Кәсіпкер бизнесте жетістікке жетудің құпиясын ашты

2964

Кәсіпкер Самат Исабаев оқушылар алдында дәріс оқыды.  

Кәсіпкер бизнесте жетістікке жетудің құпиясын ашты

Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшесі, тәжірибелі кәсіпкер Самат Исабаев елордадағы № 18 орта мектептің 9-сынып оқушыларына бизнесте жетістікке жетудің қыр-сырымен бөлісті. Оқушылар дәрісті аса қызығушылықпен тыңдап, сабақ соңында үзіліске де шықпай, Самат Исабаевты сұрақтың астына алды. Бизнесмен балалардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығына ризашылығын білдіріп, inbusiness.kz ақпараттық порталында өз ойымен бөлісті. 

"Нарықта жұмыс істеп жүреніме көп уақыт болды. 90-жылдары кәсіпкерлікпен айналысуды жаңа бастаған кезімде, бизнес жүргізу туралы ақпарат тапшы еді. Өз түйсігіме сүйеніп жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Ал қазір ақпарат жеткілікті. Дегенмен жастар әлі де болса бизнеске келгенде нарық ережесін білмегендіктен және нарықтағы жағдайды дұрыс түсінбегендіктен "күйіп кетіп" жатады. Егер бала мектеп жасынан бастап кәсіпкерліктің қыр-сырын біліп өссе, есейгенде бір кәсіпті дөңгелетіп әкету әлеуеті зор. Осындай кездесулерде бүгін менен ертең басқа кәсіпкерден ақыл-кеңес сұрап алуға мүмкіндік бар. Әрі балалар іскер адамдармен таныстық орнатады. Кейін қажет болып жатса, ақылдасып отырғанның пайдасы мол. Нарық заңы қатал екені белгілі. Сол себепті жастардың нарыққа бейімделуіне жағдай жасау қажет. Кәсіпкерлер көбейсе, салық түсімі артатыны белгілі. Жастардың бос жүрмей, бизнеспен айналысқаны мемлекетке де пайдалы. Осындай сабақтардың жиі өтіп тұруын қолдаймын. Дәріс кезінде кей балалардың кәсіпкер болуға деген қызығушылығын байқадым", – деді Самат Исабаев.

10-сыныпқа "Нарықтың жұмыс істеу тетіктері. Сұраныс заңы" атты бүгінгі сабақты өткізген мұғалім Әлия Қарабаева "Кәсіпкерлік пен бизнес негіздері" пәнін оқушылардың айырықша ұнататындығын айтты. 

"Мен қыркүйек айында  Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған арнайы курстан өттім. Онда өте көп бизнес идея мен кейсті қарастырдық. Сонымен қатар өңірлік кәсіпкерлер палатасы бізді оқулықтармен, әдістемелік құралдармен де қамтамасыз етті. "Кәсіпкерлік пен бизнес негіздері" пәні маған да, оқушыларға да өте ұнайды. Бұл пән тек осы жылдан бастап оқытыла бастады. Халықтың кәсіпкерлік сауаттылығын арттыруда қажет пән деп есептеймін. Мысалы, ата-аналарының шағын кәсібі бар оқушылар кей кездері маған келіп, бизнестегі тәуекелдер мәселесі бойынша кеңес сұрап жатады",– дейді ұстаз. 

 Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы сарапшысы Айнұр Рахметованың айтуынша, осындай пайдалы дәрістерді көбірек өткізу керек.

"Атамекен"  өңірлік кәсіпкерлер кеңесі бар. Сол кеңестің мүшелерімен алдын-ала келісіп, арнайы кесте әзірленді. Дәрістердің тақырыптары да күнібұрын анықталды. Кейбір мектептің оқушылары тақырыпты өздері ұсынды. Біз соған қарай кәсіпкерлердің дәрістерін бірлесіп ұйымдастырып жатырмыз", –деді Айнұр Рахметова.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу