Шағын және орта бизнесті дамыту жайлы айтылғалы үкімет халықтың кәсіп бастауына көптеген жеңілдетілген несиелер мен қолдау шараларын қолға алғаны мәлім. "Қоғамда кәсіпкерлерді көбейтеміз" деген бастамалар бірнеше жылдан бері іске асып келеді, биыл да жалғаспақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алайда одан қандай нәтиже көргеніміз бөлек сауал.
Сонымен, осыдан 1 апта бұрын, нақтырақ 24 маусымнан бастап халықтың әлеуметтік осал санатына берілетін қайтарымсыз гранттарға өтініш қабылдау басталды. 8 шілдеге дейін азаматтар Business.enbek.kz порталында өтінім қалдыра алады. Кім алады, кім алмайды – комиссияның құзырында. Бұл гранттың мөлшері – 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 730 000 теңге. Үкімет кейін бұл ақшаны қайтар демейді, тек алған азамат жаңа кәсіп бастауы қажет.
Бір қарағанда керемет мүмкіндіктей көрінеді, жұмыссыздарды қолдауға да жақсы шара. Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бұл іс сонау 2018 жылдан бері жүзеге асып келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы уақытқа дейін 164 671 адам мемлекеттік қолдауға ие болғанын жария еткен. Жыл сайын шамамен 9 мың адам грант иегері атанып отырған. 2018-2025 жылдары бюджеттен 127,6 млрд теңге қарастырылған болса, оның 93,4 пайызы игерілген. Бірақ осы миллиардтар қаншалықты нәтиже берді, 100 мыңнан астам адам расымен кәсіпкер атанып шықты ма?
Жалпы, биылға дейін грант алған азаматтардың бизнесі 1 жыл ғана бақыланған еді. Биылдан бастап мониторинг мерзімі 2 жылға ұзартылмақ. Демек, кәсіп бастадым дегендер бұрын бір жылдық қана есебін көрсетіп, әрі қарай игере алмай қалған болуы мүмкін. Оның үстіне сарапшылардың көбі бақылаудың формалды түрде ғана жүргізілгенін айтып жүр. Тіпті, 1,5 млн теңгеден сәл асатын ақшамен оңтайлы кәсіп бастап кетеріне тағы сенім аз. Тек идеясы озықтарды қатарға қоспағанда.
Бірақ идея керек деген жандар алдымен "Бастау Бизнес" жобасы бойынша оқуға міндеттелген. Салық төлеуінен бастап, нарыққа шығу жолдарын да үйретеді. Ал білімнің сапасы – бұлыңғыр жайттың бірі. Өтініштерді саралайтын бірыңғай жүйе тағы жоқ, бейтараптығы беймәлім адамдар шешім қабылдайды.
Әйтсе де бұл көзқарас грантты түбегейлі жою қажет дегенді білдірмейді. Үкіметтің әлеуметтік қолдауға деген ниеті дұрыс-ақ. Сарапшылар грантты жетілдіру жолдарын алға тартады. Мысалы, соның бір жолы – грант алушылар санын азайтып, оның орнына сапалы және озық идеясы барларға молырақ ақша беру. Бағдарлама 2029 жылға дейін жалғасатынын ескерсек, жауаптылар бұндай ұсыныстарды да қарастырып көргені абзал секілді.
Ал Qazaq Expert Club қаржыгері Саида Тілеуленованың сөзінше, қазір Қазақстанда 1 730 000 теңге шағын бизнес бастауға жеткілікті бастапқы капитал көрінеді.
– Бизнестің табысты болуы тек бастапқы капиталдың көлеміне байланысты емес. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының дерегінше, шағын кәсіпорындардың жабылуына көбіне қаржының жетіспеуі емес, басқарудағы қателіктер, нарықты дұрыс бағаламау, қаржыны тиімді жоспарлай алмау себеп болған. Ақша кәсіп ашуға мүмкіндік бергенімен, оның табысты болатынына кепілдік бермейді, – дейді сарапшы.
Қалай алғанда да, Қазақстан экономикасы үшін шағын және орта бизнестің маңызы ортаймайды. Еліміздің жалпы ішкі өнімінің 39 пайызын осы сала алып, миллиондаған азаматты жұмыспен қамтып отыр. Дегенмен оның ішінде мемлекеттік бағдарлама арқылы ісін дөңгелеткендердің нақты үлесі қанша – жауабы белгісіз сұрақ.