Қашағанда газ өңдеу зауыты салынып жатыр

3771

Өткен жылы Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ мұнай-газ кен орындарынан 53,8 млн тонна мұнай, 44 млрд текше метр газ өндірілді. 

Қашағанда газ өңдеу зауыты салынып жатыр

Биыл бұл көрсеткіш өзгереді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Газ өндірісі бір жыл бұрынғы көрсеткіш көлемінде сақталады, ал мұнай өндірісі сәл азайып, 53,5 млн тоннаны құрайды.

Қазір жоғарыдағы 3 кен орнының өндірісін дамытуға басымдық беріліп жатыр. Мысалы, Теңіз кен орнында құны 45,2 млрд долларды құрайтын жоба қолға алынды. 2023 жылы аяқталатын жобаға бүгінге дейін 35,4 млрд доллар жұмсалды. Өндіріс көлемін жылына 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік беретін жобаның қазақстандық қамту үлесі 36%-ды құрайды. Болашақта бұл көрсеткіш 52% болады. Осы уақытқа дейін биылға жоспарланған істің 82,3%-ы атқарылды. Жыл соңына дейін жұмыстың 87%-ы орындалады.

Естеріңізде болса, 2020 жылғы 18 қарашада өткен шетелдік инвесторлар кеңесінде Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев

мемлекет Қашаған жобасын іске асыруда белсенді болуға тиіс екенін мәлімдеді. Президенттің пәрменін орындау үшін биыл Қашаған кен орнының шикізаты негізінде құны 860 млн, қуаты 1 млрд. м3 шикі газ шығаратын газ өңдеу зауытының құрылысы басталды. Жаңа жоба мұнай өндіру көлемін 8 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Былтыр желтоқсан айында Қарашығанақ мұнай-газ кен орнында ірі инвестициялық жобаны іске асыру бойынша түпкілікті инвестициялық шешім қабылданды. Нәтижесінде қолданысқа шикі газды кері айдаудың 5-ші компрессорын беру, сол арқылы сұйық көмірсутек өндіру деңгейін жылына 10-11 млн тонна шегінде ұстау міндеті қойылды. 970 млн долларды құрайтын жоба 2025 жылы аяқталады.

Ерекше атап көрсетерлігі, Қарашығанаққа қатысты көпжылдық келіссөз аяқталды. Қорытындысында 2020 жылы халықаралық консорциум Қазақстанға 1,3 млрд доллар төледі. Бұған қоса өндірілетін өнімді бөлу әдістемесіне өзгеріс енгізілді. Алдын ала жасалған есеп бойынша, келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін қазынаға шамамен 600 млн доллар кіріс кіреді.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу