Қаржы реттеушісі қаржы пирамидасын бақыламайды

8191

Қарапайым қазақстандықтарды қақпанға түсіру үшін қаржы пирамидаларының басында тұрған алаяқтар күрделі схемаларды ойлап тауып жатыр.  

Қаржы реттеушісі қаржы пирамидасын бақыламайды

Былтыр қаржы пирамидасына қатысы бар 100-ден астам компания ел азаматтарын сан соқтырды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі . 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржы нарығындағы асыра пайдалануға қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Мақсат Шағдаровтың айтуынша, алаяқтықтың бірнеше схемасы бар. Бір адам арқылы екінші адамнан ақша тарту, біреуден алған ақшаны екінші адамға жалақы деп ұсыну классикалық жанр саналады. 

"Алаяқтар желілік маркетингті қолданады немесе тұтыну кооперативтеріне тарту әдісіне жүгінеді. Желілік маркетинг те, қаржы пирамидасы да иерархиялық құрылымға негізделген. Желілік маркетинг өнім сатудан пайда табуға негізделген. Көптеген адамдардың желілік маркетингке күмәнмен қарайтынына қарамастан, бастапқы төлемнің белгілі бір мөлшерін ғана төлеп, жылжымайтын мүлік сатып алу туралы ұсыныс адамды қызықтырмай қоймайды", – дейді басқарма басшысы. 

Мақсат Шағдаров жылжымайтын мүлік, автокөлік және басқа да қымбат мүлік сатып алуға ақша жинауға көмектесетін компаниялардың тұзағына түсіп қалмау үшін бас айналдыратын ұсыныстарды ой елегінен өткізіп отыру қажет дегенді айтады. 

"Мысалы, қатысушы 6 ай мерзімге 800 доллар салады, ол 6 айдан кейін 
19 200 доллар сыйақы алады. Сыйақы көлеміне қатысушылардың саны мен  салымы әсер етеді. Бұдан бөлек 200% және одан көп мөлшерде сыйақы төлеуді көздейтін бағдарламалар бар. Мұнда қатысушының өз құқығын екінші адамға беруі немесе мүлікті кепіл ретінде қалдыруы негізгі талап болады. Мұндайдан абай болу керек", – дейді ол. 

Мақсат Шағдаровтың түсіндіруінше, "Эксклюзивті клубқа мүше" деген бастамалар мен жобалар да жақсылыққа жетелемейді. 

"Мұндай клубтар қазақстандықтарға круиз, жолдама, саяхат ұсынады, бизнес құру және ілгерілету бойынша тренинг өткізеді. Хиромантия, сихология, нумерология деген ұғымдармен адамдардың басын қатырып, жарна алып отырады", – деді басқарма басшысы.

Мақсат Шағдаровтың айтуынша, қаржы пирамидасында бинарлық опциондар платформасы кеңінен қолданылады. 

"Ұйымдастырушы әлеуметтік желі арқылы жеке тұлғаларды бағалы қағаздар нарығындағы операциялар бойынша оқуға тартады. Оқытқаннан кейін, клиентке бағалы қағаздарды сатып алу және сату операциялары мен бинарлық опциондармен операция жасау мүмкіндігі болатын арнайы платформа ұсынады. Клиент демо-шотты және адамның ақша табуына жағдай жасайтын платформаны қолдана отырып, операцияларды жүзеге асыра бастайды. Әрі қарай нақты ақша қолданып, әрекет етеді. Клиентте қаражат жеткіліксіз болса, онда ол шақырылған әрбір қатысушы үшін бонус алады. Бұл платформалардың көпшілігі шетелдік компанияларға тиесілі. 
Ел аумағында тіркелген компаниялар тек консультациялық қызмет көрсетеді. Бұл жердегі платформа пайдаланушылар үшін әдейі тиімсіз етіп жасалған", – деді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі.  

Мақсат Шағдаровтың түсіндіруінше, кімде-кім қысқамерзімде үлкен кіріс ұсынса, сыйақы алу үшін бірнеше қатысушыны тартуға үгіттесе, бірден  сақтық шарасына кірісу керек.  

"Алаяқтарға алданып қалмау үшін компанияның беделін және ұсынылып отырған ақпараттың дәйектілігін зерделеңіз. Депозит тартуға құқығы бар барлық қаржы ұйымында қаржы реттеушісінің лицензиясы болуға тиіс. Компанияның иесі және басшылығы туралы ақпаратты тауып алыңыз және қайда тіркелгенін біліңіз. Басшылық туралы дерек құпия, ал компанияның өзі әлдебір оффшорлық аймақта тіркелген болса, онда ойлану керек", – деді Мақсат Шағдаров.

Ол соңғы 3 жылда елімізде қаржы пирамидасын құруға қатысты 180 факті тіркелгенін тілге тиек етіп, алаяқтар азаматтардың 8,3 млрд теңгесін иемденіп кеткенін айтты. 

"Мынаны есте сақтау керек: қаржы пирамидалары қаржы ұйымына жатпайды. Олардың депозит қабылдау, жеке тұлғаларға банктен шот ашу және шот жүргізу құқығы болмайды. Сондықтан оларды қаржы реттеушісі бақыламайды. Реттелмейтін ұйымға ақша салған кезде олардың толық жоғалып кету тәуекелі жоғары болады. Себебі оның қатысушылары арасындағы қарым-қатынас өзара сенімге негізделеді және ақша беру әрекетін қатысушылардың өздері жасайды. Қаржы алаяқтарына ұрынып қалмау үшін қаржылық сауаттылықты арттыру, қол қоятын құжатты мұқият зерделеу қажет. Ақшаңызды сеніп тапсырған ұйымда қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы болса, әлдеқандай жағдайда агенттікке шағымдана аласыз. Қаржы пирамидасына ұрынсаңыз, ақшаңыздың сақталуына ешкім кепілдік бермейді. Қаржы ұйымында лицензия бар, не жоқ екенін finreg.kz сайтынан білуге болады", – деді Мақсат Шағдаров.

Қанат Махамбет


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу