Кәсіпкерлерді ынталандыру керек

2978

"Атамекен" мен сауда және интеграция министрлігі бірлесіп жұмыс істейді. 

Кәсіпкерлерді ынталандыру керек

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов пен сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Тараптар ішкі, сыртқы сауданы дамытуға және отандық тауар өндірушілердің өнімін ілгерілетуге келісті. Сонымен қатар шикізаттық емес экспорт нарығының өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы байланысқа серпін беруге уағдаласты. Бұған қоса Дүниежүзілік сауда ұйымы аясындағы ауқымды жобаларды бірлесіп жүзеге асыратын болды. 

Алқа отырысында Абылай Мырзахметов кәсіпкерлерді алаңдататын өзекті мәселелерге тоқталды. Басқарма төрағасының мәлімдеуінше, кәсіпкерлер үшін несиенің қолжетімділігі мен өндірген тауарын өткізу күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Бүгінгі таңда отандық шаруалардың сауда желілерімен орнатқан байланысы көңіл көншітпеді. Осының ақ-қарасын айыру үшін ұлттық кәсіпкерлер палатасы ірі ритейлерлермен жұмыс істеп жатыр. Іс барысында отандық өндірушілердің қай жерде бәсекелестікке қабілеттілігін жоғалтып жатқаны анықталуда.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен сауда және интеграция министрлігі рәсімдеген құжат ұзақмерзімді ынтымақтастықтың және отандық бизнес мүдесін қорғаудың жарқын үлгісі болады деп сенеміз", – деді Абылай Мырзахметов.

Айта кетейі, Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы саласының өкілдері Magnum сауда желісінің өкілдерімен кездесті. Мұнда тауар өндірушілер сауда желісінің өздеріне қоятын талабымен танысты. Әңгімелесу кезінде сауда желілерінің импортқа басымдық беретіні жария болды. Себебі олар қосымша құн салығынан босатылады. Фискальды саясаттың дәл осы түрі адал бәсекелестік талабын өзгертеді.

Абылай Мырзахметовтың пікірінше, ұсақ дүкендерді көлеңкелі экономикадан шығару керек. Қазір олар кассалық аппаратқа көшіп жатыр. Банк қызметі, интернет ақысы бар. Мұның барлығына шамамен қосымша 30 мың теңге қажет.

"Біз кәсіпкерлерді ынталандыратын шараларды қарастыруымыз керек. Адал кәсіппен айналысып, қазынаға салық төлеп отырған шағын және орта бизнес өкілдеріне билік тарапынан түрлі жеңілдіктер жасалып, қолдау көрсетілуі тиіс. Кәсіпкерлер ұлттық экономиканың дамуына, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына үлес қосып отыр", – деді Абылай Мырзахметов.

Қанат Махамбет

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу