіне қолайлы  жолмен өтеудің мүмкіндіктерін көрсетуі.

Заңнамаға сәйкес мұндай жағдайда қарыз беруші ұйым қарыз шартының талаптарына бірқатар өзгеріс енгізуі тиіс:

• Сыйақы мөлшерлемесін азайту бойынша қарыз шартын қайта қарау;
• шетел валютасында берілген қарыз бойынша негізгі қарыздың қалған сомасы ұлттық валютаға ауыстыру;
• негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;
• берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу жүйесіне өзгеріс енгізіп, негізгі борышты өтеуге басымдық беру;
• қарыз мерзімін өзгерту;
• айыппұлдың, комиссиялардың және  қарызға қызмет көрсету бойынша банк тарапынан бекітілген өзге де төлемдердің күшін жою арқылы мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру;
• ипотека мәні болып табылатын жылжымайтын мүлікті кепіл берушінің дербес өткізуі;
• қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың орнына банкке (банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) кепіл мүлкін беру арқылы бас тарту төлемін ұсыну;
• сатып алушыға қарыз шарты бойынша міндеттеме бере отырып, ипотеканың мәні болып табылатын жылжымайтын мүлікті өткізу.

Қарыз алушының өзі кредит берушіге өзінің қаржылық және әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат беруі, кірістердің төмендеуі немесе болмауы немесе қаржы ұйымы алдындағы міндеттемелерін орындауға мүмкіндік бермеген фактіні құжатпен растауға тиіс. Сұратқан құжаттарды ұсынбау қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыруға негіз болады

Қарыз алушы барлық қажетті құжатты ұсынғаннан кейін, банк немесе МҚҰ қарыз алушының ағымдағы қаржы және әлеуметтік жағдайы (төлем қабілеттілігі), кепіл тұрғын үйдің жалғыз баспанасы екені, мерзімі өткенге дейін қарыз бойынша міндеттемелерді адал орындауы сияқты факторларды ескере отырып, өтінішті қарау рәсімін бастайды.

Күнтізбелік 15 күн ішінде кредитор төмендегі жауапты беруге тиіс:

  • шарт талаптарына ұсынылған өзгерістерді қабылдап, келісу;
  • шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын ұсыну;
  • себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, бас тарту. 

Егер өзара қолайлы нұсқа табылмаса, қарыз алушы не істеуі керек? 

Қарыз алушы несиенің төлеу шарттарын өзгертуге қатысты кредит берушімен келісімге келе алмаған жағдайда немесе қаржы ұйымы мерзімі өткен берешекті реттеу рәсімін жүргізбесе және дәлелді негіздемелер ұсынылмаса, қарыз алушы 15 күн ішінде  ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіне алады. Бірақ өз өтінішімен бірге кредит ұйымына жүгінгенін және өзара қолайлы шешімге келе алмағанын растайтын құжаттарды қоса беруі керек.

Қарыз алушының өтініші негізінде Агенттік қаржы ұйымына қатысты құжаттық тексеру жүргізуге бастама жасай алады.

Егер қарыз алушы кредиттік ұйымға жүгінбесе кредитор оған қатысты шаралар қолданатын болады:

• жәрдемақы, алимент, тұрғын үй төлемн, нотариустың депозит жағдайындағы енгізілген ақшаны, білім алуға жиналған салым туралы шарт бойынша ақшаны алуға арналған арнайы шоттарды қоспағанда, борышкердің шотынан қарызды өтеу үшін қаражат алуға.
• берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беру немесе талап ету құқығын үшінші тұлғаларға беретін болады.

Өйткені қарыз шартында несие алушы несиесін мерзімінде өтемеген жағдайда кредит беруші ұйым коллекторлық агенттікті тартуға құқығы болса, берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке бере алатыны көрсетіледі.

Сонымен қатар кредиторлар мәжбүрлеп өндіріп алу үшін сотқа жүгіне алады. Бұл ретте сот барлық мән-жайды, оның ішінде кредитор мен қарыз алушының берешекті реттеу бойынша барлық шараны қабылдауын ескеретін болады.

Еске сала кетейік, 2022 жылы сәуірде Агенттік және ҚР Жоғарғы сотының арасында Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум сотқа дейін, соттан тыс реттеумен байланысты дауларды шешуге бағытталған. Осылайша, соттар кредиттік ұйымдардың азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеу жөніндегі бірыңғай тәртібін сақтауына барынша көңіл аударады. Аталған тәртіп тиісті түрде орындалмайтын жағдайда, соттар істерді қараусыз қайтарады.

Халықтың әлеуметтік осал тобына жататын қарыз алушы ипотекалық қарызын мерзімінде өтей алмаған жағдайда кепілдегі мүлікті сот тәртібімен, сондай-ақ соттан тыс тәртіппен өндіріп алуға жол берілмейді.

Ипотекалық қарыз шарттарынан туындайтын наразылықтарды реттеу үшін қарыз алушылар банктер туралы заңға сәйкес банк омбудсманына жүгіне алады.

2021 жылы Агенттік Алматы қаласы әкімдігімен, Банк омбудсменімен, банктермен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандумның талаптарына сәйкес несиесін мерзімінде өтей алмаған қарыз алушылардың банк балансына қабылданған тұрғын үйін қоса алғанда жалғыз баспанасын өткізуді және қарыз алушыларды, оның ішінде банк балансындағы осы мүліктің бұрынғы меншік иелерін тұрғын үйден шығаруды тоқтата тұрады. 

Қазіргі уақытта Меморандумды атаулы әлеуметтік көмек алатын табысы аз қарыз алушыларға қатысты қолдану бойынша сондай-ақ мерзімін 2023 жылғы 1 қазанға дейін ұзарту жөнінде жұмыс жүргізілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу