Кәсіпкерлер "Wipon"-ға қатысты шағымдануда

3490

Ұлттық заң жалғыз компанияның мүддесін ілгерілете ме? 

Кәсіпкерлер "Wipon"-ға қатысты шағымдануда

Қазақстан халқы арақ-шараптан мүлдем бас тартса, ғажайып болар еді. Алайда ішімдік өндірісі, керісінше, өсуде. Өткен бір жыл ішінде Қазақстанда арақ өндірісі 24%-ға өсіп, 24 млн литрге жетті. Бұған қоса, 34,6 млн литр шарап жасалған, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Осы арақтың 14 млн, шараптың 19 млн литрі ғана шетелге экспортталған.  Сонымен қатар елге келетін импорттың да көлемі де баршылық.

Яғни, ай сайын миллиондаған тонна ішімдік отандық сауда орындарының сөрелеріне жол тартады. Осы миллиондаған литр ішімдік тасқынынан бір делдал күреп табыс тауып отыр.

"Алкоголь өнімдерін сатушылардан салық органы "Wipon Pro" бағдарламалық қамтылымды орнатуды талап етеді. Бұл қосымшаны мемкірістер органы емес, жеке бір компания әзірлеген. Оның үстіне тегін емес, кәсіпкерлерден ақы жинайды. Салықшылар бұл талабын орындамасақ, үлкен айыппұл саламыз деп қорқытуда. Мен ұлттық заңнаманы әрлі-берлі ақтарып, осы мақсатта қолдануға рұқсат етілген құрылғылардың заңмен бекітілген тізімін таба алмадым. Онда неге дәл осы қосымшаны орнатуға мәжбүрлеуде? Қазір тегін баламалы шешімдер де бар ғой. Мысалы, "e-Sapa" және басқасы. Бірақ салықшылар оларды ауызға да алмайды, балама барын айтпайды", – дейді атыраулық кәсіпкер Марат Қатыров.

Жеке кәсіпкер Ерлан Жексембай да осындай қиындыққа тап болған.

"Мейрамхана-вагондарды жалға алдым. Онда алкоголь өнімдерін сақтауға және бөлшек саудамен айналысуға лицензия алдым. Бағдарда екі мейрамхана-вагон сапарлап жүр. Мемкірістер департаменті олардың әрқайсысы үшін жеке-жеке лицензия алуға міндеттеді. Оған дауым жоқ. Алайда МКД әр вагонға бөлек Wipon аспабын сатып алуға мәжбүрлеуде. Мен бұған қарсымын, себебі әр вагонға тамақ өнімдері, сусындар және ішімдік бір жерден – стационарлық базадан қорапталып жеткізіледі. Wipon сол жерде тұрса жеткілікті емес пе. Бұл түсініктемемді мемкірістер департаментіндегілер құлаққа ілетін емес. Олар әрбір лицензия үшін жеке аспап алуым шарт деп алған беттерінен қайтпай отыр", – дейді кәсіпкер.    

Түсіндіре кететін жайт, "Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы" заңының 9-бабына сәйкес Қазақстанда егер есепке алу-бақылау маркаларын сәйкестендіру аспабы болмаса, онда алкоголь өнімін сақтауға және өткізуге тыйым салынады. Бұл талап елдегі ішімдік өнімдерінің өндірісін және айналымын бақылау, спирт өнімдерінің көлеңкелі нарығымен күресу, халықтың "самопалдан" улануына тосқауыл қою үшін төрт жылдай бұрын енгізілді.

Қаржы министрлігі бұл заңды қорғағанда, осы норма арқасында есепке алу-бақылау маркаларын сәйкестендіру аспабын шығаратын және оған қызмет көрсететін компаниялардың және бәсекелі нарықтың пайда болатынын меңзеген. Дегенмен, Парламент заңды мақұлдай сала, бұл салада бейресми монополист іске кірісті. Салықшылар соның ғана аспабын алып, қызметіне ақы төлеуді талап ете бастады.

Осылайша, арақ-шарап өнімдері Қазақстанда таңбалау жаппай енгізілген алғашқы өнімге айналды.

Шағын кәсіпкер Владимир Добронравов ұлттық заңнаманың әлдебір делдалдың қалтасын толтыруға қызмет ететініне қарсы.

"Заң бізден осы аспапты сатып алып, тіркеуімізді талап етеді. Әйтпесе, Әкімшілік кодекстің 282-бабына сәйкес, акциздік тауарлар тәркіленеді және айыппұл салынады. Оның көлемі 50-ден 600 АЕК-ке дейін барады. Бұл 1 млн 750,2 мың теңгеге тең. Мен дүкенім үшін "Wipon для потребителей" қосымшасы орнатылған смартфонды қойып қойдым, соның көмегімен таңбаны сканерлеп, алкоголь өнімдерінің заңды әлде қолдан жасалғанын білуге болады. Бірақ айыппұл санкциясынан құтылуға бұл жеткіліксіз екен. Wipon компаниясының қызметкерлері маған тоқтаусыз телефон соғып, айыппұл салумен қорқытуда. Олар Wipon бағдарламасының ақылы нұсқасын орнатып, төлем жасап тұруымды талап етуде. Алайда егер ішімдіктің заңды екенін тегін нұсқасымен-ақ анықтауға болатын болса, ақылы бағдарламаны неге орнатуым керек?" – деп таңданады.

Ол арақ-шарап өнімдерін тексере келген салықшыларға, бақылаушы органдарға және тұтынушыларға ілеспе құжаттарды тегіс көрсетуге де дайын. Ол құжаттардың электронды көшірмесі салық комитетінің сайтындағы жеке кабинетте орналастырылған.

Мемлекеттік кiрiстер комитетiнiң төрағасы Марaт Сұлтанғазиев салада ешқандай мәжбүрлеу де, ешқандай монополист те жоқ деген сенімде.

"Маркаларды сәйкестендіру аспаптары – бағдарламалық қамтылымды пайдаланып және уәкілетті органның ақпараттық ресурстарына қол жеткізе отырып, алкоголь өнімінің есепке алу-бақылау маркаларын сәйкестендіретін және сәйкестендіру деректерін уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелеріне нақты уақыт режимінде беруді жүзеге асыратын аспаптар. Бұл жерде қолдануға рұқсат етілген нақты аспаптардың тізімін бекіту заңда қарастырылмаған. Ендеше алкоголь өнімдерін көтерме және бөлшек сатумен айналысатын субъектілер аталған функцияларды жүзеге асыра алатын сәйкестендіру аспаптарын пайдалана алады", – деді МКК басшысы.

Әйтсе де, ол мысалы, әрбір сауда орнында, соның ішінде мейрамхана-вагонда әлгіндей жеке аспап болуы қажет екенін нақтылады.

"Бұл аспаптар алкоголь өнімдерін сатушыларға да, тұтынушыларға да өз бетінше маркалардың шынайылығын сол сатылатын орында тексеруге мүмкіндік береді. Бұл елді контрафакт өнімдерден қорғайды. Тиісінше, аспап әрбір объектіде болуы керек", – деді комитет төрағасы.  

Осы орайда тұтынушылардың да бұл қосымшаға көңілі толмауда.

"Wipon-да шағым беру үшін осы қосымшадағы видеожазбаны қосып, соған түсіру керек көрінеді, бұл ретте кассирдің бет-жүзі анық көрініп тұруы қажет делінген. Бірақ елордадағы Орталық базарға барып, видеокамераны қосып, жақындай бастасаң болды, сатушылар тауар менікі емес деп қолымен бетін жауып, қаша жөнеледі. Яғни, бұл бағдарлама мүлдем пайдасыз. Ол арқылы чек бермеген сатушыға шағым түсіру мүмкін емес. Instagram-да инспекторлар "Wipon-да бәрі өте қарапайым" деп айтады. Шынында бәрі көзбояу сияқты", – дейді Рифкат Кутлиахметов.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу