Қыркүйек айының басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында екі биржаның – Астана халықаралық биржасы (AIX) және Қазақстан қор биржасының (KASE) әлеуетін біріктіру қажеттігін мәлімдеді.
Кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова Қазақстандағы екі биржаны біріктіруде Қатар елінің тәжірибесіне сүйенуіміз мүмкін деген ойын ортаға салды. Оның айтуынша, KASE жергілікті платформа ретінде қызмет етсе, ал AIX халықаралық инвесторларды тарту үшін құрылған. Әбілқасымова сондай-ақ екі биржаны біріктіру мәселесі KASE акционерлерімен әлі талқыланбағанын, бірақ бұл істе ешқандай қиындық туындамайтынына сенімді екенін атап өтті.
Бұл туралы Қазақстанның миноритарлық акционерлер қауымдастығының (QAMS) атқарушы директоры Данияр Темірбаевтың пікірін білдік. Оның айтуынша, президенттің бұйрығы биржалардың бірігуін емес, белгілі бір процестерді синхрондауды білдіреді.
"Мемлекет басшысының тапсырмасын толық түсінбеген сияқтымын, биржаларды бір құрылымға біріктіруге болмайды, өйткені олар әртүрлі технологиялық платформалар. Оның үстіне олардың нормативтік құқықтық актілері бар. AIX алаңы АХҚО негізінде құрылды және оларды араластыруға болмайды, бұл қос алаңның реттеу режимдері де әртүрлі, функциялары өзгеше. Менің ойымша, бұлардың жұмысын үйлестіру керек шығар", – деді Данияр Темірбаев.
Сарапшының пікірінше, Президенттің бұйрығы AIX және KASE-ден бағалы қағазды "бір терезе" қағидасы бойынша сатып алуды көздейді.
"Қазір бұлай жасау мүмкін емес. Осыған байланысты қазақстандық инвесторлар белгілі бір қиындықтарға тап болып отыр. Мысалы бағалы қағазды бір биржадан сатып алып, екіншісінде сату үшін брокерге ақшаны бір депозитарийден екінші депозитарийге аударатындай нұсқау беру керек. Президенттік тапсырмасы екі биржаны біріктіру туралы емес, клирингтік есеп айырысу көпірін құруға қатысты", - деп түсіндіреді инвестор.
Оның пікірінше, барлық мүдделі тараптардың ерік-жігері болмаса, синхрондау процесі ұзаққа созылуы мүмкін.
"Бұл бірнеше жылға созылуы мүмкін. Инвестор ретінде мен AIX және KASE-де сауда жасауда қиындықтарға тап болдым. Мысалы, америкалық немесе еуропалық брокерлер, әдетте, барлық биржаларға бірден рұқсат береді және сіз бұл акцияларды қай биржадан сатып алғаныңызды білмейсіз. Сондықтан Тоқаевтың бұйрығы жұмыс істеуге ыңғайлы болуы үшін синхрондауға қатысты деп есептеймін", - деп түйіндеді сөзін QAMS атқарушы директоры.