Кәсіпкерлер қолдау көрсетіп жатыр

Қажет Андас Қажет Андас
4738

Алакөл ауданының 90 жылдық мерейтойына өңірден шыққан кәсіпкерлер айрықша тарту жасады.

Кәсіпкерлер қолдау көрсетіп жатыр

"Биыл алакөлдіктер үшін аспаннан байлық жауған жыл болды. Жазғы шомылу маусымында Алакөлге 1 миллионнан астам турист келіп, ақылы қызметтен түскен қаржы 5 млрд 861 млн теңгеге жетті. Жыл басында 1500 орынға арналған 18 демалыс орны қолданысқа берілді", – деді  Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев мерейтойға арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.

Айта кетейік, өткен жыл Алакөлге 753 мың турист келіп, оларға 3,5 млрд теңгеге ақылы қызмет көрсетілді. Бұл көрсеткіш жергілікті кәсіпкерлердің жағдайының жақсаруына оң әсер етті. Шипалы судан ем іздеп, сергіп қайтуға келген қонақтарға 195 демалыс орны қызмет көрсетті. Олардың 19-ы былтыр ашылды.

Қазіргі таңда Алакөл маңында 214 демалыс орны туристерге қызмет көрсетуде. Солардың ішінде ең ауқымдылары ретінде "Алакөл ресорт", "Ала Теңіз", "Аласу", "Қара Тас", "Гранд Вилл ресорт", "Аквамарин ресорт", "Көктұма" сынды нысандарды айтуға болады.

"Мерейтой қарсаңында Ақши ауылында жылына 30 мың туристі қабылдайтын бес жұлдызды "Көктем Гранд Ресорт" кешені ашылды. Осы тұста дәл осындай ауқымды жобаны жүзеге асырғаны үшін жерлесіміз, кәсіпкер Мұрат Әділхановқа ерекше алғысымды білдіремін. Сонымен қатар жерлесіміз, меценат Сауат Мыңбаев Үшарал қаласынан "Тарлан" атты әмбебап денешынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызып берді. Оның да тұсаукесері мерейтой қарсаңында өткеніне баршаңыз куә болдыңыздар",  – деді Әлібек Жақанбаев.

"Азаматын көріп, ауылын таны" дегендей, Алакөл десе, алдымен белгілі қазақ кәсіпкері, меценат, "ZHERSU" инвестициялық-өндірістік корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы  Бауыржан Оспанов ойға оралады. Осыған дейін бизнестің сан саласына қан жүгірткен кәсіпкер енді Алакөл өңірінің тарихын түгендейтін жұмыстарға қолдау көрсетіп жүр.

Алакөл ауданының 90 жылдығын тойлау жетістіктерді жүйелеп, алдағы жоспарларды мығымдап алу үшін керек шығар. Бірақ бұл өңірдің тарихы тым тереңде жатыр. Алакөлден шыққан кәсіпкерлер біраз жылдан бері қаржы бөліп, қазба жұмыстарын жүргізуге демеу көрсетіп, өңірдің 6 мың жылдық тарихын айғақтайтын жәдігерлер тапты.

"Бірнеше жыл көлемінде жұртқа танымал тарихшы, "Қасиетті Қазақстан" ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлын қаржылай қолдап, Петербург, Мәскеу, Орынбор, тағы да басқа  қалалардағы мұрағаттардан тарихи дерек  алғыздық. Нәтижесінде тарихтың біраз жасырын беті ашылды. Соның ішінде Алакөл өңірінде Мұхамеджан Тынышпаев  атамыз бастаған Алаш Орда көшбасшылары ақпатша өкілдерімен кездесіп, өз алдына ел болудың қамын жасағаны туралы дерек бар. Тіпті, осы жерде алғаш Алаш полкы құрылып, төрт-бес жыл өзін-өзі  басқарғаны туралы дәлел бар. Осындай игі бастамалар тек Алакөл емес, қазақ тарихын тануға мүмкіндік береді. Мұны өңірдің мерейтойына жасаған тартуымыз деп қабылдаңыныздар", – деді Бауыржан Оспанов

Алакөлдің кәсіпкер азаматтарды туған жерін түлету үшін  осыған дейін жеткен жетістігін жетілдіріп, алдағы уақытта да өңір экономикасының өркендеп-өсуіне көмектесе бермек.

"Қазір жерлесіміз, меценат Сауат Мыңбаев екеуіміз бірлесіп, Алакөл өңірінде  Орта Азияда баламасы жоқ етті бағыттағы ірі қара тұқымын өсіру жобасын қолға алдық. Сондай-ақ сортты тұқымды 100 мың қой, таза қанды 10 мың жылқы өсіретін үлкен орталықтың жұмысын бастадық. Бүгінде жылқы түлігінің саны 4 мың бастан асты. Бұл жұмысымыздың нәтижесін ауданның 100 жылдық мерейтойына тарту етуді жоспарлап отырмыз", – деп қорытты сөзін "ZHERSU" инвестициялық-өндірістік корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу