Қаржының жыры – диқанның мұңы

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
2826

Несиеден үмітті болған оңтүстіктің диқандары ақыры тұқым себуді бастап кетті. 

Қаржының жыры – диқанның мұңы

Биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына ел қазынасынан 60 млрд теңге қарастырылды. Алайда бұл қаржының кештеу бөлініп отырғанын мойындауымыз керек. Бұл жерде біз мәселені Оңтүстік Қазақстан облысына қатысты айтып отырмыз. Бұған себеп жоқ емес. Өйткені Оңтүстікте көктемгі егіс жұмыстарының басталғанына 2 аптаға жуық уақыт өтті.  Мұнда көктем ерте шығатынын ескерсек, шаруалар аталған қаражатты алуға аса құлшынып та отырған жоқ. Оның үстіне шаруаларды қаржыландыру үшін "Аграрлық несие корпорациясы"  өтініштерді кеш қабылдап, алғашқы несиелерді енді бір айдан кейін ғана беретін болып отыр.

"Қаржыны бір-екі ай бұрын бөлуі керек еді", – дейді оңтүстікқазақстандық шаруалар. Күнгейлік диқандар бұл өтінішін өткен айда Оңтүстікке арнайы жұмыс сапарымен келген премьер-министрдiң орынбасары – ауыл шаруашылығы министрi Асқар Мырзахметовке тікелей  жеткізген болатын. Сонда Асқар Исабекұлы бұл мәселені қойын дәптеріне түртіп те алған.

Ол сол жолы кооператив мүшелерiмен кездесіп,  ауыл шаруашылығы кооперативтерiн құру заман талабы екенiн айтқан. Министр осы салада нәпақа тауып жүрген азаматтарды бiрiгуге, iрiленуге шақырып, кооператив құрылған жағдайда мемлекет тарапынан көмек арта түсетінін жеткізген. Министрдің айтуынша, биылғы жылы 11 тиiмсiз субсидия түрi алынып тасталып, 35 субсидия түрiнiң нормативтерiне өзгерiс енгiзiлген.  Нәтижесiнде ұсақ шаруашылықтар мен кооперативтердiң мемлекеттiк қолдау шараларымен қамтылуын 7,5 есеге ұлғайту көзделген. Бұған министр сүт қабылдау және мал бордақылау пункттерiн ашуға да басымдық беретінін баяндады.

Алайда кооператив болып бірігу бір-екі күндік шаруа емес. Оның үстіне кооператив болып бірігудің талаптары да оңай емес. Ең кемі 20 шаруа қожалығы бірігіп, ұжымдасуға тиіс. Бұлай болмаған жағдайда мемлекет тарапынан жәрдем қаржы берілмейді.

Бір өкініштісі, бүгінгі таңда субсидиялардың 17 бағытының екеуі (яғни асыл тұқымды мал шаруашылығы, тыңайтқыштар) бойынша ғана өтінім "Электронды үкімет" порталы арқылы  беріледі. Ал шешімдерді қабылдау, субсидияны беру процесі автоматтандырылмаған. Бұл – бір. Екінші түйткіл – субсидиялармен қатар кредиттерді қарау мен беру процесі де заман талабына лайықталмаған. Дәл осындай жағдай мал шаруашылығында да орын алған. Бір сөзбен айтқанда, субсидиялау ісінде әлі де болса шикілік көп. Мұны ауыл шаруашылығы министрлігі де жақсы аңғарып отырса керек. Асқар Исабекұлы елімізде ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау ісін қайта қараған жөн деген тұжырым айтты.

Биыл майлы дақылдары өндіру, оны қайта өңдеу мен мал азығы зауыттарын ынталандыруға  басымдық беріліп отырғаны қуантады. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстанға арнайы келген аграрлық несие корпорациясының өкілдері мәлімдеді.

Бұдан бөлек фермерлердi кооперативтерге тарту мақсатында өңiрге ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң өкiлдерi келіп, түсіндіру жүргізуде. Олар ауыл-ауылды аралап, тұрғындармен кездесулер өткiзіп жатыр. Бүгiндерi жеке аулалық шаруашылықтардың көбi кооперацияларға бiрiгудiң пайдасы зор екенін бiледi. Ең бастысы - еңбек өнiмдiлiгi артады, нарықта өнiм тапшылығы азайып, баға тұрақталады. Тұрғындар ет, сүт өнiмдерiн делдалсыз тiкелей тауар өндiрушiге өткiзуге мүмкіндік алады. Ең ұтымды тұсы - iрiленген шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан берiлетiн түрлi жеңiлдiктерге қол жеткiзу оңайға түседi.

"Бізге ауыл шаруашылығы мамандары бірігіңдер деп жатыр. Әрине бірігуге болар еді. Бірақ қолбайлау болып отырған мәселелер өте көп. Бірқатар шаруалардың егістік жерлері өте аз. Жердің құнарлылығы да көңіл көншітпейді. Кейбір ауылдарда ағын су тапшылығы қолбайлау болып отыр. Сондықтан шағын шаруашылықтардың бірігуі оңайға түспейді", – дейді "Бағ-Дәулет" шаруа қожалығының төрағасы Еркін Сейдраманов.

Бiр ғана инвестициялық субсидиялау жайлы айтар болсақ, бұл жерде сүт қабылдау, мал сою қосындары бойынша қаржылай қолдау көрсетiлгелі отыр. Одан бөлек, iрi қара және сүт қабылдауға қажеттi қондырғылар алуға да көмек болады. Жалпы бүгiндерi кооперативтерге бiрiгемiн дегендердiң қатары көбейгенімен іс жүзінде  бірігіп жатқандары өте аз.

Ауыл шаруашылығы саласында iсiн дамытамын дегендерге "Ырыс" бағдарламасы да көмек бере алады. Жеке кәсiпкерлер мен шаруалар жылдық 6% үстеме ақымен 7 жылға дейiн 13 млн теңге көлемінде  несие ала алады.  Оның 2 жылы жеңiлдетiлген, яғни негiзгi қарызды жабуға бағытталады.  Бұл жерде қойылатын негiзгi талап, ол – несие алушылар мiндеттi түрде кооператив құрамында болуы тиiс. Кейiн өз iсiн дамытып, кеңейтуге мүмкiндiк мол. Сонымен қатар қондырғылар мен техниканың 50% субсидияланады.

Ауыл шаруашылығы министрінің сөзіне сенсек, бүгiндерi елiмiзде 157 ауыл шаруашылығы кооперативi болса, соның 30-ға жуығы терiскейде құрылған екен. Айта кетейік, мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында еліміздің барлық аймағында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Биыл 250 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарлануда.

"Оңтүстік Қазақстан облысында 2017 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес 18 ауыл шаруашылығы кооперативі, 15 сүт қабылдау пункті, 429 отбасылық мал бордақылау алаңы, 4 мал сою пункті, 5 жеміс-көкеніс әзірлеу пункті және 75 отбасылық жылыжай әзірлеу жоспарланған" , – дейді  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Серік Тұрбеков.

Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудағы белсенділікті арттыру үшін министрлік тарапынан сүт қабылдау және мал бордақылау пункттерін алғашқы жарнасыз иелену кестесі жасалды. Оған сәйкес "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ арқылы лизинг беру қарастырылған. Яғни алғашқы жарнаға инвестициялық субсидияның жалпы бағасының 50%-ын пайдалану қарастырылуда. Сондай-ақ мемлекет тарапынан кооперативтерге тапсырылған 1 литр сүтке 10 теңге субсидия беріледі. Ірі қара мал басына 20 мың теңге және ұсақ малға 1500 теңгеден  үлестіріледі.

Ақжол Қараспан, Шымкент

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу