Кәсіпкерлерге 33 млн теңгенің кепілдемесі қайтарылды

4292

Бизнес-ахуалды жақсарту және әкімшілік кедергіні жою үшін кәсіпкерлер мемлекеттік органдарға, оның ішінде прокуратураға жүгінеді. Себебі прокурорларға кәсіпкерлерді қорғау, қолдау міндеті жүктелген, деп жазады inbusiness.kz

Кәсіпкерлерге 33 млн теңгенің кепілдемесі қайтарылды

2021 жылдың 5 айында Қызылорда облыстық прокуратурасы 17 прокурорлық қадағалау актісін енгізіп, 117 кәсіпкердің құқығын қорғады. 16 тұлғаны тәртіптік, 1 лауазым иесін әкімшілік жауапқа тартты. 2 заңсыз тексерудің және кәсіпкерлерге қатысты 9 әкімшілік өндірістің күшін жойды. Нәтижесінде шағын және орта бизнес өкілдері заңсыз салынған 360 485 теңге айыппұлдан босатылды.

Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Ғабит Ұзақбайдың мәлімдеуінше, Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы QazBuilndings ЖШС директоры Н. Денеевке заңда көзделмеген талап қойып, құрылыс-монтаждау жұмысына лицензия беруден 2 рет негізсіз бас тартқан. Осыған байланысты әкімшілік іс қозғалып, Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік соты басқарма басшысына 61 257 теңге айыппұл салды.

"Прокурорлар санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органымен бірлесіп, карантин талабының сақталуы бойынша кәсіпкерлерді заңсыз тексеру фактілерін әшкереледі. Осының ізінше тиісті шара қабылданып, тексеру актісі мен ұйғарымының күші жойылды. 5 айда прокуратуға кәсіпкерлерден 30 арыз түсті", – деді баспасөз хатшысы.

Ғабит Ұзақбайдың айтуынша, кәсіпкерлердің басым бөлігі әкімшілік кедергілерді азайтып, еркін жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасауды сұрайды.

"Кәсіпкерлердің өтініші ескерілді. Облыстық прокуратура облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына өзгеріс енгізу бастамасы арқылы бизнес субъектілерінің жұмыс уақытын  ұзартуға ықпал етті", – деді баспасөз хатшысы.

Оның айтуынша, прокурорлар мемлекеттік кірістер органының 2 кәсіпкерге қатысты 5 және агроөнеркәсіп кешеніндегі уәкілетті органның 3 кәсіпкерге қатысты толтырған 3 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасының заңдық күші жоқ деп таныды.

"Прокурорлар мемлекеттің тапсырыс бойынша білім беру қызметін көрсеткен 75 жеке балабақшаға 192,9 млн теңге бюджет берешегін төлеуді қамтамасыз етті. Бұған қоса мемлекеттік сатып алу бойынша 35 кәсіпкерге құны 33 млн теңгені құрайтын банк кепілдемесін қайтартты", – деді Ғабит Ұзақбай.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу