2017 жылдың соңына қарай Қашаған кен орнындағы мұнай өндіру жоспарланған тәулігіне 370 мың баррельге емес, тәулігіне 250 мың баррельге дейін жетеді.
Тамыз айының ортасында Қашағанның операторы – North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы бірте-бірте ілеспе газды айдау көлемін ұлғайтумен оны қыртыстарға кері айдауға (газды кері айдауға арналған қосымша компрессор салу және жұмыс істеп тұрған компрессорларды жаңғырту қарастырылған) кірісті. Осының нәтижесінде жыл соңына қарай мұнай өндіруді тәулігіне 370 мың баррельге дейін арттыру көзделген болатын.
Қазан айының басында кен орнынан тәулігіне 200 мыңнан астам баррель мұнай өндіріле бастағанын атап кеткен жөн. Алайда энергетика министрі Қанат Бозымбаев кен орнын игерудің күрделілігінен операция ойлағандай нәтиже әкелмегенін айтты.
"Қашағандағы газ айдау біз ойлағандай тез нәтиже бермеді. Сондықтан мердігер тәулігіне 370 мың баррель өндіру (жыл соңына қарай) деңгейіне шыға алмайтынын айтты. Шамамен тәулігіне 250 мың баррель өндіру болжанып отыр", – деді ол сейсенбі күні журналистерге.
Энергетика министрінің айтуынша, мұнай өндіруді тәулігіне 370 мың баррельге дейін арттыру жоспары 2018 жылға қалды.
"Келесі жылы тәулігіне 370 мың баррель өндіруге шығу бағдарламасы кезең-кезең бойынша әзірленуде, біз оларға қолдау көрсетіп отырмыз. Егер жылдамдататын болсақ, технологиялық проблемалар туындауы мүмкін", – деді министр.
Министр Қазақстан үкіметі консорциумға қарсы санкция қолдануды жоспарлап отырмағанын айтты.
"Жоқ, (санкция) жоспарланып отырған жоқ", – деп қорытындылады ол.
2016 жылдың қазан айында NCOC Қашағанды тәжірибелік-өндірістік игеруге кірісті. Ол тәулігіне 370 мың баррель немесе жылына 13 млн тонна өндіруді көздейді.
2017 жылы Қашағанда 8 млн тонна мұнай мен 4,5 млрд текше метр газ өндіру жоспарланған. Бұдан бұрын энергетика министрі 2017 жылға арналған мұнай өндіру болжамын кен орнындағы өндіру көлемінің өсетіндігіне негіздеп 81 млн тоннадан 85 млн тоннаға дейін арттыруға болжам жасаған болатын.
2018 жылы Қашағанда 13 млн тоннадай мұнай өндіру көзделіп отыр.
Гүлназ Ермағанбетова, Құралай Абылғазина