Кәсіпкерлерге бизнесті дамытуға 400 млрд теңге жұмсау мүмкіндігі берілді

4651

Бизнесті қолдау үшін өткен жылы 700 мыңнан аса заңды тұлға мен жеке кәсіпкерге ауқымды салықтық ынталандыру жасалды. 

Кәсіпкерлерге бизнесті дамытуға 400 млрд теңге жұмсау мүмкіндігі берілді

Қазіргі кезде микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге 3 жылдық мораторий жалғасып жатыр. Үкімет басшысы Асқар Мамин осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Арнайы салық режимін қолданатын шағын және орта бизнес субъектілері табыс салығынан босатылғанын еске салған премьер-министр елімізде жаңа арнайы салық режимі қолданылатын қызмет түрлерінің тізбесі анықталғанын жариялады. 

"Бұл шаралар кәсіпкерлердің 3 жылда шамамен 400 млрд теңгені өз бизнесін кеңейту мен дамытуға жұмсауына мүмкіндік береді. Бұған қоса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша осы жылғы 1 қаңтардан бастап ерікті түрде қолданылатын, жаңа арнайы салық режимі – бөлшек салық енгізілді. Салық мөлшерлемесі табыстың 3%-ы мөлшерінде белгіленді. Үкімет бұл режим қолданылатын қызмет түрлерінің тізбесін анықтады. Тізбеге пандемия кезінде карантиндік шектеу шаралары қолданылған қызметтер енгізілді",  – деді Асқар Мамин. 

Үкімет басшысы бұл бастама шағын және орта бизнес субъектілерінің салық жүктемесін азайту және салық пен төлемдерді бюджетке төлеу тәртібін оңтайландыру мақсатында дағдарысқа қарсы шара ретінде 2 жылға есептелгенін баяндады. 

"Жеке тұлғалардың салық міндеттемесін орындауын жеңілдету үшін биылдан бастап мүлік және жер салығы бір төлемге біріктірілді, көппәтерлі үйлердің иелеріне жер салығы салынбайтын болды", – деді Асқар Мамин. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу