Қаржы секторын қайта жаңғырту жалғасады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3028

Данияр Ақышев үкімет отырысында 2017 жылдың алдын ала қорытындыларын жария етті.

Қаржы секторын қайта жаңғырту жалғасады

Ұлттық банк басшысының айтуынша, инфляция деңгейі шекті деңгейден (6-8%) асқан жоқ. Теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 4,6%-ға, юаньға қатысты бағамы 0,8%-ға нығайды. Ал ұлттық валютаның еуро мен рубльге шаққандағы бағамы 5% және 0,8%-ға әлсіреген. Нақты тиімді айырбастау бағамының индексі 2013 жылғы желтоқсандағы бәсекеге қабілеттіліктің базалық деңгейінен 21%-ға төмендеді. Бұл отандық тауарлардың бағамдық бәсекеге қабілеттілігінің сақталғанын растайды.

"Алдын ала деректерге сүйенсек, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері жыл соңында 31,1 млрд АҚШ долларын құрады. Бір жыл ішіндегі өсім 4,7%-ға тең. Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері жыл соңында 57,7 млрд АҚШ долларына тең болды. Жалпы халықаралық резервтер 88,8 млрд АҚШ долларын құрады", – деді Данияр Ақышев үкімет отырысында.

Төрағаның мәліметінше, депозиттер көлемі жыл басынан бері 2,7%-ға төмендеп, қараша айының соңында 17,7 трлн теңгені құраған. Шетел валютасындағы салымдар 13,4%-ға қысқарса, теңгелей салымдар керісінше 10%-ға өсті. Осының нәтижесінде шетел валютасындағы салымдардың үлесі 48,6%-ға дейін кеміді.

Банктердің экономикаға бағыттаған несиелерінің көлемі 11 айда 1,8%-ға немесе 13 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Теңгелей несиелер 10%-ға немесе 9,4 трлн теңгеге дейін өсті. Шетел валютасындағы кредиттер 15,3%-ға қысқарды.

"Төлем жүйелері экономикалық белсенділікті қалыпқа келтіру көрсеткішінің бірі болып табылады. 2017 жылғы 11 ай ішінде Ұлттық банктің төлем жүйелері арқылы 33 млн транзакция өткізілді. Төлемдер сомасы 781 трлн теңгеге жетті. Бұл 2016 жылдың 11 айымен салыстырғанда, 48%-ға көп", – деді Ұлттық банк басшысы.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің айтуынша, әзірше валюта нарығындағы ахуал тұрақты. Ұлттық валютаның орта мерзімді болашақтағы бағамын айқындайтын іргелі факторлар оңтайлы қалыптасуда.

"2017 жылы Ұлттық банк қаржы секторын қайта жаңғырту шеңберінде банк секторының орнықтылығын арттыру бағдарламасын жүзеге асырды. Осылайша, "Қазкоммерцбанк"-тың балансы "БТА банк"-тың қарыздарынан толығымен тазартылып, қосымша провизияның қажетті деңгейі қалыптастырылды. Ұлттық банк бес банктің қайта жаңғырту бағдарламасына қатысуын мақұлдады. Жекелеген банктер рейтингтік агенттіктер тарапынан оң баға алды", – деді ол.

Данияр Ақышевтың баяндауынша, Ұлттық банк мемлекет басшысының биылғы жолдауында айтылған халықтың шетел валютасындағы ипотекалық қарыздарына қатысты мәселесін түбегейлі шешу тетіктерін әзірлеуге кірісіп кеткен.

Сондай-ақ ол сақтандыру секторын дамыту үшін заң жобасы әзірлегенін айтты. Құжат мәжілістің қарауында жатыр. Заң жобасы сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін және сапасын арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және сақтандыру нарығының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу