Қаржы министрлігі өзбек шекарасына қатысты мәлімдеме жасады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3382

Қазақ-өзбек шекарасында 170-тен астам фур алға жылжи алмай, кептеліп тұр.

Қаржы министрлігі өзбек шекарасына қатысты мәлімдеме жасады

Олардың кейбірі бірнеше күннен бері елімізден шығып кетуді зарыға күтіп, дағдаруда.

Өзбекстанмен арада қалыптасқан жағдай өткен жылы Қырғызстанмен шекарада болған оқиғадан өзгешеленеді. Былтырғы қазан айында қырғыз тарапынан жүк көліктерінің шекарадан бері аса алмай, ұзын-сонар кезек қалыптасқанда Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік қызметі мұны "профилактикалық шекаралық операцияның" жүргізілуімен түсіндірген болатын. Тек кейін екі елдің басшылары арасындағы келісім ғана кедендегі бұл тоңды жібіткен болатын.

Ал содан бір жыл өткенде қазақ-өзбек аралығындағы өткізу пункттерінде қалыптасқан ағымдағы ахуал бойынша бүгін қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеме жасады. Өйткені кедендік бақылау қызметі осы органға қарайтыны мәлім.

Құзырлы орган бұл "күйзеліске" көрші ағайындардың кейінгі кездері бүкіл әлеммен сауда-саттығын күрт қыздырғаны себеп деп санайды. Ал көршілердің бұл істе тегеурінді ілгерілеуіне ортадағы қазақстандық кеден дайын болмай шықты.

"Соңғы екі жылда Өзбекстан және бізбен іргелес қонған мемлекеттер өздерінің сыртқы сауда белсенділігін арттырғаны байқалуда. Мәселен, Еуропа елдерінен және Кытайдан Тәжікстанға, Ауғанстанға, Иранға және Пәкістанға ағылған жүк ағыны қарқынды ұлғайған. Осының бәрі қазақстандық-өзбекстандық шекара арқылы да жүк тасымалдау қарқынының өсуіне әкелді. Мәселен, 2017 жылғы қаңтардан 2018 жылғы қыркүйекке дейінгі аралықта еліміз арқылы өтетін жүк көліктерінің ағыны 3,5 еседен астамға өсті. Нәтижесінде, 2017 жылғы қыркүйек қорытындысы бойынша шекара арқылы 5,8 мың жүк көлігі өтсе, 2018 жылғы қыркүйекте бұл көрсеткіш 21,7 мыңға жетті", – дейді мемкірістер органы.

Оның дәйектеуінше, "бұл ретте қазіргі өткізу пункттерінің қолданыстағы инфрақұрылымы ағымы ұдайы өсіп бара жатқан жүк көліктерін бірқалыпты және жылдам өткізуге мүмкіндік бермейтін" көрінеді. Бұл ақыры кептеліске әкеп соққан.

"Негізгі жүктеме "Б.Қонысбаев" атындағы өткізу пунктіне түсуде, оның жобалық өткізу қабілеттілігі 75 жүк көлігіне есептелген, шынында, күн сайын шығу бағытында 150 жүк тасымалдайтын көлік өтеді. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қазіргі жағдай бойынша шығуға бағытталған кезекте 170 жүк тасымалдайтын көлік тоқтап тұр", – деп растады Мемлекеттік кірістер комитеті.

Ведомство Өзбекстан шекарасындағы көліктердің зор шоғырын азайту үшін бірқатар жүйелі және жедел шараларды қабылдап жатқандарын хабарлады.

Біріншіден, алып жүк көліктерін өткізу пункттері арасында теңдей бөліп, көлік ағынын бір қалыпқа түсіру үшін жүргізушілер мен тасымалдаушылар арасында түсіндіру жұмыстары қолға алынған. Оларға кептеліске килікпеу үшін жүру бағытын қалай түзу керектігі жөнінде кеңестер берілмек.

Екіншіден, шекара арқылы жылдам өткізу технологиясы қайта қаралған екен.

Үшіншіден, қалыптасқан жағдайдың шешімін табу үшін осы қазан айында екі елдің кеден қызметтері басшыларының кездесуі өтеді.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Өзбекстанның кеден органдары өткізу бекеттері алдындағы кептелістер туралы күн сайын жедел ақпаратпен алмасуды жүзеге асыра бастаған. Сондай-ақ жылдам өткізу бойынша шаралар келісілуде.

Қаржы министрлігі жылдың аяқталып қалғанына қарамастан, ол түгесілгенше, "Б.Қонысбаев" өткізу бекетін қайта құру және жеткілікті түрде техникалық жарақтандыру жұмыстарына кірісіп кетпек. Яғни, шұғыл шаралар қолға алынуда. Соның арқасында өткізу қабілеттілігі тәулігіне 1 мың жүк көлігіне дейін ұлғайтылады деп күтілуде. Әйтпесе, өзбек жақтағы "Яллама" бекетінің ондай қиындықтары жоқ деседі.

Сарапшылар Өзбекстанмен шекарадағы қазақстандық кеден бекеттерінің биылғы наурыз айынан бері осылай күшейтілген және тәулік бойғы режимде жұмыс жасап жатқанын, бірақ соның өзі фурлар ағынын еңсеруге жетпейтініне назар аудартады. Сондықтан мемлекет шұғыл шараларды қолға алуға мәжбүр.

Осылайша, өзбек ағайындар қазақстандық кеденнің жаңғыртылуына ықпал етіп, жұмысына серпін қосуда.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу