Кәсіпкерді бюджетке қосымша қаржы төлеуге мәжбүрлеп жатыр

1942

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов еліміздегі кейбір сот шешімдері салық және кедендік даулар бойынша сотқа дейінгі апелляция институтының жұмысына кедергі келтіріп жатқанын жариялады.  

Кәсіпкерді бюджетке қосымша қаржы төлеуге мәжбүрлеп жатыр

Оның сөзінше, импорттаушыларға сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының кодына қатысты жіктеу қиындық туғызып жатыр. Бұған 
кеден органдарының кәсіпкерлерге "ерекше талап" қоюы себеп болып тұр  деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бизнес-омбудсменнің мәлімдеуінше, импорттаушы тауарды елге бір код бойынша әкеледі. Неге екенін белгісіз, мемлекеттік кіріс органдары тауардың кодын өзгертеді. Салдарынан кәсіпкер бюджетке қосымша қаржы төлеуге мәжбүр болады.  

"Көбінесе кәсіпкер қолданған сыртқы экономикалық қызметтің тауар  номенклатурасының коды бойынша импортталатын тауарға кедендік баж салынбайды. Кеденшілер экспорттаушыға кедендік баж салығын төлету үшін 
тауарды басқа код бойынша өткізу тәсілін қолданады. Жалпы, әлеуметтік, медициналық, стратегиялық мақсатына байланысты кейбір тауарларға кедендік баж салығы салынбайды. Мысалы, науқастарды сауықтыруға арналған тренажерлер. Олардың импорты кедендік төлемнен босатылуы мүмкін, бірақ мұндай жеңілдік әдеттегі спорттық тренажерлерге қолданылмайды. Қазір осы мәселе өзекті болып тұр", – деді бизнес-омбудсмен.

Рустам Жүрсінов былтыр Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік кірістер департаменті камералдық кедендік тексеру жүргізіп, 2014 жылдан бастап елге кедендік баждың нөлдік ставкасы бойынша тауар тасымалдаған компания шетелден әкелген тауарына теріс код қолданды деген қорытынды шығарғанын мәлімдеді. 

Оның айтуынша, кеден қызметкерлері импортталған тауарға 5-15% баж  мөлшерлемесімен сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының басқа кодын беріп, импорттаушыға бюджетке төленетін қосымша төлем есептеген. Осылайша компания қазынаға 3 млрд теңгеден астам қаражат қарыз болып қалды.

Мұндай әділетсіздікке көнгісі келмеген компания Қаржы министрлігі жанындағы апелляциялық комиссияға мемлекеттік кіріс органының кедендік дауларды қарау жөніндегі хабарламасына қатысты шағымданды. 

Бизнес-омбудсмен кедендік баж бойынша талап қою мерзімі өтіп кеткенін түсіндіріп, тексеру актісінде істің 2019 жылғы 27 желтоқсанда, яғни талап қоюдың 5 жылдық мерзімі әлі қолданыста болған кезеңде басталғаны (2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – талап қоюдың өту мерзімі үш жылды құрайды) көрсетілгенін айтты. 

"Кеден кодексінің 417-бабының 9-тармағына сәйкес акт камералдық тексеруді аяқтау нысаны болып табылады. ЕЭО және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының бұзылғаны анықталған жағдайда –бұзушылықтарды жою туралы хабарлама шығарылады. Тексеру аяқталды және тексеру актісіне 2020 жылдың 2 маусымында қол қойылды, яғни іс талап қоюдың 3 жылдық мерзімі туралы ереженің қолданылу кезеңінде жүрді. Кеден органдары мен төлеушілердің талабы бойынша 5 жылдық мерзім төлеушілердің кейбір санаттары үшін ғана қолданылады, ал аталмыш импорттаушы бұл санатқа жатпайды. Импорттаушының шағымын қарау нәтижелері бойынша апелляциялық комиссияның барлық мүшелері, оның ішінде Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі бірауыздан талап қою мерзімінің өтуіне байланысты кедендік төлемдер мен салықтарды қосымша есептеудің заңсыздығы туралы пікір білдірді. Өкінішке қарай, бас көлік прокуратурасы комиссияның шешімімен келіспей, сотқа жүгінді. Нұр-Сұлтан қаласының экономикалық соты прокуратураның талап-арызын қанағаттандырып, апелляциялық комиссияның шешімін жойды. Екінші сатыдағы сот экономикалық соттың шешімін қолдады. Соттар кедендік тексеру талап қоюдың үш жылдық мерзімі туралы ереженің қолданылу кезеңінде аяқталғанына қарамастан, ол 2019 жылы, яғни талап қою мерзімі 5 жыл болған кезде басталды дегенді алға тартты. Біз мұнымен мүлде келіспейміз. Кеден қызметкерлерінің қосымша есептеу туралы талаптары тексеру басталған сәтте емес, 2020 жылғы 2 маусымда хабарлама түрінде туындады. Мұны Ұлттық экономика министрлігі де растады, онда мемлекеттік кірістер комитетінің сұрауына хабарлама шығарылған күні кеден органдарының талабы бойынша талап қою мерзімі аяқталғанын түсіндірді", – деді Рустам Жүрсінов.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің пікірінше, соттардың осындай әділетсіз шешімдері үкіметтің салықтық және кедендік даулар бойынша сотқа дейінгі апелляция институтына деген сенімін жояды. 

"Біз сөз еткен импорттаушы – Қазақстандағы ірі инвестициялық кәсіпорын. 
Компания экономиканың дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Осыған байланысты Жоғарғы сотқа сот шешімін импорттаушының пайдасы үшін қайта қарау туралы өтініш білдірдім. Біздің ұстанымымыз кассациялық сатыда ескеріледі деген үміттенемін", – деді бизнес-омбудсмен. 

Қанат Махамбет 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу