Кәсіпкерлер негізсіз тексеріліп жатыр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
11336

Мемлекеттік кірістер комитетіне сауал жолданады. 

Кәсіпкерлер негізсіз тексеріліп жатыр Фото: atameken.kz

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Facebook-тегі парақшасында локдаун кезіндегі салықтық бақылауға қатысты пікір білдірді. Ол құзырлы органдардың карантиндегі ерекше белсенділігі бизнеске кері әсерін тигізіп жатқанын жариялады.

"Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдерінің карантинге қарамай, қашықтан жұмыс істеп жатқан ұйымдарға тексеріс жүргізуі жиілеп кетті. Төтенше жағдай кезінде бақылауды тоқтатқан мемлекеттік кірістер органы, төтенше жағдай аяқтала салысымен қызметтеріне кірісті. Бизнес қиын кезеңді бастан кешіріп жатқан сәтте салықшылар кәсіпкерлердің заңды мекенжайы бойынша орналасуын тексере бастады. Мысалы, Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасына көмек сұрап келген кәсіпкер Бостандық ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының әрекетіне шағымданды. Салықшылар тексеру барысында компания қызметкерлері ЖШС тіркелген мекежайдағы кеңседе отырғанына қарамастан, заңды тұлға нақты мекенжайы бойынша орналаспаған деген байлам жасап, акт толтырған. Бұған ЖШС директорының жұмыста болмағаны негіз етілген сыңайлы. Ал директор еңбекке жарамсыздығына байланысты жұмыс орнынан табылмаған", – деді Рустам Жүрсінов.

Бизнес-омбудсменнің сөзінше, кәсіпкерлер тарапынан Алмалы, Медеу аудандары мемлекеттік кірістер басқармасы қызметкерлерінің де үстінен арыз түскен.

"Компания қызметкерлері тіркелген мекенжай бойынша кеңседе болған. Салықтық зерттеп-қарау барысында олардан салық кодексінде қарастырылған қосымша құжаттар талап етілген. Салық кодексінің 70- бабына сәйкес, салықтық зерттеп-қарау – салық төлеушінің іс жүзінде бар немесе жоқ екенін растау мақсатында салық органы жүзеге асыратын мемлекеттік бақылаудың бір формасы. Қазақстанның бас санитар дәрігері мен Алматы қаласының бас санитар дәрігерінің  талабына сай алдымен қызметкерлердің жартысын, кейін 80% қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру жағдайында салықтық зерттеп-қарау ұйымдастырудың мақсаты түсініксіз.

Шағымдардың көбеюіне байланысты осы аптада Алматы қаласы кәсіпкерлер құқығын қорғау  кеңесінде мәселені талқылау туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар мемлекеттік кірістер комитетіне аймақтық органдардағы  қызметкерлерінің іс-әрекетіне байланысты Ұлттық палатадан сауал жолданады. Себебі басқа аймақтарда да дәл осындай фактілер тіркелген", – деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл.

Рустам Жүрсіновтің мәлімдеуінше, бұған дейін үкімет алдында салықтық бақылау шараларын шегеру туралы бастама көтерілді. Төтенше жағдай кезінде салықтық тексерістің мерзімі шегеріліп, өсімпұл тағайындау мен банк есепшоттары мен касса бойынша шығыс операцияларын бұғаттау тоқтатылды.

"Кәсіпкерлерге дәрі-дәрмек сатып алу үшін банк есепшоттарының бұғатталуы кедергі болды. Ал медициналық мекемеде ем қабылдап жатқан азаматтар мемлекеттік табыс органдарының хабарламасына жауап беру мүмкіндігінен айырылды. Барлық әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, коронавирус инфекциясына қатысты жағдай жақсармайынша, салықшылардың бақылау шаралары мен мәжбүрлі түрде өндіріп алуларын тоқтату қажет. Бұл ұсыныс үкіметке жолданды", – деді Рустам Жүрсінов.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу