Кәсіпкерлердің жерге қатысты мәселелері назарда

2317

Бүгінгі таңда отандық кәсіпкерлер жиі душар болатын мәселелердің бірі – әкімшілік кедергілер. Ол туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқын қорғайтын уәкіл Болат Палымбетовтің бизнес-омбудсменнің өңірлердегі өкілдерімен кездесуі барысында мәлімделді.

Кәсіпкерлердің жерге қатысты мәселелері назарда

Павлодар облысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, аталған аймақтағы бизнес-омбудсмен аппаратының сектор меңгерушісі Мәди Сыздықов қолайлы бизнес-орта қалыптастырмай, гүлденген экономика жайлы сөз қозғауға ертерек деп мәлімдеді. Осы орайда, кәсіпкерлік іспен айналысушы жандар, жергілікті атқарушы билік орындарының белгілі бір дүние бойынша шешім шығаруды созбалаңға салатынына үнемі шағымданатын көрінеді.

Бәрінен бұрын, бизнесмендердің құқы жер қатынастары, сәулет саласы мен қала құрылысы бағыттарында өрескел бұзылады. Павлодарлық кәсіп иелері өздерін толғандырған өзекті мәселелер жөнінде бизнес-уәкілдің жеке қабылдауы барысында да ашық айтылды.  

"Бұл қабылдауда 17  кәсіпкердің мұң-тілегі тыңдалғаны аян. Қазіргі уақытта келесі жайттар оң шешімін тапты. "Ортопрот" фирмасы жергілікті тауар өндірушілермен мемлекеттік сатып алу саласында 47 млн теңгеден астам сомаға келісім-шартқа отырса, "INNOVATION CENTER PROJECT" компаниясына мемлекеттік мекемелермен арадағы дау-дамайы аясында көмек көрсетіліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылмай, 424 мың теңге айыппұлдан босатылды", - деп хабарлаған Мәди Сыздықов қалған арыздарға қатысты жұмыс атқарылып жатқанын баяндады.

Сонымен қатар, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқын қорғайтын уәкіл Болат Палымбетовтің Павлодар облысы әкімімен және прокурорымен кездесуі нәтижесінде жер телімдерін аукцион арқылы ұсыну жағы белсенді кейіпке еніп, Өңірлік палата сарапшылары бюджеттік комиссия жұмысына тартылған.

Мәслихатта тұрмыстық қалдықтар жөніндегі нормативтік-құқықтық актілер бекітіліп жатқан болса, жалған кәсіпкерлік деректеріне байланысты заңсыздықтардың жолын кесуге де күш салынатын көрінеді. Бас жоспар мен елді-мекендерді нақты жоспарлау жобалары ауқымында әкімдіктердің әлі де болса Жер кодексінің 44-1 бабына сәйкес заң талаптарын орындамайтыны анықталды. Қажетті ақпарат тек Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында көрініс тапқан.

"2016 жылдың осы уақытқа дейінгі аралығында 171 өтініштің 42 пайызы кәсіпкерлер ыңғайына шешіліп, экономикалық тиімділік 257 млн теңгені құрады. Жалпы кәсіп иелері салық салу, сатып алу, жер қатынастары, монополистер әрекеті бойынша жиі жүгінеді", - деп түйіндеген Мәди Сыздықов әкімшілік кедергілерді қысқартуға, кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғауға күш сала беретіндіктеріне уәде берді.  

Алдаберген Кемпірбаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу