Кәсіпкерлер цифрлық қолтаңбадан құтылуды ойластыруда

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2499

Қазақстан келешекте электронды цифрлық қолтаңбадан бас тартуы ықтимал.

Кәсіпкерлер цифрлық қолтаңбадан құтылуды ойластыруда

Қазірдің өзінде мемлекеттің кәсіпкерлерге көрсететін қызметтерінде ЭЦҚ-дан бас тарту мәселесі қарастырылуда. Бұл жайында үкіметте "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев айтты. Және аталған жайт жақын арада түпкілікті шешімін табуы мүмкін.

"Бүгінде қызметтер ЭЦҚ арқылы жүзеге асырылуда. Алайда тәжірибе көрсеткендей, кәсіпкерлерге бұл әдіс қолайсыз болып отыр, ол бизнеске сервис жасау процесін тежейді. Сондықтан қазіргі уақытта порталда жеке тұлғаны екі факторлы аутентификациялауды енгізудеміз. Бұл шара ЭЦҚ-ны қажет етпейді. Яғни, сервистік қызмет алуды тездетеді. Жалпы, сервистік қызмет аясында ЭЦҚ-ны қолданыстан алып тастау туралы Ұлттық экономика министрлігімен пікірталас жүруде. Мәселе жыл аяғына дейін шешіледі деген үміттеміз", – деді ҰКП басшылығының өкілі Эльдар Жұмағазиев.

Оның мәліметінше, бүгінде "Atameken Services" порталы арқылы кәсіпкерлерге қолдаудың 68 түрі бойынша 2700 онлайн-қызмет көрсетілген. Бұл ретте "Атамекен" палатасы бизнесмендердің "Жеке кабинетін" әзірлегенін айта кеткен жөн, онда іскер жандар 46 мемлекеттік қызметті онлайн режимде ала алады.

Ұлттық палата дерегінше, 2018 жыл соңына дейін "Atameken Services", "ҚазАгро" және "Даму" қорының платформаларын бір-біріне кіріктіріп, интеграциялауды толық аяқтау жоспарлануда екен. Егер мемлекет келіссе, сонда кәсіпкерлер осы жүйеде ЭЦҚ-ға тәуелділіктен толық арыла алады. Әйтпесе, "Электронды үкімет" порталы электронды қолтаңба талап ететіні мәлім.

Дегенмен, өз кезегінде eGov-та да ЭЦҚ бірте-бірте екінші орынға ығыстырылып, маңызы төмендетілуде. Мәселен, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, онда көп сұранысқа ие әрі ірі 20 мемлекеттік қызметті электронды цифрлық қолтаңбасыз алуға рұқсат етілді. Бұл жерде олардың 15-ін сұрау салудан кейін ұялы телефон нөміріне SMS түрінде келетін бір реттік құпиясөзді қолдану арқылы пайдалануға болады. Ал қалған бесеуі үшін порталда авторизациялаудан өту талап етіледі.

Осылайша, бүгінде Қазақстан тұрғындары еш ЭЦҚ-сыз электронды үкімет порталы арқылы емханалар мен клиникаларға тіркеліп, дәрігердің қабылдауына жазылып, дәрігерді үйге шақыруына мүмкіндігі бар.

Бұдан бөлек, ЭЦҚ-дан құтылған қызметтердің қатарында мүліктің болуы не болмауы туралы анықтама, жылжымайтын мүлікті тіркеу, құқықтың аяқталуы туралы жеке тұлғаларға анықтама беру, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (тыйымдар) және оның техникалық сипаттамасы туралы анықтама, жылжымайтын мүліктің техникалық паспортын алу, тіпті некеге тұрып, азаматтық хал актілерін тіркеу секілді халық арасында аса танымалдары да кіріп отыр.

Бұдан басқа, әскери қызметін өткеруді растау туралы анықтама, жеңілдіктері бар адамдарға, мәселен, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюшыларға анықтамалар беру, өнертабысқа патент беру, мұрағаттық анықтамалар алу, заңды тұлғаларды тіркеу, тауар таңбасын тіркеу, баланың тууын тіркеуге электрондық өтінішті беру және басқа да 44 мемқызмет түрі де цифрлық қолтаңбасыз қолжетімді болды.

Нәтижесінде, кезінде ЭЦҚ-мен қиындатылған бұл қызметтер енді sms арқылы берілетін құпиясөз көмегімен жеңілдетілуде. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының түсіндіруінше, сұрау салушыға енді ЭЦҚ алуға уақыт шығындамай, телефонына келген тексеруші құпиясөзді eGov.kz порталында енгізсе жеткілікті. Осы кезде пайдаланушының нөмірі "мобильдік азаматтар базасында" тексеріліп, базадағы нөмірмен сәйкестігі расталып, сұрау салған қызметке бірден жауап беріледі.

Мобильдік азаматтар базасында тіркелу үшін порталда "Жеке кабинетке" кіріп "телефон" деген бағанда ұялы телефонның нөмірін көрсету қажет. Бұдан бөлек, ХҚКО-лардың бірінде ЖСН-ға телефон нөмірін тіркеп алуға болады.

Айтқандай, жақында мемлекет азаматтар шағымына құлақ асып, электронды цифрлық қолтаңба кілттерінің жарамдылық мерзімін 3 жылға дейін ұзартуға барды. Бұған дейін мемлекеттік қызметтерді пайдаланушылар кілттерді "Электронды үкімет" порталындағы жеке кабинет арқылы немесе ХҚКО-ларға барып, мерзімін жыл сайын ұзартып отыруға мәжбүр-тін.

Енді ЭЦҚ кілттері жеке куәлікте, сондай-ақ eToken PRO 72K, JaCarta, Kaztoken, Akey сияқты қорғалған тасымалдылаушыларда 3 жылға дейін сақталады. Яғни, үш жылда бір рет өзгертіп отыру талап етілмек.

Дегенмен, файлдық жүйеге шығарылған ЭЦҚ кілттерінің жарамдылық мерзімі өзгермей, бұрынғыдай 1 жылға тең мерзімде қалды. Өйткені "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ының дәйектеуінше, файлдық жүйе сертификатталғандар санатына жатпайды, әрі жабық кілттерді ұзақ уақыт қауіпсіз сақтауға мүмкіндік бермейді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу