Күрзі жұдырықты жігіттеріміз кәсіпқой боксқа ауыса бастады
Соңғы екі жылда кәсіпқой бокс рингіне қазақ жігіттері де “тұмсық тығып”, жауыннан кейін жайқалып өскен қалың құрақтай қанат жая бастады. Әрі, тіл-көзіміз тасқа, жеңілістерінен жеңістері көп. Шетелдік мамандарды тамсандырып-сүйсіндіріп жүргендері қаншама?!
Кәсіпқой бокс шаршы алаңынан нәпақа тауып жүрген Солтүстік және Оңтүстік Американың, Еуропа мен Африканың білекті жігіттері "мына қазақтар қайдан келіп еді" деп “зар жылайтын” да шығар, әлі. Енді, карьераларын тәп-тәуір бастап келе жатқан шетелдік боксшылардың көбісі қазақтың күрзі жұдырықты жігіттерінен ұтылып, жеңілістің кермек дәмін татып жүр...
Байыптап қарап отырсақ, кейінгі бір-екі жылда жүрегінің түгі бар қазақ жігіттерінің біразы кәсіпқой боксқа ауыса бастады. Негізі, бұрындары да болған. Әйтсе де, соңғы кезде кәсіпқой бокс рингінде төбе көрсетіп жүрген тарланбоздарымыздың саны геометриялық прогрессиямен арта түскендей. Олардың нақты санын дөп басып айту да қиын...
Былғары қолғап киген қырандарымыз осылай, заман ағымына сай, шаршы алаңнан нәпақа тауып, еліміздің атын шығаруға көшті. Бәрінің де арманы – кәсіпқой бокс шыңына шығып, чемпион болу. Әрі қазақтың жігіттерінің жүректі, батыл екендігін дәлелдеу.
Кеше және бүгін
Жалпы, Қазақстан кәсіпқой боксының тарихы ХХІ ғасырдан басталмайды. Тамыры – одан әріде. Төрткіл дүниеге танылған шойын жұдырықты жігітеріміздің біразы қолғаптарын шегеге ілген. Осы ретте Василий Жиров, Марат Мәзімбаев, Серікжан Ешмағамбетов, Александр Мирошниченко, Вадим Присяжнюк, Бақытжан Аманбаев, Қанат Сиқымбаев, Виталий Демьяненко сынды саңлақтарымызды атап өтуге болады.
Одан кейінгі буынды атақ-даңқы он сегіз мың ғаламға жайылған GGG бастайды десек те болар. Нақтырақ айтқанда, Геннадий Головкин, Бейбіт Шүменов, Қанат Ислам, Роман Жайлауов, Иса Ақбербаев, Жанқош Тұраров, Жанат Жақиянов, Бекман Сойлыбаев сынды қайсар жігіттеріміз кәсіпқой бокс әлемін “шайқады”. Әлі де дүркіретіп тұр.
Бұлардың ізін басқан талантты жігіттеріміз де жетерлік. Айдар Шәрібаев, Берікбай Нұрымбетов, Батыржан Жүкембаев, Мадияр Әшкеев, Али Ахметов, Мейірім Нұрсұлтанов, Асхат Уәлиханов, Руслан Мырсатаев, Руслан Мәдиев, Абылайхан Құсайынов, Дәурен Елеусінов, Елдос Сарқұлов, Айдос Ербосынұлы және т.б. жігіттеріміз де қуатты соққыларымен және техникалық шеберліктерімен көзге түсіп жүр.
Соңғы жеңістер
Бір көңіл аударарлығы, кәсіпқой бокс рингіндегі Қазақстан бокшыларының көбісі бірнеше жекпе-жек өткізіп, әлі жеңілістің кермек дәмін татып көрген жоқ. Тек қарсыластарын оңды-солды жайпап келеді.
Мәселен, қайыс қолғапты қырандарымыздың “буы бұрқыраған” ең соңғы жекпе-жектеріне атүсті тоқталып өтер болсақ, осыдан екі-үш күн бұрын ғана Мадияр Әшкеев Америкада тәжірибелі Шон Кэмеронмен (АҚШ) кездесіп, жетінші раундта айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұл оның – сегізінші жеңісі һәм төртінші нокауты.
Дәл осы кеште Мейірім Нұрсұлтанов мексикалық Хавьер Ольвераны екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Бұл – "Астана Арландары" сапында шыңдалған Мейірімнің кәсіпқой бокс рингіндегі екінші кездесуі һәм екінші жеңісі.
Әлем чемпиондары енді шығады...
Кәсіпқой бокста 17 салмақ дәрежесі бар. Ал чемпиондық атақтар мен белбеулер бірнеше тұжырым бойынша сарапқа салынады. Әйтсе де, мәртебесі жоғары төрт-бес тұжырым бар. Алдағы уақытта, бәлкім, айналасы бес-алты жылдың ішінде болып қалар, осы 17 салмақтың біразында қазақ боксшылары әлем чемпионы болады деп үміттенеміз. Әрі жігітерімізге сенеміз, жеңіс пен табыс тілейміз.
Маруан Түсіп