Кәсіпкерлік саласында еңбек ететін әйелдердің үлесі 43%-дан асты – Президент

4182

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында "Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыру шаралары мен құралдары" атты іс-шара өтті.   

Кәсіпкерлік саласында еңбек ететін әйелдердің үлесі 43%-дан асты – Президент

Іс-шара ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстандағы "БҰҰ-әйелдер" Құрылымы, "Атамекен" ҰКП және "Атамекен" іскер әйелдер кеңесімен ұйымдастырылды.

Іс-шараға ұлттық комиссияның мүшелері, ақпарат және қоғамдық даму, ұлттық экономика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сыртқы істер министрліктері және үкіметтік емес ұйымдар мен банк секторының ("Отбасы банк" АҚ, "Қазақстан халық банкі" АҚ, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ),  ҚР "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шара қатысушыларына арнайы бейнеүдеу жолдап, қазіргі кезде мемлекеттің жан-жақты дамуы көп жағдайда әйелдер құқығының қамтамасыз етілуі, олардың өз мүмкіндіктерін толық пайдалануына барлық қажетті жағдайды қалыптастырумен тікелей байланысты екеніне атап өтті. 

"Бүгінде, еліміздің қыз-келіншектері түрлі салада қызмет етіп, табысқа жетуде. Бұл сіздерге тән еңбекқорлылық пен іскерліктің айқын көрінісі. Әйелдердің қоғамдағы ролін кеңейте түсу мемлекеттіміздің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Осыған орай нақты шаралар қолға алынды. Соның арқасында еліміздегі шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін әйелдердің үлесі 43%-дан асты. Жеке кәсіпкерлердің тең жартысынан көбі өздеріңіз сияқты қыз-келіншектер. Іскер аруларымыздың арқасында 1 миллионнан астам азаматымыз тұрақты жұмыспен қамтылып отыр", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Іс-шараға ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова модераторлық етті.

"Әйелдердің өзін-өзі дамытуы олардың қоғамдағы әлеуметтік мәртебесінің нығайуы, жалпы қазақстандық отбасылардың әу-ауқатының жақсаруымен тығыз байланысты. Сондықтан қазіргі мемлекеттік қолдау шараларының қол жетімділігін қамтамасыз ету, қыз-келіншектерді үкіметтік емес ұйымдардың және халықаралық қаржы институттарының жобаларына қатысуға тарту аса маңызды.  Бұл ретте қыз-келіншектерді жігерлендіру және оларға лайықты білім дағдыларын ұсыну өте маңызды роль атқарады. Осыған байланысты  әйелдерге қажетті құзыретті қамтамасыз ету қажет. Бұл бағытта барлық күш-жігерімізді біріктірер болсақ, қазақстандық қыз-келіншектердің әл-ауқатын жақсартуға жақсы серпін бере аламыз",- деді Ләззат Рамазанова.

Іс-шара аясында ҚР Ұлттық экономика министрлігі, ҚР "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы және ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Осылайша Қазақстанның барлық өңірлерінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағытында жұмыс істейтін 17 орталық құру көзделіп отыр. Сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, жалпы әйелдер бизнесін насихаттап, таныту бағытында түрлі іс-шаралар бірлесіп ұйымдастыруға келісті.

Іс-шара қатысушылары әйелдерге арналған экономикалық қолдау шараларын іске асырудағы тәжірибелерімен бөлісіп, едәуір тиімді жобалар жайында және олардың келешегін айқындау жөнінде өзара пікір алмасты.

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ Басқарма төрайымы Гаухар Бөрібаева  іс-шарада сөйлеген сөзінде, Қордың тарапынан қолдау тапқан барлық жобалардың 51%-дан астамы әйелдер кәсіпкерлігі екенін атап өтті. Мұндай жобалардың жалпы сомасы 1,26 триллион теңгені құраған. Бұл даму институты қолдаған барлық бизнес-идеялардың тең жартысы.

"Әйелдер кәсіпкерлігі әдетте білім беру саласында – 68%, жылжымайтын мүлік операцияларына қатысты салада – 60%, баспанаға орналасу және тамақтану қызметтері саласында – 58% көбірек. Дегенмен кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жөнінде мемлекеттік саясатты іске асырып отырған даму институты ретінде әйелдер кәсіпкерлігінің өнеркәсіптік өңдеу саласына бет бұрғаны жайында жақсы көрсеткіштер бары бізді қуантатынын атап өткіміз келеді. Қор клиенттерінің орташа статистикалық келбеті: әр екінші клиент орташа жылдық табысы 67 млн.теңге шамасында, 3 млн.теңге салық төлеп, 10 адамды жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкерлікпен айналысатын 39-40 жас шамасындағы әйел", - деді Гаухар Бөрібаева.

"Отбасы банкі" АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова әйелдерге арналған ипотекалық несие ұсыну  бағдарламасын енгізу жөнінде Банктің жоспарымен бөлісті.

"Жақын арада "Отбасы банкі" Азия даму банкімен бірлесіп, әйелдерге ипотекалық несие беру бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл Азиядағы, бәлкім әлем бойынша да, бірінші рет іске қосылатын әйелдерге арналған ипотека бағдарламасы болмақ. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Азия даму банкінен 38 млрд.теңге қаражат тартылды. Банк осы қаражат есебінен 3 970 әйелді қаржыландыруды жоспарлап отыр",- деді Ләззат Ибрагимова.

Қазақстандағы "БҰҰ-әйелдер" Құрылымының өкілі Мария Доценко іс-шарада сөйлеген сөзінде гендерлік теңдік пен әйелдер мен қыздардың құқықтары, олардың мүмкіндіктерін арттыру бағытында  Қазақстан Үкіметі мен Құрылым серіктестерінің қолға алған жұмысын халықаралық ұйым  қолдайтынын атап өтті. "Тұрақты даму саласындағы мақсаттарға жету және халықаралық міндеттемелерді орындауға бағытталған Үкіметтің жұмыстарына қолдау танытып, әйелдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, озық әлеуметтік нормаларды ілгерілетуде  айтарлықтай жетістікке жету жолында бірлесіп жұмыс жасай бермекпіз", - деді Мария Доценко. 

Іс-шара қатаң түрде барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылды, оған тек COVID-19 анықталмағанын растайтын тесті бар қатысушылар  қатысқанын еске саламыз.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу