Кәсіпкерлер жасырын жарнамасын қорғап әлек

4323

Үкіметке жарнама алымына мораторий жариялау ұсынылды.

 Кәсіпкерлер жасырын жарнамасын қорғап әлек

Бизнесмендер өз сауда орнына өткен-кеткеннің назарын аудару үшін әртүрлі қулықты пайдаланады. Мысалы, оның жанына қол бұлғайтын алып үрілмелі қуыршақ қояды. Немесе, нысан атауы жазылған, көзді қарықтырардай жарқ-жұрқ жарықдиодтармен әрлендірілген ірі әріптер орнатады. Үлкен жолдың не көшенің бойына түрлі нұсқағыш-бағдарлағыш қадап, "200 метрден кейін керемет сауда орны (не мейрамхана) кезігетінін" көрсетеді.

Шенеуніктер үшін мұның бәрі – жарнама. Заңда да солай бекітілген. Демек, одан жеке ставкамен алым жиналуға тиіс. Кәсіпкерлер бұған қарсыласып бағуда, ұзақ соттасып жүргені бар. Енді олар мораторий жариялауды сұрап отыр.

"Шағын бизнесті қолдау мақсатында 2021 жылы кәсіпкерлерден сыртқы-визуалды жарнама орналастырғаны үшін алым жинауды тоқтата тұруды сұраймыз. Себебі, шағын кәсіпкерлік пандемия кезеңінде қатты зардап шекті. Сауда көлемі қатты құлдырады. Сонымен бірге санитарлық нормаларды сақтау шығыстары артты. Қазіргі кезде жалақыны, аренда құнын және басқа төлемдерді төлеуге қаржы жетпей жатыр. Шағын кәсіпкерлер құрудың аз-ақ алдында тұр, біраз таныстарымыздың бизнесі банкрот болды. Осы күрделі уақытта көшедегі жарнама шамалы болса, клиенттер тартуға жәрдемдесер еді", – дейді алматылық кәсіпкер Әйгерим Ілиясова Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевке хатында.

Бизнесвумен салықшылардың күн бермей жатқанына алаңдайды.

"Мысалы, Алматыда кез келген, тіпті көлемі 1 шаршы метрден де шағын қалқанды көшеге шығарсақ, екі беті үшін 20 АЕК алым төлеу керек болады. Жылына алым ставкасы 240 АЕК-ке жетеді. Бұл 700 мың теңгеден астам сома. Шағын бизнес үшін бұл тым үлкен ауыртпалық. Сондықтан шағын кәсіпкерлерден сыртқы көрнекті жарнама үшін екі жыл төлем жинамауды сұрап отырмыз", – деді ол.

Мұның басқа қыры да бар. Мысалы, өз ісін жаңа бастаған кәсіпкер көшедегі жазуы не тақтайша-табличкасы сыртқы жарнама нысаны саналатынын және ол үшін мемлекетке алым-салық төлеу қажеттігін біле бермейді.

Кәсіпкерлердің шағымдануынша, Алматы қаласының Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының Жарнама қызметі осындай жазу, тақтайша, қалқаншаларды айлар бойы үнсіз ғана фотоға түсіріп, тіркеп жүре береді екен. Соңынан ол фотоесеп пен материалдарды Мемлекеттік кірістер басқармасына тапсырады. Оны ала сала, салықшылар бірден бірнеше айға алым есептейді.

Атап айтқанда, жеке кәсіпкердің бірінің Whatsapp нөміріне таяуда аудандық мемкірістер басқармасынан ұсыным хат келіп түседі. Салықшылар бизнесменге 2020 жылғы тамыздан 2021 жылдың ақпаны аралығында далада жарнама орналастырғаны үшін қанша төлем төлеуі керектігінің есептемесін жіберіпті. Нақтылай кетсек, шағын кәсіпкер екі жағында "бізде жұпар иісті кофе ішіңіз, дәмді тоқаш жеңіз" деген жазулары бар кішкентай жылжымалы тақта үшін 7 айға 140 АЕК немесе 394 мың 480 теңге алым төлеуге міндеттелді.

Осыған орай бизнесмендер өткен кезең үшін төлем талап етуді доғаруды сұрайды. Олардың ұсынысы бойынша жергілікті атқарушы органдар сыртқы жарнама нысанын бірінші рет тіркегенде, ол туралы кәсіпкерді жазбаша құлағдар етіп, бірінші ай үшін ақы талап етусіз, жай ғана ескертуі қажет. Сонда бизнесменде таңдау пайда болады: не ол тақтаны ары қарай қалдырып, төлем төлейді, немесе оны белінен бір бүктеп, қоқысқа лақтырады. Болмаса, тасымалданбалы сыртқы жарнама нысанын стационарлы жарнама нысанына ауыстыруы мүмкін: бұл жағдайда төлем 5 есе азаяды.

Тағы бір мегаполис – Шымкентте кәсібін жүргізетін бизнесмен Виктор Гусев те осы алым-салықтан ығыр болғанын айтады.

"Біздің Шымкенттегі сауда орнымызға былтырғы 29 желтоқсанда сәулет басқармасынан тексеріспен келді. Оның маманы дүкен терезесіне жапсырылған жапсырмалар сыртқы жарнама болып табылатынын хабарлады. Ендеше оларды орналастыру үшін Салық кодексінде бекітілген ставкалар бойынша ақы төленуге тиіс екен. Бізде бір тереземіз 90х135 сантиметр, яғни 1 215 шаршы метр шығады. 4 тереземіз бар, жалпы көлемі 5 215 шаршы метр болады. Яғни, 2021 жылы ай сайын 29 мың 170 теңгеден төлеп тұруымыз қажет екен. Ал қолданыстағы "Жарнама туралы" заңының 11-бабында "сыртқы жарнамаға сөрелер мен терезелерді декоративтік және мерекелік безендіру сипатындағы ішкі безендіру жатпайды" дегені қайда? Мен далада жарнамалы тақтайша орналастырған жоқпын ғой. Тереземнің ішкі жағынан ғана безендіру үшін жапсырма-наклейкаларды жапсырып қойғанмын", – дейді В.Гусев.

Осылайша, шенеуніктер мен бизнесмендер заң жобасын әртүрлі түсініп, бастары қатып жүр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу