Кәсіпкерлер бизнесті қалай сақтап қалды?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4928

Төтенше жағдай клиенттердің тілін табу мен шұғыл шешім қабылдауды үйретті. 

Кәсіпкерлер бизнесті қалай сақтап қалды?

Елімізге төтенше жағдай енгізілгенде бизнес субъектілерінің 87,1% не істерлерін білмей, абдырап қалған. Карантин жағдайында өткен екі аптадан соң кәсіпкерлер ес жиып, қайтпек керек деген сауалға жауап іздей бастаған. Red Point Kazakhstan коммуникациялық агенттігінің әлеуметтік сауалнамасына қатысқан кәсіпкерлердің 32,3% бизнесінен қол үзіп, қызметін тоқтатқанын айтса, 41,9% қашықтан жұмыс істеп жатқанын жеткізген. 16,1% тиісті рұқсаттарына сәйкес, жұмыстарын штаттық режимде жалғастырғанын жариялаған.

Респонденттердің 16,1% компанияларының табысы өзгермегенін, 16,1% екі есе азайғанын баяндаған. Ал 32,3% мүлде табыссыз қалғанын мәлімдеген.

Kazunion туристік компаниясының басшысы Лаура Галиеваның сөзінше, бұрынғының барлығы өзгереді, карантиннен кейін кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндікке ұмтылу қажет болады.

"Коронавирус пандемиясынан кейінгі кезеңде дәстүрлі туризм нарығында дами алмайтынымыз белгілі. Ескі бизнес модельден бас тартып, туризм саласына инновациялық жоба енгізу тиімді болатынын түсініп отырмыз. Бизнес үдерісті жаңғырту үшін дағдарысқа қарсы антивирус қажет. Ол – идеядан, ізденістен пайда болады", – деді Лаура Галиева.

Кәсіпкер еліміздегі соңғы дағдарыс микро, шағын, орта және ірі бизнесті тұтас жайпағанын, оның ішінде микро және шағын бизнес соққыны ауыр қабылдағанын айтты.

"Ешкімге оңай болған жоқ. Қиындық мемлекеттік қолдаудың арқасында еңсеріліп жатыр. Дағдарыстың салдарын қатты сезінбеу үшін халыққа етек-жеңін жинау керек. Мұның негізгі алғышарты: шығындарды шектеу, үнем тәртібіне көшу, қызмет көрсетудің заманауи тәсіліне жүгіну", – деді туристік компанияның басшысы.

Кәсіпкер бизнесін сақтап қалу және табысынан айрылмау үшін клиенттерінің тілін тауып, демалыс мерзімін кейінге шегеруге келіскен. Осылайша тараптардың келісім шартты бұзуының алдын алған.

"Aitas KZ" АҚ бас директоры Серік Толықбаев төтенше жағдай кезінде кәсібін тұралатпас үшін алдын ала қамданғанын айтты.

"Дағдарыс басталған кезде біз оған қарсы сценарии әзірледік. Әуелі әлемдік мұнай бағасына болжам жасап, шығыс пен кірісті есептеп алдық. Бұдан кейін компания құрамындағы 11 кәсіпорынның жұмысын жүйелейтін жедел штаб құрдық. Күшімізді біріктіріп, басы артық шығынды азайттық. Барлық істі орталықтандырып, қалыпты жағдайда жұмыс істедік. Нәтижесі ойдағыдай болды", – деді Серік Толықбаев.

"Романовский продукт" сауда маркасының негізін қалаушы Бақытгүл Романова төтенше жағдай шұғыл шешім қабылдауды үйреткенін жеткізді.

"Төтенше жағдайдың алғашқы аптасында тауарымыздың 60% кері қайтты. Біз 1 күн ішінде табыстылығы аз тауарларды тізімнен алып тастадық. Бұрын бұл іспен 3 ай айналысатынбыз. Шұғыл шешім қабылдап, дереу әрекет етудің нәтижесінде компаниямызды, қызметкерлерімізді  қаржы қиындығынан сақтап қалдық", – деді Бақытгүл Романова.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу