Кәсіпкерге 7 млн теңгені кім төлейді?

3445

Аудан әкімдігі мен шаруа қожалығы арасындағы сот ісіне әлі нүкте қойылған жоқ. 

Кәсіпкерге 7 млн теңгені кім төлейді?

Естеріңізде болса, бұған дейін аудан әкімі кәсіпкерге шамамен 7 млн теңге қарыз болып қалды деп жазған едік. Бірақ бұл соманың қалай өтелері әлі де белгісіз болып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Әбетанов" шаруа қожалығының басшысы Нұрланбек Әбетанов 2009 жылы Тереңкөл ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімімен келісімшарт жасап, жерді 48 жылға жалға алған еді. Бұл аумақта жылқы шаруашылығын дамытуды бастады.

Алайда араға 8 жыл салып аудан әкімінің Қаулысымен әлгі жер қордағы жер телімдері санатына ауыстырылып, кәсіпкерге жалға беру туралы бірінші Қаулы күшін жойды. Жер қатынастары бөлімі де 2017 жылы шаруашылықтың меншігінде мал басы болмағандықтан, келісімшартты біржақты үзді. Ал келесі жылы дәл сол жердің аумағын басқа кәсіпкерге 10 жылға жалға берді. Бірақ 2020 жылы бұл келісімшарт заңсыз деп танылды.

Аудан әкімінің Қаулысымен келіспеген Нұрланбек Әбетанов сотқа жүгінді. Себебі келісімшартты біржақты бұзған тұста оның қорасында төрт түлік болды. Сондай-ақ жерге қатысты мәселе оң шешімін табар деген үмітпен бақташыларды жұмыстан шығармай, жалақасын уақытылы төлеп тұрды. Әлеуметтік төлемдер мен жер салығын да аударды. Десе де, соңында әкімдік шаруаны жерсіз қалдырып, жылқыларды сатуға тура келді. Оған қоса, жалға алған учаскеден кейбір құрылыс материалдары қолды болып, инфрақұрылым бұзылды. Кәсіпкердің есептеуінше, жалпы шығын көлемі 23 млн теңгеден асып түсті.  

Бұл істі осы жылдың шілде айында қараған мамандандырылған экономикалық сот шаруаның шағымы негізсіз деп таныды. Сол тұста кәсіпкер облыстық сотқа жүгінді. Бұл орган келісімшарт бұзылған кезде шаруашылықта жылқылар болғанын анықтады. Сот мемлекеттік мекеменің жерді жалға беру туралы Қаулының күшін жою, оны қордағы жер телімдері санатына ауыстыру мен жерді қайтарып алуға құқығы болған жоқ деген байламға келді.

Алайда кәсіпкер ұсынған шығын көлемімен келіскен жоқ. Себебі шаруа жерді қайтармаған жағдайда жылқы басының саны қаншаға өсетінін дөп басып айта алмайды. Жеке мүлкі қолды болмас үшін оны басқа жерде сақтап, полиция органдарына хабарлауы керек еді. Бақташылармен де еңбек келісімшартын бұзып, артық төленген жер салығы туралы мемлекеттік кірістер департаментіне ескеруі тиіс болатын.

Осылардың барлығын ескере келе, шығын көлемі 6,8 млн теңгеге бағаланды. Сот шешімі бойынша, бұл соманы Тереңкөл ауданының әкімі "Әбетанов" шаруа қожалығының басшысына төлеуі тиіс. Бірақ аудан әкімдігі шығын көлемі ҚР заңнамаларына сәйкес төленеді деп қысқа қайырды. Демек бұл сома бюджеттік қаржы есебінен өтелуі әбден мүмкін.

Еске сала кетейік, 2017 жылы ауданға Жанат Шұғаев жетекшілік еткен еді. Қазіргі таңда ол – Ақсу қаласының әкімі. Ал бүгінде Тереңкөл ауданын Серік Батырғожинов басқарады.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу