Қаржы министрі жыл басынан мемлекеттік бюджетке қанша кіріс түскенін айтты

1637

Жоспар 93,2%-ға орындалды. 

Қаржы министрі жыл басынан мемлекеттік бюджетке қанша кіріс түскенін айтты Фото: Үкімет

Қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында 9 айдағы мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ведомство басшысының дерегінше, мемлекеттік бюджетке 14 трлн 967 млрд теңге кіріс түскен. Жоспар 93,2%-ға орындалды.

"Оның ішінде республикалық бюджеттің түсім көлемі 9 трлн 074 млрд теңгені құрап, жоспар 83,1% орындалды. Жоспардың орындалмау себептерінің бірі салықтар бойынша түсімдердің 76%-ға төмендеуіне байланысты болып отыр. Өткен жылмен салыстырсақ, салықтардың жалпы деңгейі сақталуда. Кірістер бойынша жоспарлы көрсеткіштердің дұрыс атқарылмауына келесі негізгі факторлар әсер етті. Біріншіден, мұнай өндіру көлемі 5,3 млн тоннаға қысқарды. Екіншіден, әлемдік экономиканың баяулауы мен геосаяси жағдайлар сыртқы сауда қызметіне, және елдің ірі компанияларының жеткізу тізбегінің үзіліп қалуына әсер етті", - деді Мәди Такиев.

Министр осы жылдың 8 айында импорт көлемі 8,3%-ға, оның ішінде Қытай Халық Республикасына 6,5%-ға, Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен 4%-ға төмендегенін жеткізді.

"Негізгі экспорттық металдарға бағаның төмендеу үрдісі де сақталуда. Нәтижесінде түсімдер қарқынының төмендеуі өңдеу өнеркәсібі салаларында 34%-ға, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 6%-ға және ақпарат пен байланыс саласында шамамен 36%-ға жетті. Үшіншіден, өткен жылмен салыстырғанда қосылған құн салығын қайтару көлемі 3 есе ұлғайды. Бұл өз кезегінде бизнесті айналым қаражатымен қамтамасыз етті", - деді ол.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің сөзінше, атқарылмаған салық түсімдері салықтық емес төлемдердің өсуімен өтелді. Мәселен, аталған төлемдер бойынша есепті кезеңде 148 млрд теңге жоспарланған болса, іс жүзінде 921 млрд теңгені құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу