Кәсіпкерлерден 5 жыл бойы сұралмаған кеден алымдары талап етілді

1484

Астана қаласындағы арнайы экономикалық аймаққа кіретін 50 кәсіпорын иелеріне кеден алымдары үшін төлем жүргізу талабымен хабарламалар келіп түсті. 5 жыл бұрын Заңнамаға енгізілген өзгертулерге сәйкес төлем былтырдан бастап қана сұрала бастаған. 

Кәсіпкерлерден 5 жыл бойы сұралмаған кеден алымдары талап етілді

Кеден салығынан хабарсыз кәсіпкерлер енді жыл сайынғы өсімді қоса есептегенде 1 млн теңгеден 20 млн теңге аралығында төлем жүргізуі тиіс, әйтпесе әкімшілік іс қозғалып, тауарларға декларация ретінде оңайлатылған тәртіппен берілетін әрбір тізбе мен әрбір өтініш үшін 20 АЕК айыппұл салынбақ, деп жазады inbusiness.kz

Даудың басы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 5 сәуірдегі № 171 қаулысының қабылдауынан шығып отыр. Оған сәйкес, мемлекеттік кірістер органдары өндіріп алатын кедендік алымдардың мөлшерлемесі тауарға арналған декларация үшін 20000 теңге деп бекітілді. Оған дейін тауарға арналған декларацияның негізгі парағы үшін 25000 теңге; тауарға арналған декларацияның әрбір қосымша парағы үшін 11000 теңге болған еді. Мемлекеттік кірістер департаменті өкілі Бондаренко Ильсия дәл осы сәттен бастап Арнайы экономикалық аймақтың кәсіпкерлерінен кедендік алымдар алынатынын білмегенін айтады. 

Фото: inbusiness.kz

"Аталмыш заңбұзушылықты прокурорлар анықтады. МКД бірден кедендік алымдарды өндіруді бастаған жоқ, себебі біз сот шешімін күттік. Бірақ, көріп отырғанымыздай, сот бұл мәселеге нүкте қойып, кедендік алымдар өндірілу процесін заңды деп таныды. Осыған байланысты Сіздерге тексеру жүргізу бойынша хабарламалар жіберіле бастады", - деді Илсия Бондаренко.

Мерзімдер бойынша Астана қаласы МКД басқармасының басшысы Кедендік бақылау басқармасы тауарлар шығарылғаннан кейін жүргізетінін мәлімдеді. 

"Тауар шығарылған кезде тексеру келіп, кедендік төлемдерді қосымша есептеген кезде ешкімде сұрақ туындамайды ғой. Бұл жағдайда да дәл солай. Біз өз тарапымыздан ешқандай құқықбұзушылықты көріп отырған жоқпыз", - деді ол.

Сол бір білмегендіктен арасына 5 жыл салып, Көлік прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесінде Астана қаласындағы арнайы экономикалық аймаққа кіретін 50 кәсіпорын иелерінен кеден алымдары талап етілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлер 5 жыл бойы оны төлемегендіктен, қарызға күн сайын 0,1% өсім есептеліп отырады. 

Оған қоса кәсіпкерлер Мемлекеттік кірістер департаментінің (МКД) актілеріне сеніп, декларацияны қалағандарынша рәсімдей берген, себебі арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) аумағына әкелінетін қазақстандық тауарлар үшін жеңілдетілген тәртіп жасалған болатын. 

Фото: inbusiness.kz

"АЭА қатысушылары кедендік алымдарды алмастан тауарлар тізбесін тіркеуде (тауарлар шығаруда) көрсетілген МКД-ның қолайлы актілеріне сеніп келді. МКД актілеріне сүйене отырып, кәсіпкерлер өз қызметін тауарларды кедендік декларациялау бөлігінде белгілі бір жолмен құрды", - деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасының басқарма басшысы Алмас Башибаев.

Енді мынаны қараңыз, Астанада бір құрылыс компаниясы 2019-2020 жылдары 411-тізім бойынша ресімдеудің жеңілдетілген тәртібін пайдалана отырып, қажетті материалдарды елге әкелген. Тексерістен кейін, мемлекеттік кірістер органдары бюджетке әрбір тізбе үшін 20 мың теңге мөлшерінде кедендік алымдарды, яғни 8 млн теңгеден астам соманы және бүкіл мерзім үшін өсімпұлды қосымша төлеуді талап етеді. Сонда кәсіпкер мемлекетке барлығы 12 млн теңге қарыз болып шығады. Дәл осындай мәселемен елорданың 50 кәсіпкері бетпе-бет келіп отыр. Олардың да шығыны 1 млн мен 20 млн теңге аралығында бағаланды. 

Фото: inbusiness.kz

Орын алған жағдайға байланысты Бас көлік прокурорының аға көмекшісі Нұрлан Әбілқасов көлік прокуратурасы қадағалау қызметі шеңберінде тауарлардың тізбесін ұсыну арқылы тауарларды декларациялау үшін кедендік алымдарды төлемеу фактісін анықтағанын түсіндірді. Осыған байланысты, уәкілетті органға прокурорлық қадағалау актісі енгізілген, ол қаралып, кейін қанағаттандырылды.

Сот шешімімен келіспеген сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар уәкілетті органның әрекеттеріне сотқа шағым түсірген, бірақ нәтижесіз. Қазіргі уақытта олар кассациялық шағыммен Жоғарғы сотқа жүгінді.

Фото: inbusiness.kz

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған басқосуда Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшесі Сәкен Карин прокуратура қызметкерлеріне Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 13-бабы туралы еске салды, онда "Әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен қабылданған заңсыз әкімшілік акт, сондай-ақ әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен жасалған заңсыз әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушы үшін ауыртпалық салатын салдарға алып келмейді" делінген, яғни кәсіпкерлер ең болмағанда күн сайын қосылып отыратын өсімді талап етпеуді сұрайды.

Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы елордалық кәсіпкерлерге осы мәселе бойынша сотта және өзге де инстанцияларда толық консультативтік-құқықтық сүйемелдеу көрсетеді, сондай-ақ Бас прокуратураға және өзге де мүдделі мемлекеттік органдарға түсініктеме алу үшін жүгінеді деп шешті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу