Кашпировский қайта шықты

3640

Кеңес одағының басты емшісі неге өкінетінін айтты.

Кашпировский қайта шықты Фото: absatz.media

Өкпелеген халық кейін "шарлатан, көзбояушы" атап кеткен атақты гипнотизер қазіргі кезде қайтадан сеанс өткізіп жүр.

Телеарнаға енді оны жібермейді, сондықтан әлеуметтік желіге таңылған. Қазақстанға – елордаға, Шымкентке, басқа ірілі-ұсақ қалаларға келіп тұрады.

Өткен ғасырдың соңында КСРО аумағында, соның ішінде Қазақстанда да Анатолий Кашпировскийдің аты жер жарып тұрды. Миллиондаған көрермен арбалған жандай жанарымен оның әрбір қимылын, құлағымен – әрбір сөзін қалт жібермеуге тырысатын. Біразы оның жұмсақ қырыл аралас қоңыр дауысы нағыз ем болып, кез келген дертті жазады деп шын сенді. Бірақ оның бәрі алдамшы болып шықты. Ал, өз дарыны емшіге тым қымбатқа түсіп, қасірет әкелген көрінеді.

Тұңғыш рет көгілдір экрандарда Анатолий Кашпировский 1988 жылы бой көрсетті. Жергілікті телевизия қызметкерлері білікті, пысық психиатр дәрігердің талантын жан-жақты тексеріп көрмек болады да, одан еріктілердің ауырсыну сезімін қашықтан басуды сұрайды.  

"Қатты гипноздап тастаса, адам өз денесінің ешбір мүшесінің ауырғанын сезбейді. Осылайша, алдымен топтың бірнеше қатысушысын жадылап, олардың ине тығуға, отпен күйдіруге еш сезімтал еместігін паш еттік. Соның ішінде Николай Поповқа қойылған сынақ баршасын айран-асыр етті. Оның қолына стақанды ұстатып, оған қосылған электркипятильникті салып қойдым. Ол ақыл-есі сау күйде суы қайнап жатқан ыстық стақанды сабырлы қалыппен ұстап тұрды және тележүргізуші қойған сұрақтарға жауап берді. Мысалы, қолының терісінің күйіп бара жатқанын сезінбейтінін мәлімдеді", – деп еске түсірді сол күндердің оқиғаларын Кашпировский өз арнасында.

Гипнотизердің күш-қуаты аудторияны таңдандырып, тәнті еткені сонша, бір жылдан кейін ол бүкілодақтық телевизияға шақыру алған. 1989 жылғы 8 қазанда "Сеанс здоровья" бағдарламасы тұрақты көрсетіле бастады. Төрдегі көк жәшікте "Телесеанс" деген сөз шыққанда, қазақстандықтар да теледидар алдына жайғаса бастайтын.

Кеңес одағы ыдырап, экономика құлдырап, шаруашылық байланыстар күйреп жатқан, салдарынан білім мен медицина сияқты бюджетке тәуелді салалар қатты дағдарған шақта сырқат атаулы мемлекетке шағымдандай, өз бетімен емделіп, үйінде отыруы үшін Мәскеу гипнозшының дарынын өз мақсатына пайдаланды.

"Міне, дәл қазір сіздің бойыңызда көптеген аурулардан сауығу процесі басталды. Мен әдейі бірде бір дерттің атын атамаймын. Өйткені мастопатия, фибромиома, қорқынышты күйіктер, буын аурулары және басқасынан зардап шеккен науқастардың жағдайының күрт өзгергенін күтемін. Менің қиялым маған ғажайып көріністерді суреттейді: күйік бөлімшелеріндегі қаншама адам осы мезетте қинала айғайлауын доғарды! Қаншама онкологиялық аурулар жанына батқан ауруынан арылды! Қаншама адамдардың бойын буған үрейлердің жоғалғанын, санасын сарсаңға салған ауыр ойлардан құтылғанын көріп отырмын!", – деп иландыруға күш салды Кашпировский теледидардан.

Беймәлім емшінің демеу сөздері одақта сұрапыл резонанс туғызды. Кашпировскийдің алғашқы 6 телешоуын 300 миллион адам тамашалаған. Нағыз тележұлдызға айналған психиатр Украинаның Винницасындағы ширек ғасыр жұмыс істеген ауруханасынан кетіп қалды.

Арқасынан ауыр жүк түсіп, рухтанғанын сезінген миллиондаған көрермен Кашпировскийді алғыс хаттарының астында қалдырды. "Дистанциялық емдеуден" кейін бірқатар науқастың ахуалы жақсарғанына сүйсінген дәрігерлердің өздері гипнотизерді одақтық ғылыми конференцияларға шақыра бастады. Ірі шенеуніктер, қалталы кәсіпкерлер, атақты әртіс-әншілер медицина жұлдызымен сөйлесіп, санасы мен бойын қатар буған психикалық құрсаулардан құтылуды армандады. Жеке кездесу үшін қалаған ақысын беруге дайын болды.

Анатолий Кашпировскийдің танымалдылығы мен ықпалы жыл санап өсті. 1991 жылы ол тіпті БҰҰ-ның штаб-пәтерінде сөз сөйледі.

1993 жылы халықтың сүйіспеншілігінің буына "піскен" Кашпировский саясатқа бой ұрды. ЛДПР партиясы атынан Мемдумаға депутат болып сайланды. Кейбір қауесеттер бойынша Кашпировскийдің ықпалымен Владимир Жириновский адуынды саясаткер стилін тауып, таңдап, лепіре, жепіре сөйлей бастаған.

Сорақысы сол, қызды-қыздымен Мәскеу Кашпировскийді ғарышқа ұшыра жаздады. Бірде ол ғарыштан телеэфир жүргізіп, операция алдындағы сырқаттарды аурусыздандырғысы келетінін мәлімдеді. Оның бұл идеясын "Жұлдызды қалашықтың" басшысы қолдады. Алайда емшісымақ ғарышкерлерді сынайтын тренажерлердегі ұшу сынақтарына өте алмады.  

Саясатқа араласып, жау тапқан Анатолий Кашпировский 1995 жылы жаһандық капиталдың қазаны қайнап жатқан Америкаға көшуге шешім қабылдады. Оның мойындауынша, баласының тағдыры үшін қорқып, эмиграцияға кетуге ұйғарған. Бір қойылымы үшін жүздеген мың рубль табыс табатын гипнотизердің баласын әлдекімдер ұрлап әкетіп, үлкен құн сұрауға ниетті екені туралы қаңқу сөз тарады.

Шетелде Кашпировскийдің танымалдылығы да, табысы да күрт құлады. Ол психиатр ретінде 50 долларға салмақ тастап, аруға көмектесті. Польшада орыстілді мигранттар алдында сөз сөйледі.

"Жеңіл келген ақша жеңіл кетеді" деген даналық бар. Ғарыштық жылдамдықпен байып шыға келген Анатолий Кашпировский ауқаттың қадірін түсінуді қойды, ақшасын оңды-солды шашып, пәтерлерін бөгде адамдарға сыйлай салатын жаман әдет тапты.

"Америкаға дейін менде сыйлық сыйлауға деген ынсапсыз іңкәрлік пайда болды. Мысалы, Кишиневте сатып алған төрт бөлмелі пәтерді бір тәтейге сыйлай салыппын. Жақсы іс істейін деген шығармын, білмеймін. Сол үшін одан ештеңе де сұраған жоқпын. Америкада мен барымнан айрылып қалдым. Өйткені онда да жай жүрмей, сыйладым, жан-жаққа тарту еттім. Балаларыма да көмектестім, дүние-мүлкімді солардың атына жаздым. Олардың күйеулері, әйелдері де еншілеп кетті", – деп мойындады Кашпировский әлеуметтік желідегі эфирде.

Эмиграцияда Кашпировский барлық әл-ауқатынан ғана емес, сондай-ақ екінші әйелінен де айрылып қалды. Тастап кеткен. Екі баласы дүниеге келген бірінші некесі туралы гипнотизер әлі күнге дейін ешкімге айтпайды, қойылған сұраққа сырғытпа жауап береді. Екінші әйелін еске алудан керісінше, жалықпайды. Сыбауға да дайын.

"Иринамен Чехияда таныстық. Сол кезде екі баламның анасы болған бірінші зайыбыммен ажырасып кеткенмін. Содан алдымнан кездескен, қолыма тиген бірінші әйелге үйлене салдым. Қандай ақымақтық болды десеңізші?! Күні бүгінге дейін өзімді айыптаймын. Бізді ортақ ешқандай құндылық біріктірмейтін. Сондықтан 2003 жылы Чехиясына кері апарып тастадым. Ары қарай ол қайта-қайта хабарласып, жылап-сықтап, қыңсылаумен болды. Аяп кетіп, тағы ақымақтық жасадым. Қасыма алдым. Бірақ бөлек тұрдық, жылына бір рет қана кездесетін жағдайға жеттік", – деп тағдыр хикаясымен бөлісті Кашпировский.

Кезінде бетіндегі бір түйір бұлшықеті бүлк етпейтін, салқынқанды сөзімен, сазарған жүзімен, шегір көзімен көрерменінің жүрегінің түкпіріне дейін үңіле алатын тегеурінді гипнозшыдан бүгінде із де қалмаған.   

Кеңес одағында барлық тапқан-таянғанын Америкада шашып, кедейшілік құрығына түскен Анатолий Кашпировский ақыры, 2015 жылы Ресейге оралды. Әбжіл продюсерлер оны жолай қағып алып, РФ өңірлері бойынша гастролдерін ұйымдастырды. Сондай-ақ телеэкрандарда да жиі көріне бастады. Бірақ бұрынғы атағы жер жарған даңқтың қызуы сөніп қалған еді, "емші" оны қайта тұтата алмады. Мәскеу Қырымды, Донбасты қосып алғалы, Батыспен текетіресін бастағалы, Ресей жұртшылығы шетелге қашқан отандастарын сатқын санап, оралғанын жақтырмайтын.

"АҚШ-қа кетіп қалғаным – менің өмірімдегі жаһандық қателіктердің бірі болды. Ешбір жағдайда да Батысқа кетпеуім керек еді. Мен болса, әй-шәй демей, тартып отырдым. Сол арқылы өзімді Ресей қоғамының өмірінен сызып тастадым. Барлығы жайрап қалды, мен енді тақыр кедей жағдайдамын", – деп қынжылады Кашпировский.

Бүгінде Анатолий Кашпировский Мәскеуде үшінші әйелімен бірге тұрады. Бүкіл Кеңес одағының кумирі болған "жұлдыздың" бүгінде РФ астанасында төл баспанасы да жоқ. Депутат болғанда Мемдума берген ескі пәтерді пайдаланады, бірақ ол жеке меншігінде емес.  

Гипнотизер төл YouTube-каналын жүргізеді, онда "онлайн-емдеу" жүргізіп, ескі жазбаларды жариялайды. 443 мың жазылушысы көрсетілген. Қолдан өсірілген болса керек, жаңа видеоларын 30 мыңдай адам ғана қызықтайды.

Кезінде қанша ауыр науқастың соның сөзбен емдейтініне қапысыз сезіп, дәрі қабылдаудан, медициналық ем-шаралардан бас тартып, өліп қалғаны белгісіз. Демеуімен бірге талай жанның обалына қалған Анатолий Кашпировскийдің сол дүмше тірлігі үшін халық алдында өкініп, кешірім сұрауға тырысатыны байқалмайды. Бірақ тағдырдың өзі оны жазалағанға ұқсайды. Қасында жалғыз әйелі мен сирек жазылушыларынан басқа ешкім де қалмаған. Ешкімге қажетсіз болғандықтан, өзін-өзі торға қамағандай күйде.

"Кейде орнымнан тұрып, терезеге таяп барамын да, жолға қараймын. Адамдар қарбаласып, әлдеқайда асығып барады. "Адамдар кетіп барады. Олар не туралы ойлайды екен? Не білгені бар?" деген ой келеді. Содан кейін компьютерге қайта ораламын. Менің барлық тіршілігім осы ғана", – дейді "психиатр тире дүмше емші" Кашпировский көрермендеріне.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу