KASE инвесторлар арасындағы байқауды қорытындылады

19911

Биржа қор нарығын бұқараға дәріптеуде – бөлшек сауда инвесторлары арасындағы байқауға қатысушылардың саны өткен байқаумен салыстырғанда 24 есеге көбейді.

KASE инвесторлар арасындағы байқауды қорытындылады

Қазақстан қор нарығының (KASE) бөлшек сауда инвесторлары арасындағы кезекті байқау дәстүрлі түрде еліміздегі биржалық сауданы дәріптеуге бағытталды. Байқау 2016 жылдың 1 қарашасынан 15 желтоқсанына дейін өткізілді. 21 желтоқсанда биржа салтанатты түрде жеңімпаздар есімін жария етті.

Жарыс шарттары бойынша, байқауға қатысушылардың KASE индексі тізімінің акцияларымен жасалған сауда-саттық мәмілелері есептелді. Байқауға қатысу үшін инвестор KASE сауда жүйесінде ең азы екі мәміле жасасуы шарт.

Салынған инвестицияның қорытынды табысы бойынша байқау жеңімпазы анықталды. Айта кетейік, байқау жарияланған кезде KASE индексінің ацияларымен жасалған мәміле нәтижесінде ең көп табыс тапқан үш қатысушы жеңімпаз атанады деп мәлімделген еді. Бірақ басқарма мүшесі, KASE бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директор Қайрат Тұрмағамбетовтің айтуынша, биржа басшылығы жүлде қорын ұлғайтып, "2016 жылдың үздік инвесторы" номинациясында жеке гран-при бөлу туралы шешім қабылдапты.

"Қатысушылардың көп болғанын және конкурсқа деген қызығушылықтың артқанын ескеріп, үздік табыс көрсеткішіне қол жеткізген жеке инвесторларға арнап тағы екі жүлделі орын – төртінші және бесінші орындар бөлінді", – деп сөзін жалғады Тұрмағамбетов.

Сонымен жүлдеді орындар келесідей бөлінді:

- Гран-при – Жақыпова Ардақ Шыңғысқызы, "Фридом Финанс" АҚ клиенті (табыс деңгейі – 40,89%);

- І орын – Сүлеймен Талғат Бақытқалиұлы, "Қазпошта" АҚ клиенті (табыс деңгейі – 31,96%);

- ІІ орын – Шайхин Айбек Жәдігерұлы, "Фридом Финанс" АҚ клиенті (табыс деңгейі – 18,10%);

- ІІІ орын – Емелбаева Фатима Равкатқызы, "АСЫЛ-ИНВЕСТ" АҚ клиенті (табыс деңгейі –13,91%);

- IV орын – Диденко Владимир Михайлович, "Қазпошта" АҚ клиенті (табыс деңгейі –13,36%);

- V орын – Карпенко Игорь Васильевич, "Фридом Финанс" АҚ клиенті (табыс деңгейі - 13,11%).

"Ең белсенді инвестор" номинациясында "Фридом Финанс" АҚ клиенті Қасенова Асыл Темірболатқызы жеңіске жетті. Конкурс өткен уақытта ол 251 мәмілеге қол қойған екен.

Өз клиенттерін байқауға қатысуға тартқан брокерлік ұйымдар да марапатталды. Бірінші орынға "Фридом Финанс" АҚ табан тіреді (964 клиент); екінші орын "Қазпошта" АҚ-ға (62 клиент) тиді. Жалпы байқауға жеті брокерлік ұйымның клиенттері қатысты.

Мұндай байқауды биржа осымен үшінші рет ұйымдастырып отыр – алғашқысы 2013 жылы, екіншісі 2014 жылы өткізілген болатын. Осы өткен үш байқаудың қорытындысын саралай келе, өте қызық құбылысты байқауға болады. Бірінші байқауға тоғыз брокерлік ұйымның клиенті – 94 бөлшек сауда инвесторы қатысты. 2013 жылғы байқау кезеңінде (бір ай) оның қатысушылары 381 млн теңгеден жоғары сомаға 360 мәмілеге қол қойған.

Ал 2014 жылғы байқау инвесторлардың қызығушылығын оята алмады – оған тоғыз брокерлік ұйымнан бар болғаны 125,4 млн теңгеге 169 мәміле жасасқан 43 клиент қатысты.

Алайда үшінші конкурс бәрінен де нәтижелі болды. Оған 1046 бөлшек сауда инвесторы қатысты. Олар 1,5 ай ішінде жалпы сомасы 753 млн теңгеге 3358 мәмілеге қол қойды.

Қайрат Тұрмағамбетов конкурс беделінің артуын abctv.kz-ке былайша түсіндірді:

"Бұл девальвациялық болжамның төмендеуі секілді факторға байланысты. Одан бөлек, KASE индексінің оң динамикасы да бөлшек сауда инвесторларының ағылып келуіне септігін тигізді. Сондай-ақ биылғы жылы байқау бойынша ақпараттандыру жұмысы қарқынды жүргізілді және ұйымдастыру мәселелелрі бойынша брокерлермен тығыз қарым-қатынас жасалды. Осындай шаралар бөлшек сауда инвесторларының белсенділік танытуына әсер етті", - деп мәлімдеді Қайрат Тұрмағамбетов.

Сондай-ақ, айта кету керек, 2014 жылы бөлшек сауда инвесторлары арасындағы байқаумен қатар акция нарығында тұңғыш рет дериваттар нарығының байқауы да өткізілді. Бірақ Тұрмағамбетов мырза айтқандай, бүгінгі күні акция нарығы өтімді және бөлшек сауда инвесторлары арасында тартымды.

"2017 жылы байқау екі нарықта – акция және дериваттар нарығында өткізілуі мүмкін", – деп сөзін жалғады ол. Келесі жылы байқау рәсімдерін жетілдіру мақсатында бірнеше өзгеріс енгізу жоспарланып отыр, мысалы конкурсқа қатысушыларды биржа сайты бойынша тіркеу автоматтандырылады.

2016 жылы биржа инвесторларға осы байқау бойынша ақпарат беру және өз клиенттерін тартқан брокерлердің белсенділігі бойынша жақсы іс атқарғанын атап өтті Тұрамағамбетов.

"Байқаудың таралу аясы қуантады – біздің жеңімпаздарымыз еліміздің түрлі өңірлерінен шыққан. Жалпы, айта кету керек, бағалы қағаздарға инвестиция салатын жеке тұлғалар қатары Қазақстанда құрылды. Қор нарығына деген қызығушылық жыл санап артып келеді және келесі жылы біз биржаға тауар мен қызметтер бойынша танымал компаниялар қатысады деп күтеміз", – деп тәмамдады KASE бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу