"Кәсіпкерлердің құқығын аяқасты етуге болмайды"

1669

Семей-Қайнар автожолын жөндеп жатқан мердігер компания 200 млн теңге шығын шегуі мүмкін.

"Кәсіпкерлердің құқығын аяқасты етуге болмайды" Фото: atameken.kz

Шығыс Қазақстан облысының жол жөндеу компаниялары тендерден неге бас тартты? Жергілікті атқарушы орган не үшін ақтаулық кәсіпкердің жеріне көз алартып отыр? "Атамекен" ҰКП кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында осы мәселелер талқы таразысына салынды.

Кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменовтің сөзінше, ұлттық кәсіпкерлер палатасына Шығыс Қазақстан облысының мердігер ұйымдарынан тасжолдарға жөндеу жұмысын жүргізуге пайдаланылатын құрылыс материалдарының сметалық құны төмендетіліп көрсетілетіні туралы ұжымдық шағым келіп түскенін. Жол жөндеп, табыс тауып отырған компания басшылары нарықтағы нақты баға құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық комитеті бекіткен құрылыс материалдарының сметалық бағалар жинағындағы бағадан екі есе жоғары екенін алға тартқан.

"Шығынға бататын болғандықтан жол жөндеу компаниялары тендерге қатысудан бас тартқан", – деді кеңес төрағасы.

Қайырбек Сүлейменовтің айтуынша, шығысқазақстандық кәсіпкерлер "Атамекенге" нарық талабына сай келмейтін жағдайдың дұрысталуына, яғни тиісті бағаның бекітілуіне ықпал етуді сұраған.

Отырыста мәселенің мән-жайын ШҚО аймақтық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий былай баяндады: "Құрылыс материалдарының сметалық бағалар жинағындағы баға нарықтағы шынайы бағадан 50%-ға төмен. Мысалы жабысқақ битумның сметадағы бағасы – 86 697 теңге, ал нарықтағы бағасы – 160 мың теңге. Салқын асфальт-бетонның сметадағы бағасы – 12 867 теңге, ал нарықтағы бағасы – 18-22 мың теңге. Кәсіпкер

қалған ақшаны қайдан табады, өз қалтасынан шығара ма? Мүмкін, оларға белшелерінен қарызға батып, банкрот болу керек шығар. Құзырлы органдар осылай болғанға дейін қарап отыра бере ме, неге тиісті түзетулерді енгізбейді?" – деді.

ШҚО аймақтық кәсіпкерлер палатасы директорының мәлімдеуінше, 2018 жылдың желтоқсанында ШҚО әкімдігі, аймақтық кәсіпкерлер палатасы, қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау институты, "ҚазАвтоЖол" және мердігерлік компаниялар бас қосып мәселені күн тәртібіне қойған. Сол кезде

құрылыс материалдары мен қызмет көрсету құнын қайта қарау, сондай-ақ қолданыстағы сметалық бағалар жинағына түзету енгізу ұсынылған. Алайда қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау институты кәсіпкерлердің ұсынысын құптамай, оларды жоғары баға белгіленген прайс-парақ көрсетіп отыр деп айыптаған.

"Бұл – мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелеріндегі адал бәсекелестікке нұқсан келтіретін сонымен қатар мемлекеттік қаражаттың тиімсіз игерілуіне жол ашатын жағымсыз құбылыс. Мұны дер кезінде дұрыстап, ретке келтіру қажет. Кәсіпкерлердің құқығын аяқ асты етуге болмайды. Олардың соңында қаншама жұмысшылар, олардың отбасылары тұр", – деді Игорь Шацкий.

Басқосу барысында  шығысқазақстандық кәсіпкер Александр Федосов пікір білдірді. Ол былтыр қабылданған мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері туралы заңда

кәсіпкерлерге қолдау көрсету қажет екені тайға таңба басқандай етіп жазылса да, өздерінің қағажу көріп отырғанын ашынып айтты.

"Семей-Қайнар автожолын жөндеп жатқан мердігер компания 200 млн теңге шығынға батқалы тұр. Бұл жолға 1 млрд 300 млн теңге қарастырылған. Ал оны жөндеуге 1,5 млрд теңгеден астам ақша қажет. Қазір біз 3 жол көріп тұрмыз. Біріншісі, қарызға батып, банкротқа болу, екіншісі, жол жөндеуден бас тартып, банкрот болу, үшіншісі, аз ақшаны үнемдеп, жолды қалай болса солай жөндеу. Міне, бізді осыған итермелеп отыр", – деді Александр Федосов.

Кеңес отырысында қаралған екінші мәселе ақтаулық кәсіпкерге қатысты болды. Е. Кунапин есімді азамат "Атамекен" ҰКП-ға жергілікті атқарушы органдардың заңсыз әрекетіне шағымданыпты.

2018 жылы қазан айында Е.Кунапин жеке мүлік құқығында ауданы  0,12000 га жер телімін сатып алады. Құжаттарын заңдастырған соң, кәсіпкер қонақ үй құрылысына кіріседі. Кейін Ақтау қаласы әкімінің қаулысы негізінде кәсіпкердің жекеменшігіндегі жер телімін мемлекеттік қажеттілік үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару процесі басталады.

Белгілі болғандай, әкімдіктің шешімі үкіметтің "Маңғыстау облысы Ақтау қаласының бас жоспары туралы" 5.09.2012 жылғы  №1147 қаулыға керағар.

Қазір кәсіпкер Ақтау қаласы әкімдігінің негізсіз әрекеттерінің салдарынан құрылысын жалғастыра алмай отыр. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері оның жеріне бірнеше рет келіп, полиция қызметкерлері арқылы құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтатуды талап еткен. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу