Қаржы қақпаны

4317

Ақмола облысында күмәнді фирмалар көбейіп кетті.

Қаржы қақпаны

Бес теңге салып, он теңге етіп қайтарып аласың деп адамдарды жалған уәдемен алдап, тақырға отырғызып кететін алаяқтық қаржы пирамидалары Ақмола облысының аумағында талай рет көрініс берген. Тіпті осыдан бірнеше жыл бұрын халықты дүрліктіріп, мыңдаған адамды тартқан қаржы пирамидасы басшылары сотталған да болатын. Десе де оңай жолмен олжа тапқысы келетіндер қатары азаймай отыр.

"Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек" дегендей, бүгінде көрініс беріп отырған қаржы пирамидаларының бұрынғылардан ерекшелігі, негізінен интернет арқылы шақырып, ұйымдастырушылар тасада көрінбей қалауды.

"Қаржы пирамидасы – бұл жеке адамдардың қаражаттарын қандай да бір инвестициялық жобаларға тарту, бірақ, шын мәнісінде ешқандай инвестициялық қызмет жүзеге асырылмайды және жобаның алдыңғы қатысушыларына ақы төлей отырып, тек жаңа қатысушылардың қаржысын тарту есебінен ғана жүргізіледі, – деп түсіндірді бізге облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің алдын алу және бақылау жұмыстары жөніндегі басқармасының басшысы Қоныс Жұмағұлов.

Ерте ме, кеш пе қаржы пирамидалары міндетті түрде банкротқа ұшырайды. Бұл жаңа клиенттердің ақшасы бұрынғыларға пайыз төлеуге жетпеген уақытта болады. Мұндай компаниялардың жұмысы күтпеген жерден тоқтайды, ал салымшы ақшасын қайтара алмай, сан соғып қалады.

Қаржы пирамидасы сіз ақшаңызды әкелген күннің ертесінде-ақ  банкротқа ұшырауы мүмкін. Кейде жылдап қызмет етеді, бұл уақытта сіздің пайда табуыңыз мүмкін, бірақ  бұл тек сіздің соңыңыздан келген адамдардың есебінен ғана болады, айналып келгенде мұның да түбі жақсылыққа апармайды.

Компанияның қаржы пирамидасына қатысы бар, жоғын қалай анықтауға болады деген сұраққа Қоныс Жұмағұлов: "Сату көлемімен байланыссыз төлемдер,  үлкен пайыздар мен тез баюға уәде беретін жарнамалар, белсенді сатушылар, уәдені үйіп-төгетін тұсаукесерлер, әдемі сайттар, жарнамалық таратылымдар  бұлардың барлығы қатысушыларға қанша табыс табатындары жайында айтып, қызықтыруға қызмет етеді. Адамдардың басым көпшілігіне бұрын естіп көрмеген форекс, стокс, фьючерс, трейдинг сынды таныс емес арнайы мамандандырылған терминдер айтылады. Кез келген қаржы пирамидасына қатысу үшін ақы төлеу талап етіледі. Сұралатын сома көп адамдар үшін қолжетімді болады. Ұйымдастырушылар, құрылтайшылар туралы мәліметтер айтылмайды. Егер басшылық туралы мәліметтер құпия болса, ал компанияның өзі қандай да бір аралда немесе офшорлық  аумақта тіркелген болса, онда бірден секемдену керек", – деді.

Соңғы кезде Ақмола облысының аумағында инвестициялық пакеттер жарнамалаумен  және сатумен айналысатын күмәнді фирмалар көбейді. Бұл пакеттерді сатып алған адам ай сайын белгілі сомада өсім алып отырады-мыс. Шынын айтқанда, жалған уәдеге сеніп, инвестициялық пакеттерді сатып алып жатқандар да бар. Іс жүзінде бұл алаяқтықпен айналысатын қаржылық пирамиданың нақ өзі. Уәдені үйіп-төгіп халықтың ақшасын алдап алып жатқан алаяқ компаниялардың қатарында мыналар бар: White – 90 еуроға сатып аласыз,  айына 17,30%  табыс түсіреді. Yellow – құны 270 еуро, айына 18,20% кіріс кіргізеді. Green – 810 еуро, айлық табысы 19,90%.  Blue – 2430 еуро,  айлық өсім 21,60%.  Red – 7290 еуро, табысты айына 22,50%-ға еселейді. Black – 21870 еуро, айлық табысы үстінен 26%.

Көріп отырғандарыңыздай, пакет бағасы көтерілген сайын, өсім табысы да жоғарылай береді. Бір қараған адамға қазіргідей инфляция жағадан алған заманда бұл ақшаны сақтап, көбейтудің тамаша амалы сияқты көрінеді.  Осындай пакетті сатып алып, ақшаға қарық болып жүрген адамдардың сөздері, көз  қарықтырар жарнамалар, үйіп-төгіп берілген уәделер  бұрын мұндай алаяқ компаниялармен істес болмаған жанға керемет әсерін тигізіп, жиған-тергенін ойланбай салуға иттермелейді. Ал ақшаңызды бір салған соң оны қайта шығару мүмкін болмайды.

Қаржы пирамидаларын құрып, ұйымдастырғаны үшін ҚР қылмыстық кодексінің 217 бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Осы бап бойынша заң бұзушының мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Қалкөз Жүсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу