Мемлекет басшысы: Кәсіпкерлеріміздің көрші елдер нарығындағы мүддесі қорғалмай отыр

1482

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясатта біртұтас мемлекеттік стратегияның жоқтығынан ұлттық мүдде тиісті деңгейде қорғалмай отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Мемлекет басшысы: Кәсіпкерлеріміздің көрші елдер нарығындағы мүддесі қорғалмай отыр

Оның пікірінше, сыртқы саясаттағы түйткілдің бәрін мұқият талдап, ақылдасып шешу керек.

"Сыртқы саясатты халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасына сай жүргізіп, оның тиімділігін барынша арттыру керек. Қазір Қазақстанның сыртқа бағытталған жұмысында біртұтас, жалпы мемлекеттік стратегия жоқ деуге болады. Бұл – жүйелі сипаттағы мәселе", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген отырысында.

Ол сыртқы істер министрі үкіметтен ерекше мәртебеге ие болып, премьер-министрдің орынбасары деңгейіне көтерілгенін жеткізді.

Сондай-ақ президент Сыртқы істер министрлігі тығыз мемлекетаралық үйлестіру жұмысын тиімді атқаруы керегін атап өтті.

"Мемлекеттік аппарат ішіндегі байланыс, өзара ықпалдастық әлсіз. Жекелеген мекелемелердің мүддесіне басымдық беріліп жатады. Бұл біраздан бері жалғасып келе жатқан теріс үрдіс. Соның кесірінен елеулі кемшіліктер болып жатады. Оған қоса ұлттық мүддені қорғайтын кезде тиімді жұмыс атқарылмайды. Мысалы, қазір Жайық өзені тартылып барады. Қазақстанға жолданған жүк Қытай шекерасында тұрып қалды. Кәсіпкерлеріміздің көрші елдер нарығындағы мүддесі ойдағыдай қорғалмай отыр. Осындай келеңсіздіктер халықтың тұрмыс сапасына және көңіл-күйіне кері әсер етеді", – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу