Кәсіпкерлер "жасыл топ" пен "қызыл аймаққа" бөлінеді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3258

Мәжілісте таныстырылған жаңа салық кодексі осыны ұқтырды.

Кәсіпкерлер "жасыл топ" пен "қызыл аймаққа" бөлінеді

Мәжілісте ұлттық экономика министрлігі депутаттарға "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" кодекстің жобасын таныстырды.

Кодекс және оған ілеспе түзетулердің тұсаукесері палатаның қаржы және бюджет комитетінің отырысы аясында өтті. Комитет төрайымы Гүлжан Қарақұсова жаңа салық кодексінің жобасы бойынша комитет қорытындысы 2018 жылдың 18 сәуіріне дейін дайын болатынын айтты. Тек содан кейін ғана бұл құжат мәжілістің жалпы отырысына, депутаттардың талқылауы мен мақұлдауына шығарылады. Егер олар құп десе, одан кейін кодекс жобасы сенатқа жолданбақ.

"Бұл кодекс жобасы бизнесті көлеңкеден шығаруды ынталандыру, салық салынатын базаны кеңейту, салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру, арнайы салықтық режимдерді реформалау, салықтық әкімшілендіруді жақсарту секілді қаптаған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған", – дейді Гүлжан Қарақұсова.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов депутаттарға "жобаны әзірлеуге "Атамекен" палатасы және басқа да бизнес өкілдері белсене қатысқанын және бизнестің барлық негізделген ұсыныстары кодекс жобасында ескерілгенін мәлімдеді.

Ол жаңа құжатқа сәйкес, Қазақстанда салық салу саласында идеология өзгеретінін жария етті. Атап айтқанда барлық адал салық төлеушілерді мемлекет өз қорғауы мен қамқорлығына алады. Оларды бақылаушы-қадағалаушы және құқық қорғау органдары негізсіз қудалай алмайды. Сондай-ақ олар экономиканың барлық салаларында ынталандыруға ие болады. Мемлекет оларды, яғни адал салық төлеушілерді әкімшілендіруді жеңілдетіледі және салықты өз бетінше төлеуге ынталандырады. Олар "жасыл аймаққа" енгізіліп, "ревизорлардың" ол жаққа аяқ басуына тыйым салынады.

"Идеология адал салық төлеушінің мүддесін қорғауға бағытталады. Біріншіден, заңнамадағы әртүрлі басқа да актілердегі барлық түсініксіз жерлері мен қателер енді салық төлеушінің пайдасына шешілетін болады. Кәсіпкерге бұдан былай оның қате екенін дәлелдеп жүру талап етілмейді. Мұндай қағидат салықтық дауларды әділ қарауға мүмкіндік береді. Екіншіден, егер салық төлеуші салық органының түсіндіруіне сәйкес әрекет еткен болса және соның салдарынан ұстаным өзгерген болса, айыппұлдар мен өсімпұлдарды қолданбау ұсынылады. Үшіншіден, толық есепке жазу негізділігіне талап та күшейтілетін болады. Енді салықтық тексеру актілерінде тиісті негіздемелер міндетті түрде көрсетілуге тиіс", – деді Руслан Ерболатұлы.

Төртіншіден, бизнеске заңнамадағы өзгерістерді зерделеу көбірек уақыт беріледі. Түзетулерді кез келген жылдың 1 шілдеден кешіктірмей қабылдау ұсынылады.

Бесіншіден, жыл бойы көптеген түзетулерден қорғау пайда болады. Барлық туындаған түзетулерді шоғырландыра отырып бір заң жобасымен енгізу ұсынылып отыр. Бұл бизнестің салық кодексіндегі барлық өзгерістерден хабардар болуына мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ салық кодексінің құрылымы да өзгереді. Әрбір бөлім дербес көрсетіледі. Яғни салық төлеушінің әр санатына қарай өз бөлімі болады.

Жаңа салық кодексінің қызығын ірі бизнес те көрмек. Атап айтқанда, оларға "Жер қойнауын пайдалану" бөлімі арналған. Бұл салада геологиялық барлауға инвестициялар ынталандырылатын болады.

Әлемдік практиканы ескеріп, көмір бойынша экспорттың жүктемесін рента салығына ауыстыра отырып тау-кен саласы үшін үстеме пайда салығын алып тастау ұсынылады. Әлемдік практикада тау-кен саласы үшін мұндай салық жоқ. Шын мәнісінде, аталған салықты тек көмір өндіруші компаниялар төлеп келген. Сондай-ақ  табысты барлау жүргізуді ынталандыру мақсатында коммерциялық табу бонусын алып тастау жоспарлануда.

"Теңіз және терең мұнай кен орындары үшін жер қойнауын пайдалануда өте қарапайым баламалы салық ұсынылады. Қатты пайдалы қазбаларды барлауды жеделдету үшін жалдау төлемдерінің тетігі енгізіледі. Инвесторларды ынталандыру үшін дивидендтерді және 35%-дан артық өндірілген шикізатты өңдеген жағдайда жер қойнауын пайдаланушы акцияларының өсімін корпоративтік табыс салығынан босату ұсынылып отыр. Бір заңды тұлға шеңберінде басқа өндіру келісімшартында табыссыз барлаудың шығыстарын ескеру мүмкіндігі ұсынылады. Мұнай мен газды өзіндік құнынан төмен өткізу кезіндегі кірістерді анықтау бойынша тәсілдер қайта қаралады", – деді Руслан Дәленов.

Сондай-ақ  қалайыға арналған пайдалы қазбаларды өндiруге арналған салықтың мөлшерлемесін 6%-дан 3%-ға төмендету ұсынылады. Бұл металлургияның жаңа саласы – қалайы өнеркәсібін қолдау үшін жасалып отырған көрінеді.

Жаңа лицензиялар үшін қатты пайдалы қазбалар бойынша тарихи төлем шығындарды өтеу алынып тасталады, өйткені жер қойнауы туралы Кодексі жобасында қолжетімділік геологиялық ақпаратты ашық жасауға ұсынылады.

Бұл жоба қаржы секторына да біраз игіліктер әкелмек. Дәлірек айтсақ, қаржы секторын сауықтыру үшін сондай-ақ ынталандыру шаралары ұсынылған.

"Мәселен, 39 халықаралық қаржылық есептілік стандарты (МСФО) ішінен 9-ына міндетті ауысуға байланысты провизияларды қайта есептеген кезде оң айырма пайда болады. Себебі жаңа стандарт жұмыс істемейтін несиелер бойынша қосыша провизиялар құруға бағытталған. Қаржы нарығын тұрақтандыру мақсатында оң айырманы шегерімдерге жатқызу ұсынылады", – деді ұлттық экономика бірінші вице-министрі. Яғни қаржылық ұйымдар табысқа кенеледі.

Жобада жеке тұлғалар үшін қарызды кешіру кезінде жеке табыс салығынан босату көзделуде. Проблемалық активтерді коллекторларға беру кезінде коллектордың дисконтына активті өтегеннен кейінгі факті бойынша салық салынатын болады.

Экономиканың өнім шығаратын нақты салаларына да біраз жеңілдіктер жол тартады.

"Арнайы инвестициялық келісімшарт шеңберінде автомобиль шығару үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдік ұсынылады. Сонымен  жинақтауыш импорт, яғни шикізаттар мен материалдар, сондай-ақ арнайы инвестициялық келісімшарты бойынша өндірілген тауарларды өткізу бойынша айналым қосылған құн салығынан босатылатын болады. Бұған қоса қаржылық лизингке мүлікті беру, егер берілетін мүлік қосылған құн салығынсыз сатып алынған және арнайы инвестициялық келісімшарт тауарларының тізбесіне енетін болса, қосылған құн салығынан босатылады. Лизингтер бойынша операциялардың сыйақы сомаларының корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдік ұзартылады", – деді Руслан Дәленов.

Ұлттық экономика министрі медсақтандырудың кәсіпкерлікті титықтататынын түсінеді екен. Ол өз ұстанымын төмендегідей жеткізді.

"Өздеріңіз білесіздер, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бизнеске қаржылық жүктеменің өсуіне әкеп соғады. Осы проблеманы шешу мақсатында, ағымдағы жүктемені сақтау үшін әлеуметтік салық мөлшерлемесін 11%-дан 9,5%-ға дейін төмендету, жарналар мөлшерлемелері есебінен мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ұсынылады. Жеңілдіктерді жаңғырту бөлігінде, олардың тиімділігін арттыру арқылы нысаналы өзгерістер ұсынылады. Атап айтқанда, аукциондардан алынатын алым және кеме жүзетін су жолдарын пайдалану төлемақысы жойылады, өйткені мемлекет мұндай жағдайларда рұқсатын және қызмет көрсетуін ұсынбайды", – деді ведомство басшысының бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, жобаның негізгі жаңашылдықтары осындай.

"Жаңа идеология, жаңа ынталандырулар және жаңа әкімшілендіру әдістері сапалы жақсарулардың негізі. Салық жаңалықтарын қабылдауға байланысты салық даулары азаяды, тексерулер саны төмендейді, әкімшілендіру оңайлатылады. Шикізатты қайта өңдеу ынталандыруға ие болады, кредиттеу қолдау табады, агроөнеркәсіптік кешен мен шағын және орта бизнес үшін қолайлы режим қалыптасады. Салық саясаты жалпы ашық және айқын болады", – деп сендірді Руслан Дәленов.

Өз кезегінде қаржы министрлігі де осы құжат қабылданған соң, "жаңа салықтық әкімшілендіруге" көшетіндерін хабарлады.

"Жаңа салықтық әкімшілендірудің тұжырымы – мемлекет пен салық төлеуші арасындағы қатынастарды ырықтандыру. Адал салық төлеушілерді тексеруді азайту және салық төлеушілердің салық міндеттемелерін өз еркімен орындауға ынталандыратын шараларды көбейту көзделген. Шағын және орта бизнес субъектілері үшін талап қоюдың ескіру мерзімін 5 жылдан 3 жылға дейін қысқарту ұсынылады, яғни енді тек үш жыл ішінде ғана бұрын төленген салық сомалары қайта қаралуы және қосымша есептелуі мүмкін", – дейді қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Мұны кәсіпкерлер палатасы сұраған болатын. Әйтпесе салықшылар бес жыл бұрынғы құжаттарды қайта көтерткізіп, қосымша құқықбұзушылық таба беретін.

Министрдің айтуынша, салықтық тәртіпті ынталандыруды арттыру мақсатында тәуекелдерді басқару жүйесі түбегейлі қайта қаралуда. Әртүрлі санаттағы салық төлеушілер үшін салықтық әкімшілендіруде сараланған тәсіл енгізіледі.

Түсіндіре кетсек, "жасыл топ" деп атаған бірінші санатқа тәуекел деңгейі төмен салық төлеушілер жатқызылатын болады. Оларға тексеру жүргізілмейді, есептілікті ұсыну, берешекті төлеу, көлденең мониторингке қатысу мүмкіндігі мерзімдерін өзгерту түрінде жеңілдік көзделеді.

"Тәуекел деңгейі орташа топқа" әкімшілендірудің қалыпты тетіктері қолданылатын хабарламалар жіберіледі, ал орындалмаған жағдайда салықтық бақылау шаралары қолданылады.

Үшінші немесе "қызыл аймақ" деп аталатын топқа тәуекел деңгейі жоғары салық төлеушілер жатады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұлар "заңды белінен басқан салық төлеушілер". Оларға салық міндеттемелерін тиісінше орындамаған жағдайда мемлекеттік кірістер органдары бірден назар аударып, қатаң шаралар қолданатын болады.

Тағы бір мәселе - Қазақстанда көптеген кәсіпкерлер үшін компанияны жабу оны ашуға қарағанда әлдеқайда күрделі. Бұл жұмыс істемейтін салық төлеушілер санының көбейіп кетуіне әкеп соқты. Осыған байланысты заң жобасында оларды мәжбүрлі түрде тарату үшін негізгі шарттар берілген.

Осы рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мәжбүрлеп тарату туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарына алдын ала орналастырылатын болады және осы компаниялардың ықтимал кредиторларының талаптары бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

Салықтық тексерулер бөлігінде олардың санын едәуір азайтуға және сапасын арттыруға бағытталған шаралар көзделген, атап айтқанда, "жоспардан тыс тексерулер" жүргізу үшін негіздер 56%-ға қысқарды: қазір 32 негіз бар болса, оның тек 14-ы қалады.

Аудиторлық ұйымдардың тексерулерді жүзеге асыру үшін жағдайды жақсарту қарастырылған: мұнда енді бизнесті бизнестің өзі тексереді, жылдық жиынтық табыс бойынша шегі 150 000 АЕК-ке дейін ұлғайды және аудит жүргізу кезінде бұзушылықтар үшін лицензиядан айырмайды.

Қазіргі уақытта алкоголь өнімін лицензиялау процесі көптеген наразылықтар мен дау тудырып жүргені мәлім. Бұл сала да өзгеріске ұшырайды. Кодекс жобасында лицензиялық бақылауды ырықтандыру көзделеді. Лицензия алдындағы тексерулер жүргізілмейді, тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде лицензиялаудан кейінгі бақылауға көшу болжанады.

Айта кету керек, Қазақстанның орны "Doing Business" жаһандық рейтингінде "Салық салу" индикаторы бойынша 57-ші орыннан 60-шы орынға төмендеген. Сондықтан ел үкіметі жаңа кодекс арқылы мемлекеттің осы  жағдайын жақсартуды көздеп отыр.

Кодексті ары қарай депутаттардан арнайы құрылған жұмыс тобы отырыстарында талқылайтын болады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу